ҚазАвтоЖол: Алтын Орда жол айрығын биыл аяқтау үшін екі ауысыммен жұмыс істейміз
"Алтын Орда" жол айрығы құрылысында Ақсай өзені арқылы өтетін көпір, үш жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынып бітті."QazAvtoJol" АҚ Алматы облыстық филиалы директоры Болатбек Айтбаев Алтын Орда жол айрығының құрылысы жайында баяндады.
2017 жылы Алматы – Бішкек тас жолындағы Алтын Орда базары аймағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын жасайтын мердігер анықталып, 2018 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған. 2019 жылы пайдалануға берілу керек болған жол құрылысы төрт жыл бойы салынып жатыр. 2020 жылы карантин шаралары қабылданып, блок-бекеттері қойылған соң жұмыс 3,5-4 айға тоқтаған.
Оқи отырыңыз: Құрылысы үш жылда бітпеген үш жолайрық: 145 жер телімі әлі босатылмаған
"Бүгінде нысанда Ақсай өзені арқылы өтетін көпір құрылысы аяқталды. Үш жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Бас магистраль құрылысы 60 пайызға бітті. Жолдың барлық бөлігіне екі қабат асфальт-бетон төселді. Қолайсыз ауа райына байланысты жұмыс қарқыны бәсеңдеп қалды. Бетонды жылы кезде төсеу қажет. 5 сәуірден бастап екі ауысымды жұмыс кестесін бастаймыз. Жыл соңына дейін барлық жұмыс аяқталуға тиіс. Қажет болса, қосымша күш пен ресурс жұмылдырамыз", – деді "QazAvtoJol" АҚ Алматы облыстық филиалы директоры Болатбек Айтбаев.
Жобаның жалпы ұзындығы – 3,8 км. Қозғалыс жолақтары он жолаққа дейін артты: транзит көліктеріне арналған төрт жолақ, жергілікті көліктерге арналған төрт жолақ және екі автобус жолағы.
Оқи отырыңыз: Әйгілі "Алтын Орда" жаңартылу үшін бұзылды. Бұл базардағы "жабайы сауданы" тоқтата ала ма?
Сондай-ақ, Болатбек Айтбаев Үлкен Алматы айналма жол құрылысы қалай жүріп жатқанын да баяндады.
"Бұл жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік механизмі бойынша жүзеге асырылады. Салынып жатқан жол Алматы көшелеріндегі транзит көліктері жүктемесін азайтуға бағытталған. Жалпы ұзындығы – 66 км. 52,5 км – алты жолақты, 13,5 км – төрт жолақты. Нысанда шамамен 31 көпір, 7 жол айрығы, 12 әкімшілік ғимараты салынады. Жол – ақылы. Нысанды пайдалануға беру қаладағы көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік береді", – деді ол.
Үлкен Алматы айналма жолын 2021 жылы қолданысқа беру жоспарланған.