Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді.

Ұйымға мүшелік Қазақстанға не береді?

Мәжілісте баяндама жасаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев атом саласын технологиялық әлеуетті дамыту тұрғысынан елдегі ең перспективалы салалардың бірі деп атап, CERN ұйымымен аталған келісімді құрудың бізге тиімді деп мәлімдеді

– Қазақстан Республикасының атом саласы – Қазақстанның ғылыми және индустриялық технологиялық әлеуетін дамытатын қозғаушы күш. Біздің ғылыми-техникалық адами әлеуетіміз қазіргі уақытта ядролық физика және қолданбалы зерттеулер саласындағы ең маңызды мәселелерді шешуге жетеді, – дей келе,

– Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының және Ядролық физика институтының ғылыми мекемелерінде үш атомдық зерттеу реакторы және басқа да ядролық қондырғылар жұмыс істеп тұр. Ядролық қуатты арттыруға күш-жігер жұмсаудың арқасында Қазақстан қазіргі уақытта іргелі және қолданбалы ядролық физика, ядролық және радиациялық технологиялар бойынша өз бетінше жұмыс атқара алатын елдер қатарына енді. Бұл бізге ең дамыған елдермен тең жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деді.

Бозымбаевтың пікірінше, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық және жобаларға қатысу академиялық қоғамдастықтың күш-жігерін, ғылыми және білім әлеуетін біріктіруге жол ашады. Оған қатысушылардың ресурстары мен мүмкіндіктерін оңтайлы пайдалану арқылы жетеді.

– CERN-мен ынтымақтастық біз үшін аса маңызды. Әрі оның келешегі зор. Біріншіден, ол ресурстарды басым бағыттарға шоғырлауға, яғни алдымен іргелі білім алуға бағытталады, кейін технологиялар бойынша болашаққа серпінмен жол бастайды.

Екіншіден, халықаралық жобалар аясында тұтас ғылыми кластер, толыққанды инновациялық инфрақұрылым қалыптасады. Бұл іргелі білімді жаңа технологиялар мен өнімдерге түрлендіруге, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырумен айналысуға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді министр.

Бұл – 10 мыңнан астам ғалым жұмыс істейтін ұйым

Министрдің айтуынша, аталған мақсатта 2016 жылы Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен ынтымақтастықты дамыту жұмысы басталды.

– Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы(CERN) – қарапайым бөлшектер физикасын зерттеу саласында әлемдегі жетекші ұйым. CERN-нің үлкен коллайдері – өзінің ауқымы мен күрделілігі бойынша бірегей инженерлік, ғылыми кешен. Жоғары энергиялар физикасы мен бөлшектер физикасы саласындағы табысты зерттеулерді көптеген ел ғалымдарымен бірлесіп қана жүргізуге болады, яғни әлемдік ғылыми интеллектіні шоғырландыру қажет, – деді.

Қазіргі уақытта CERN-нің кеңес құрамына 23 ел кіреді. Бұған қоса, кейбір елдер мен халықаралық ұйымдар бақылаушы ретінде қатысады. CERN-де 2400-ге жуық ғалым тұрақты жұмыс істейді, оған қоса әлемнің 113 елінің 580 университеті мен институтынан 10 мыңнан астам физик, инженер CERN-нің халықаралық эксперименттеріне қатысып, уақытша жұмыс істейтін көрінеді.

Ұйымға мүшелік қымбат

Ұйымға мүше болу үшін мүшеліктің түріне қарай Қазақстан ұйымға13-15 млн Швейцария франкі, кей жағдайда 200 млн Швейцария франкіне дейін мүшелік жарна төлеуі керек. Дегенмен, қазіргі таңда Қазақстан ұйымның толыққанды мүшесі болайын деп жатпағанымен, министрдің айтуынша, алдағы уақытта мүшелікке өту қарастырылып отыр. Алайда, мүшелікке талаптанбас бұрын, әзірге отандық ғалымдар ұйымның ғылыми жұмыстарына араласып, нәтиже көрсетуі керек.

Осы орайда, мәжілісмендер де халықаралық ұйыммен ынтымақтастыққа мүдделі болып отыр. Ядро энергетикасынан бөлек ұйым медицина, фармацевтика, мал шаруашылығы, ядролық физика секілді бірнеше салаларда ғылыми жаңалықтар ашады. Ұйымға мүше бола отырып, Үкімет Нұр-Сұлтан қаласында онкологиялық орталық құруға да ұйымның ғылыми жұмыстары мен тәжірибесін пайдалана алар еді. Депутаттардың пікірінше, мұнда онкологиялық аурулардың диагностикасын жасау ғана емес, алдын алуға да мүмкіндік бар.

Үкімет енді экологияны қатаң бақылай ала ма?

Мәжілістің жалпы отырысында сонымен қатар Қанат Бозымбаев энергетика министрлігінің кей құзіретінің жаңадан құрылған экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне өтуі мен оның басшылығына өз орынбасарының тағайындалуына қатысты пікір білдірді.

– Мағзұм Маратұлы – тәжірибелі басшы. Ол алты жылдан астам уақыт бойы энергетика вице-министрі ретінде түрлі саланы қадағалады, оның ішінде жер қойнауын пайдалану бағытымен айналысты. Сонымен қатар еліміздегі геологиялық проблемаларды да жақсы біледі. Экология мәселелерін жақсы түсінетін маман. Менің ойымша, Мағзұм Маратұлы өте сауатты әрі қазіргі заманғы талаптарға сай. Ол жинақтаған тәжірибесі мен білімін көрсетеді, өзіне жүктелген сенімді ақтайды деп ойлаймын, – деді Қанат Бозымбаев.

Жалпы, экология мәселесі жаңа министрлікке қарауы жер қойнауын игеруші компаниялар мен жалпы экологияға қатысы бар бизнес субъектілері үшін үлкен сигнал. Үкімет пен Парламенттің бұдан былай қоршаған орта тазалығына қатаң қарайтыны Мәжілістің бүгінгі отырысында да білініп, алдағы өзгерістердің шет жағасы шығып қалды.

Қоқыс өңдеуші кәсіпорындар жетіспейді

Үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбекке жасаған депутаттық сауалында Арман Қожахметов қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесіне тоқталды. Депутаттың айтуынша, Қазақстанда қазіргі таңда қатты тұрмыстық қалдық төгілетін 3520 орын бар. Соның 82,4 пайызы экологиялық және санитарлық нормаға сай емес. Оған қоса басым көпшілігі қазір аузы-мұрнынан шыға лық толы. Қоқыс төгетін орындарда қазір 100 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық үйіліп тұр. Жыл сайын 5-6 млн тоннаға көбейеді. Мұның бәрі қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіреді және Үкіметтің жедел араласуын қажет етеді.

– Сонымен қатар, қазіргі таңда Үкіметте бұл қоқыс алаңдары мәселесін шешетін ешқандай бағдарлама жоқ. Және де кейбір қоқыс түрлерін тастауға тіпті тыйым салынды. Мұның бәрі халықты да, бизнесті де тығырыққа тіреді, – деді депутат.

Дегенмен, қазіргі таңда елде 130-дей қоқыс өңдеу кәсіпорындары бар. Барлығы дерлік үлкен қалаларда орналасқан және көпшілігі шағын ғана. Әйнек пен пластик секілді қалдықтарды қабылдайтын кәсіпорындар республика бойынша саусақпен санарлық қана екен.

– Ал шағын қалалар мен аудандардағы кәсіпкерлер қалдықтарды осы ірі қаладағы кәсіпорындарға тасуға мәжбүр. Монополистер үшін де, халық үшін де қосымша шығын, – дейді депутат.

Қазақстанның әр қалада және ірі аудан орталығында қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі инфрақұрылымы болуы тиіс деп атап өтті депутат.

Осы орайда ол жұмыс істеп тұрған ТҚҚ және өнеркәсіптік қалдық полигондарын түгендеуді, олардың заңнаманың санитарлық, экологиялық нормаларына сәйкестігін тексеруді ұсынды.

Оның айтуынша, жұмыс істеп тұрған полигондарды санитарлық және экологиялық талапқа сәйкестендіру жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ қалдықтарды сұрыптауға, қайта өңдеу мен көмуге арналған қажетті жабдықтарды сатып алуды қаржыландыру көздерін айқындау керек.

Қожахметов тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үшін жеке инвестициялардың тартылуын ынталандыру қажет деді.

Жаңа экологиялық кодекс дайындалып жатыр

Мәжіліс отырысында министр Қанат Бозымбаев жаңа экологиялық кодекстің 80 пайызы дайын деді, яғни, жыл соңына дейін экологиялық жаңа кодекс қабылданып, кәсіпорындарға қоршаған ортаны қорғау бойынша жаңа міндеттемелердің жүктеліп қалуы ғажап емес. Өз сөзінде Бозымбаев: "елдегі экология мәселесі – күн тәртібіндегі ең өткір проблемалардың бірі" дей келе, осы сала бойынша арнайы жаңа министрліктің құрылуын дұрыс шешім деп бағалады.

Қазіргі таңда республикадағы ең экологиялық лас қалалардың басында Нұр-Сұлтан, Алматы, Теміртау, Өскемен, Атырау, Павлодар мен Қарағанды тұр. Министрдің айтуынша, кей өңірлерде өндіріс орындары, кей қалалар үшін автокөліктің көптігі, енді бір қалаларда жылыту кәсіпорындары қоршаған ортаға зиянын тигізіп жатыр.