Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, қазақстандық 14 жоғары оқу орны Quacquarelli Symonds World University Rankings халықаралық академиялық рейтингіне енді. QS WUR – әлемдегі ең беделді рейтингтердің бірі болып табылады. Сондай-ақ биыл кейбір университеттер рейтингте бірнеше орынға көтеріліп, өз позицияларын нығайта түсті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кезекті рет 175-орынға тұрақтап, әлемнің 200 үздік университетінің қатарына енді. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 90 позицияға көтеріліп 328-орынды, ал Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті 482-орынды иеленіп, үздік 500 оқу орнының қатарынан көрінді. Сонымен қатар рейтингке Satbayev University, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті кірді.

"Рейтинг тарихына көз жүгіртсек, биыл оның құрамына қазақстандық жоғары оқу орындарының рекордтық саны кірді. Рейтингке енгізілген 14 жоғары оқу орнының жетеуі соңғы жылы өз позицияларын жақсарта түсті. Бұл қазақстандық жоғары білімнің халықаралық деңгейдегі танымалдылығының арта түскендігін көрсетеді", – деді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.


Оқи отырыңыз: Әлемнің ең үздік 500 университетінің тізіміне қазақстандық үш ЖОО ғана енді


Жоғары оқу орындарының позицияларын есептеу кезінде рейтингте академиялық топтар мен жұмыс беруші ұйым өкілдерінен жиналған сауалнамалардың нәтижелері, сондай-ақ 2015 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңдегі 14,7 миллион жарияланым ескерілгенін атап өткен жөн. Әлемдік рейтингтерде ілгерілеу – қазақстандық білім беру сапасының одан әрі жақсара түсуінің және университеттердің жоғары мәртебесінің айқын дәлелі болып табылады.