Қайрат Нұртасқа карантин талабын бұзғаны үшін айыппұл салынды
Мейрамханада болған 80-нен астам адам полиция бөліміне жеткізілген.Алматыда мониторинг тобы мен қалалық штаб қызметкерлері мереке күндері жұмысын тоқтатпаған мейрамхананы анықтады. Қонақтардың арасында әнші Қайрат Нұртас та бар. Карантин талаптарын сақтамаған әр қызметкер мен келушіге 30 АЕК немесе 87 510 теңге көлемінде, ал мейрамхана иесіне 670 мың теңге шамасында айыппұл салынды.
"Алматы қаласында жүргізілген рейд барысында мониторинг топтары ойын-сауық мекемелерінің бірінде 80-нен астам адамның қатысуымен іс-шаралар өткізу фактісін анықтады. Келушілер арасында Қайрат Нұртас болды. Әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасын жасау үшін ол өзге адамдармен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Барлығына 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды", – деді Алматы қаласының санитарлық-
эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.
Оқи отырыңыз: Карантин талабын бұзған ресторан қонақтары арасында Қайрат Нұртас та болды
Қайрат Нұртас Instagram парақшасында осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Алматыда ағаларымыздың туған күніне барып едік. Дәл мені ұстағысы келді ме, білмеймін. Маған қарап қалды ма? Алланың көзі тура болсын. Құдай бар ғой. Жақсылық болсын", – деді ол Instagram Stories-те.
Almaty.tv мәліметінше, мониторинг тобы мен қалалық штаб мамандары есікті ұзақ уақыт ашпаған мейрамхананы үш сағат қоршауда ұстаған. Электриктерді шақырып, жарық жүйесін кескен. Үш сағат өткен соң мейрамхана қонақтарының бірі есікті ашып берген. Келушілер де, қызметкерлер де Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, олардың үстінен әкімшілік құқық бұзушылықтың 425-бабына сәйкес хаттама толтырылған.