Премьер-министрдің төрағалығымен өткен жаңа үкіметтің екінші отырысы осы мәселелерге арналды.

Асқар Мамин алдымен Премьер-министр кеңсесі басшысы Дархан Қалетаевті таныстырды.

Роман Скляр баяндамасында "қ, ғ, ө, ү, ң" әріптеріне мүдірмеді

Бұл кеше ғана отырысты қазақша жүргізген Мәжіліс төрағасының орынбасары Влдимир Божконы еске түсірді. Ол туралы Қуаныш Сұлтанов:

– Владимир Карпович, Сіз жиналысты қазақша әдемі жүргізіп жатырсыз. Мен сөзімді орысша жазып әкелгеніме ұялып отырмын, – деген болатын.


Роман Скляр / Фото informburo.kz

ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр баяндамасын толықтай қазақша жасады. Қазақша сөйлеймін деген Үкімет мүшелерін талай ұялтқан "қ, ғ, ө, ү, ң" әріптерін Роман мырза еш акцентсіз айтып, ойын анық жеткізді.

Ақылы жолдар қанша шақырымға жетті?

Роман Скляр:

– Биыл қаңтар айының соңына дейін 471 шақырым автожол ақылы жүйеге қосылды. Олар: Алматы – Қорғас – 295, Алматы – Қапшағай – 42, Астана – Теміртау – 134 шақырым.

2019 жылдың соңына дейін ақылы жолдан түсетін қаржы 5,4 миллиард теңге болады. Мұның ішінде аталған жолдарды күтіп ұстауға 3,2 млрд теңге кетеді деп жоспарланып отыр.

Келесі жылы 5500 шақырым жол ақылы қылу жоспарланған. 2022 жылы 6,5 мың шақырым жол ақылы болмақ. 40 млрд теңге қаржы түседі деп болжанды, – деді.

Әуе билеті құны екі есе арзандайды. АҚШ-қа ұшатын күн де алыс емес

Министр Роман Склярдың айтуынша, Fly Arystan әуе компаниясы кемі миллион жолаушыны Эйр Астана әуекомпаниясына қарағанда екі есе арзан бағамен тасымалдауды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, Эйр Астана әуекомпаниясымен бірлесіп Жапония, Нью-Йорк, Шанхай бағыттарына жол ашпақ.

АҚШ-қа ұшу рейсін аккредитациялау рәсімін жасалып жатыр. Үкіметаралық келісім жобасы дайын. Оған биыл наурыз айында қол қою жоспарланған. Бұйырса АҚШ-қа апта сайын ұшатын рейс ашылады.

2018 жылы транзиттік жолаушылар саны 900 мың адамға жеткен. Бұл 2017-ші жылғыдан (620 мың адам) 45%-ға жоғары. 2020 жылы транзиттік әуе жолаушылар саны 1,6 млн адамға жеткізу жоспарланып отыр.

Қала тұрғындарын орталықтанған сумен қамтуға әлі көп жыл бар

Министрдің сөзінше, жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желісі жүйелерін жаңғырту саласына бюджеттік кредиттеу және субсидиялау механизмдері іске асырылып жатыр.

2015-2018 жылдары 230 млрд теңгенің 404 жобасы іске асырылған.

3 259,7 километр жылу және су желілері тартылып, 24 қазандық, 71 қосымша құрылыс нысаны салынған. Осы арқылы желілердің тозуын 67%-ден 57%-ке түсірген.

2019 жылы осындай 317 жобаға – 175 километр желі тартуға 37,9 млрд теңге бөлініпті. Осылайша, 2025 жылы қала тұрғындары 100% орталықтандырылған су желісімен жабдықталмақ.

"Нұрлы жол" қанша адамға жұмыс берді?

Отырыс соңында қорытынды жасаған Асқар Мамин өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты өсімі 6,1%-ға, мөлшермен 1,5 трлн теңгеге жеткенін айтты. Көліктік қызметтің көлемі 4,6%-ға, еңбек өнімділігі 3,4%-ға өскен.

Барлық жобаларды іске асыру барысында 127 мың уақытша, 34 мың тұрақты жұмыс орны ашылған.

Премьер-министр "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" жобасы аясында 47 жаңа өндіріс орны ашылып, 73 қызмет көрсету нысаны құрылғанын, орташа жылдық жиынтық тиімділіктің 200 миллиард теңгеге жеткенін айтты.

Сағадиевтің реформасы жалғаса ма?

Отырыстан соң жапа-тармағай есік алдына шыққан Үкімет мүшелері ішінен ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиновамен сұхбаттастық.


Күләш Шәмшидинова / Фото informburo.kz

Күләш ханымнан Сағадиевтің реформасына қатысты сұрадық.

– Біз Сағадиевтің саясатын жалғастырмаймыз. Мемлекеттің білім беру саясатын жүзеге асырамыз. Әр министр өз реформасын енгізбейді. Мемлекеттің білім саясатына байланысты қабылданған шаралары бар. Міне, соларды біртіндеп енгіземіз. Бірақ, әр министр кейбір мәселеде асығуы мүмкін, кей мәселені тежеп, кей мәселеге өз ойы тұрғысынан қарауы мүмкін.

Жалпы Қазақстанның білім бағдарламасы биыл аяқталып, келесі жылы жаңа білім бағдарламасы қабылданады. Жаңа бағдарламада үлкен, күрделі өзгерістер туралы әңгіме айтылып отырған жоқ. Біз басталған шаруаны соңынан шығаруымыз керек, – деді.

Қай тілде оқыту ата-ананың құзыретінде және "үш тілдік" туралы

Жалпы Республикамызда қазақ тілінде оқитын балалар саны көбейгенін айтқан Күләш ханым мемлекеттің білім беру саясатын жалғастыратынын жеткізді.

– Біздің елде де орыс баласының қай тілде білім алуын заңға сәйкес ата-аналары таңдайды. Қазір заман талабына сай, балаларымыз ең бірінші, өз ана тілін – қазақ тілін білуі керек. Себебі, қазақ тілін біз тек Қазақстанда ғана дамыта аламыз. Екіншіден, жалпы интеграциялану үшін, басқа көрші мемлекеттермен жұмыс істеу үшін бізге орыс тілі мен ағылшын тілі қажет. Міне, осы жағдайға байланысты қазір мектептерде пәндер қазақ, орыс және ағылшын тілінде оқытылып жатыр", – деді Шәмшидинова.

"Елді көп шулатқан мәселе – ол пәндерді ағылшын тілінде оқыту" екенін айтқан министр қазір кадрлардың, мамандардың жетіспеуіне байланысты кезең кезеңмен жүретінін ескертті.

Ресейдегі жалғыз қазақша мектеп жабылды ма?

Үкімет отырысы біткенде ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровқа жолығып, әлеуметтік желіде гулеген "Ресейдегі жалғыз қазақ мектебінің" жағдайы туралы сұрадық:

– Ресейдің Алтай өлкесі, Керей ауылындағы мектептегі қазақ атауы алынып тасталған. Ресей Федерациясының 2018 жылы өзгертілген "Білім туралы заңына" сәйкес шетелдік оқулықтарды пайдалану шектелген. Бірақ қазақтар көп қоныстанған өңірлерде қазақ тілі факультативті сабақ ретінде өткізу міндеттелген. Біз осы іс бойынша Ресейдегі әріптестермен сөйлесіп жатырмыз. ҚР Білім министріне де хабарладық, – деді Айбек.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова:

– Ресейдегі "қазақ мектебінің жабылуы" туралы оқыдым. Біз Ресей білім министрлігімен әріптестік байланыстамыз. Жалпы білімді қай тілде алуды ата-ана таңдайды. Ресей ол мектепті жапқан жоқ. – деді.

Министр ханым Ресейдегі кей қазақ мектептеріне бұрын Қазақстаннан оқулықтар жеткізіліп келгенін тілге тиек етті. Жуықта Ресейдегі қазақ мәдени орталықтарының біраз басшылармен кездесу өткізгенін де ескертті.

Ауғанстанға баруға дайынбыз

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бір бөлім басшылары брифинг өткізіп, журналистердің сұрауларына жауап берді. Информбюро тілшісі Қазақстанның сыртқы саясатындағы Ауғанстанға инвестиция және жол салу мәселесіне қатысты шаралар туралы сұраған еді.

Вице-министр Өскенбаев Қайырбек Айтбайұлы:

– Біздің кәсіпкерлердің тәжірибесі мол. Егер онда баруға мүмкіндік туып жатса, баруға дайын. Біз компаниялардың тізімін жасап, ҚР Сыртқы істер министрлігіне бердік. Онда қаржы болса, бізден барып жұмыс істегісі келетіндер жеткілікті, – деді.

Ауыл жолдары ауыр техникаға шыдамайды

Амангелді Беков, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

– Бізде ауылға ескі және жаңа материалдарды пайдаланып жол төсейміз. Ол жолдар 10 жылға шыдайды. Биыл "Бағдарлама аяқталады, үлкен жоспарлар бар. Республикалық маңызы бар 4,4 шақырым жол реконструкцияланып, 5 мың шақырым жергілікті жол жөнделеді.

Алайда ауыл жолдарында ауыр техникалар жүрсе, тез бұзылады, – деді.

Оның сөзін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Айтбайұлы Өскенбаев жалғастырды. Ол еліміздегі ауа райы мен жер түзілісінің өзгешелігіне байланысты шетелдің озық технологияларын қолданудың қиын екенін айтты.

Оқи отырыңыздар: Жаңа Үкіметтің алғашқы жиналысы 10 минутқа созылды