"100 өлең" байқауының жеңімпазына автокөлік сыйға беріледі
"Assyltas қоғамдық қоры "100 өлең" байқауын жариялады. Жеңімпазға Lada Granta көлігі тарту етіледі.Assyltas қоғамдық қоры дәстүрлі "100 өлең" байқауын ұйымдастырып жатыр. Биыл оған қатысуға 433 адам өтініш берген. Қатысушылардың арасындағы жиырмасы – мектеп оқушысы.
Шарт бойынша, байқауға өтінім бергендер 10 наурыз бен 20 маусым аралығында ұйымдастырушылар топтастырған қазақ ақындарының 100 өлеңін жаттап үлгеруі тиіс. Сол күні Zoom платформасы арқылы өтетін сайыста, қазылардың алдында жаттаған өлеңдерін мүдірмей айтып беруі қажет. Ал сол конференцияда іріктелген кіл мықтылар республикалық байқауға жолдама алады.
"Республикалық байқауға осынша адам өтеді деген шектеу жоқ, лайықтының барлығын өткіземіз. Қазір өтініш білдіргендер көп болып тұр. Бірақ, олар 100 өлеңді жаттай алмай немесе жаттағанын ұмытып, орта жолда қатысудан бас тартатын болады. Біздің болжаммен республикалық байқауға шамамен 25 адам өтетін шығар" , – деді қоғамдық қордың жетекшісі Рауан Оқас.
Оқи отырыңыз: Дәстүрлі "Абай әлемі" ғылыми байқауы жарияланды. Оған Қазақстанның барлық студенттері қатыса алады
Рауан Оқастың айтуынша, республикалық байқау 27 маусымда Алматы қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Ұлықбек Есдәулет, Жүрсін Ерман сынды ақындар бастаған қазылар алқасы ақтық сынға шыққандарға ұсынылған 100 өлеңнің кез-келген жерін айтып, әрмен қарай іркілусіз жалғастыруын сұрайды. Осындай сынақтардан мүдірмеген екі адам финалға шығады.
"Финалға шыққан екі адам бір-біріне өлең жасыру арқылы бір-бірін сүріндіруге тырысады. Бұл байқауда жасқа шектеу жоқ, кішкентай баладан бастап, үлкен кісіге дейін қатысса болады. Өтініш білдіргендердің арасында көптеген республикалық көркемсөз оқу байқауларының жеңімпаздары бар. Тіпті актерлер де бар. Сондықтан, биылғы байқау тартысы өтейін деп тұр. Бұл жерде басты талап – өлеңді жатқа айту ғой. Кез-келген жерінен сұраған кезде шатаспауына мән беріледі. Егер тең болып, жеңімпаз анықталмай жатса, онда сахнада өзін өзі ұстауына, мәнерлеп оқуына мән беріледі", – деді Рауан Оқас.
Ұйымдастырушылар бас жүлдеге Lada Granta автокөлігін тігіп отыр. Дегенмен, финалға өткен барлық қатысушы сыйлықсыз қалмайды. Екінші және үшінші орын иеленгендерге қомақты сыйлық беріледі.
Жобаның мақсаты – қазақ ақындарының өлеңдерін барынша насихаттау. Ұйымдастырушылар, сайысқа қатысушылар 100 өлеңнен жаттау арқылы, бұл мақсатты орындайды деп есептейді. Қазақ ақындарының еңбегі мен көркем сөз оқушыларын қолдауға бағытталған байқау келер жылы да жалғасын табады. Ұйымдастырушылар болашақта бұл байқауды телевизиялық жобаға айналдыруды көздеп отыр.