Республикалық газеттердің үздік бестігіне "Егемен Қазақстан", "Казахстанская правда", "Полиция KZ", "Қазақстан теміржолшысы" және "Ұйғыр авази" басылымдары кірді. Аймақтық көшбасшылар арасында  "Жетісу", "Ақтөбе", "Оңтүстік Қазақстан", "Аq Jol", "Орталық Қазақстан" газеттері бар.

"Қазпошта" АҚ мәліметінше, ел бойынша барлығы 170 рес­публикалық және 543 аймақтық газет жазылым бойынша таратылады. Жазылудың жалпы көлеміндегі республикалық басылымдардың үлесі 44%, өңірлік басылымдардың үлесі 54% құрады. Тираждың 2%-ы халықаралық мерзімді басы­лымдарға тиесілі. Сондай-ақ, қазақ­стандықтар "Қазпошта" АҚ арқылы еліміздің және Ресей, Беларусь, Украина мемлекеттерінің 3 мың­­нан астам газет-журналдарына жазылу мүмкіндігіне ие.

Газеттер мен жур­налдарға жазылу ауылдарда көп тіркелген. Жазылудың жалпы көлемінде оның үлесі 71% құрайды. Ауыл тұр­­ғындары облыстық, қалалық және аудандық басылымдарға жазылғанды (жалпы тираждың 58%-ы) жөн көреді. Жазылу бойын­ша Қазақстанның өңір­лері арасында Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Жам­был облыстары көш бас­тап тұр.


Оқи отырыңыз: Аты бір, заты басқа. Қазақ баспасөзіндегі "егіздер"


"2020 жылдың қорытындысы бо­йынша жазылудың жалпы көлемі 90,3 млн дананы құ­рады. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығына жазылу 5 сәуір күні басталды. Жыл соңында көр­сеткіштер 25-30% өседі, бірақ тұтастай алғанда өткен жылдың көрсеткішінен аспайды. Біз электронды басылымдарға көшу – жалпы әлемдік тренд екенін түсі­не­міз. Оны қазақстандық статистика да растайды", – деді "Қазпошта" АҚ "Пошталық сервис" филиа­лы дирек­торы­ Нұржан Жабаев.

Республикалық және аймақтық басылымдарға 25 маусымға дейін, шетелдік газет-журналға 10 маусымға дейін жазылуға мүмкіндік бар.