Келінді "келсап" қылатын ене ме, әлде үйдегі тәрбиеден бе?
Соңғы кездері ене де, келін де отбасындағы өз орынын ұмытқан секілді. Дәл осы себептен келін мен ене арасындағы жанжалдың соңы көбіне отбасының күйреуіне әкеліп соғады.Тіпті ішкі сырын әлеуметтік желіге жайып салатын келіндердің сөзін көбіне өзге қыз-келіншектер қолдап жатады.
Шаңырақтың берекесін молайтып, мерекесін келтіретін ене мен келін
Қазақстанда әр аймақта келін тәрбиесіне әртүрлі қарайды. Бірі келінді қызындай көрсе, бірі қазақы салтты, тәрбиені бойына сіңіріп, үйдегі ата-енені сыйлатуға барынша күш салады. Тіпті қайын жұртын атымен ататқызбайды. Бұл үрдіс Қызылорда, Шымкент сияқты қазақтар тығыз қоныстанған аймақтарда сақталып қалған.
Оқи отырыңыз: Қыздың тәрбиесіне қырын қарамаған қазақ неге оны назардан тыс қалдырып алды?
Десе де, бұл салт келін мен қайын жұрт арасында өзара сыйластықтың қалыптасуына әсер етеді. Он жылдан астам келін болып отырған Әйгерім өзі түскен отбасының салт-дәстүрді берік ұстанатынын айтады.
– Босаға аттаған күннен бастап, енем маған қайын інілерім мен сіңлілеріме ат қоюды тапсырды. Арадағы сыйластықтың берік болуына осы ат қою дәстүрінің көп ықпал ететініне уақыт өте келе көзім жетті. Басыңа орамал тағып, арнайы тігілген құрақ көрпесінің үстінде отырып, шай құю – бір өнер екен. Мен бір қайынсіңлімді Еркежан, бірін Қаракөз деп атаймын. Жалпы ат қою үрдісін бала кезімнен естіп жүретінмін. Әжемнің бауырында өскендіктен, өз анамды жеңеше деп атаймын. Анам да қайныларын атымен атаған емес. Құлағымызға жанама аты сіңіп кеткені соншалық шын атын ұмытып қалатынбыз. Сыртынан да атын атау ұят нәрсе. Жорамалдап, боксер бала, дәрігер қайным деп айтсаң, туған-туыстар түсініп отырады.
Оқи отырыңыз: Қазақ қоғамында бала тәрбиесіндегі әженің рөлі қандай болған?
Қайынсіңлінің көмегі
– Жаңа ортаға тез бейімделіп кетуіме, маған қайын сіңлім көп көмектесті. Еркежан деп қойған аты да өзіне сай. Үнемі әңгімесін айтып жанымда жүреді. Қанша жылдан бері қайын сіңліммен сөзге келмеуіме де өз атымен атамайтыным себеп болған шығар деп ойлаймын.
Бір таңқаларлығы енем маған ешқашан "келін, ананы істеп таста" деп зекіп сөйлеген емес. Мынадай шаруа бар еді, мен ақырындап істей берейін десе, санасы бар келін енесінің орнына өзі жүгірмей ме? Мен енемнің сол қасиетіне риза болатынмын. Үйге үйреніскен соң "мына шаруаны істеп келе ғой" десе ұшып тұрып, жүгіре жөнелетінмін. Енді сол енемнен көрген тәрбиемді келіндерімнің бойына сіңіремін, – дейді Әйгерім.
"Бейәдеп қызды қайта тәрбиелеу мүмкін емес"
Драматург Сая Қасымбек қыз баланың тәрбиесі отбасынан басталады дейді. Оның айтуынша, қыз бала отбасында бейәдеп қылықтарды көріп өссе, оны қайта тәрбиелеу мүмкін емес.
Оқи отырыңыз: Қазақ отбасында әкенің орны қандай болған? Қазір қандай?
– Келін мен ене арасындағы бет шайысу содан басталады. Қазірден бастап мен немере қыздарымды болашақ ана, келін етуге дайындап жатырмын. Өйткені өнегелі қыздан, өнегелі келін, сосын өнегелі ене шығады.
Менің жақын құрбыма тойда келінінің анасы "құдағи, қызым көп уақытын білім алумен өткізді. Үй шаруасына икемі жоқ. Өзің тәрбелеп аларсың" деп тапсырды. Сөз кезегі тигенде мен келіннің анасына "құдағи, біз тәрбиеленген келін алдық деп қуанып отырсақ, менің құрбымды тәрбиеші қылып қойдыңыз ғой. Қыз отбасынан тәрбиеленіп келу керек" дедім. Құдағи шамданып қалғанмен, артынан қателігін мойындады.
Сондықтан біз көбіне баланың болашағы туралы ойлағанда алдымен сол болашақтың иесі, ұядағы балапанның тәрбиесіне мән бере бермейміз. Содан отбасында жанжал, түсінбеушілік туады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мектептерінде жыныстық тәрбие сағатын енгізу басталды
"Келінді қызыңдай қабылдау дұрыс емес"
– Ене мен келін академиясы бұзылмау үшін әркім өз орнын білу керек. Қыз бала еркелігінің барлығын өз үйінде қалдырып, енесіне көрсетпеуі керек. Ал енеге келініне үлгі бола білу керек. Мен жұмыс жасап отырғанда келінім жаныма келіп, "Қандай шай ішесіз?" деп сұрайды. Менің қалауымды әкеліп бергенде "Алла разы болсын" деп рахметімді айтып, оның сауабын көбейтемін. Осылайша келін үлкеннің батасын алып, сауап жинаса, жолы ашылып, ырысы көбейеді, – дейді Сая Қасымбек.
Ат қойса, әдептен озбайды
– Ат қою арадағы әдептіліктен аттап кетпеуіне себеп болады. Келінім арасы үш жас болса да қайнысына "Ерке бала" деп ат қойды. Ал қайынінісі "жеңеше" деп, артық қылық көрсетпей, сыйлап тұрады. Көптеген отбасыларға бара қалсаң, ашық-шашық киім үлгісіне қарап, қайсысының қызы, қайсысының келіні екенін ажырата алмайсың. Осындай отбасындағы адамдар арасында әдептілік, инабат, мәдениет деген қалыптаспағандықтан бауырмалдық, сыйластық қасиеттері жоғалады.
Ал орамал таққан келінді көрген кез-келген адам аяғын тартады. Ажырасудың көп болуы ғасырлар бойы қалыптасқан ене мен келін академиясының күйреуінен деп ойлаймын. Әрі қыздардың оқуға көп ден қоюы, шетелден білім алуға құштарлығы, шетел мәдениетін бойына сіңіруі себеп болып отыр.
Оқи отырыңыз: "Секс туралы айтсаң, күле бастайды". Қазақтілді жасөспірімдердің жыныстық сауаты неге төмен?
Келінді келсап қылып жіберетін де енелер бар
Сонымен қатар Сая Қасымбек енелер тарапынан да көптеген қателіктердің болатынын алға тартты. Оның айтуынша, кейде тәрбиелі қыз өнегесіз ененің қолына келін болып түссе, келсап болып шығады. Өзін патша сезініп қалатын енелер бар.
– Келінінің енеге деген құрметін түсінбей, кейбір енелер аузына келгенін айтып жатады. Ал қызына сол сөздерді біреу айтса, шамданып шыға келеді. "Шахмардан" деген пьесаны жазатын кезде мен жыландардың тарихын зерттедім. Жалпы қазақта жыланды шұбар деп атаған. Оның адам баласына зияны жоқ момын болған. Бір күні жылан мал жайып жүрген қойшының отына түсіп кетеді де, шұңқырға қарай домалап кетеді. Шұңқырдан шыға алмай, сол күйі қуырылып қалған жылан етін қарны ашып отырған қойшы жеп көріп, ұнатып қалады. Содан бастап, адамдар жылан етін жейтін болған. Ал жылан өзін қорғау үшін денесіне у жинаған. Содан бастап жер астына түскен екен. Келін де сол сияқты енесінен тек қорлық көре берсе, тілі шығып, қорғануды үйренеді. Бейәдеп ене келінді соған жеткізеді.
Ақша мен келін
Ене мен келін арасындағы жанжалдың тууына тағы бір себеп – ақша. Көбіне енелер келіннің табысын соңғы тиынына дейін санап алып, жұмсағанды жөн көреді. Бұл жөнінде Сая Қасымбек:
– Мен балам мен келіннің табысына араласып, қадірімді кетіріп, қазбалап сұрамаймын. Өйткені ене өзін сүйкімсіз етіп көрсетпеуі керек. Олар айлық жалақыларын алған кезде өздері де табысының бір бөлігін коммуналдық төлемге тағы да басқа шығындарға деп беріп тұрады. Сол да жеткілікті. Өйткені олардың өз қажеттіліктері бар екенін ескеру керек. Сондықтан қаржы мәселесін де дау туғызбай оңай шешуге болады, – дейді.
Оқи отырыңыз: Гендерлік тең(сіз)дік. Қазіргі қоғамда қазақ қыздары қандай білім алып жүр?
Ат қоя білу – өнер
Халқымыздың бойына сіңген дәстүр бойынша, келін бала алдымен түскен жерінің үлкен-кішісіне, ерлер мен әйелдеріне өзінше ат қоя білуі тиіс. Ол қазақта "ат тергеу" деп аталады.
Ат тергеу дегеніміз – қайын жұртын тікелей атымен атамай, арнайы ишаралап ат қою дәстүрі. Бұл – жас келіннің түскен жеріне, күйеуінің туыстарына деген ізгі құрметінің, әдебінің игі көріністерінің бірі болып саналады. Ат тергеу кезінде жаңа түскен келіннің тапқырлығы, сөзге шешендігі, жарасымды әзілқойлығы да сынға түсетін болған.
Жас мөлшеріне, мінезіне, келбеті мен бойындағы ерекше қасиетіне, болмыс-бітіміне, туыстық қатынасы мен мәртебесіне қарай қисынын келтіріп, ұтымды ат қоя білуі – келіннің тапқырлығы мен даналығының көрінісі ретінде бағаланады. Ұлттық дәстүр жолымен әйел адам қайын атасының, қайын аға, қайын іні-сіңлісінің атын атамай, өзіне лайықты жарасымды ат қояды.
Мысалы, "үлкен ата", "бай атам", "ақ әже", "кенже бала", "ерке бала", "мырза жігіт", "төре жігіт", "мырзатай", "би ағам", "шырайлым", "кекілдім", "арайлым", "сырғалым", "шашбаулым", "күлімкөз", "шашбаулым", "еркем", "ерке қыз" т.с.с. Бойы кішілеу інісін "сұңғағым", жайбасарды "жүйрігім" деп те атап жатады.
Бұл – сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі. Ақсақалдар мен өзінен үлкенді "ата", "әке", "ереке", "жәке" деп құрмет көрсету осы дәстүрден туындаған. Осы бір әдет-ғұрыптан жасы үлкен адамды сыйлаудың озық мәдениетін көруге болады.
Келінді ақылмен тәрбиелеу керек
Қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп жүрген Зейнеп Ахметова баспасөзге берген сұхаттарының бірінде келін мен ене қарым-қатынасы жайлы былай деген екен:
"Қазіргі келіндердің бәрі бірдей шетінен сүттен ақ, судан таза деуден аулақпын. Ол әрине, үйде көрген тәрбиесіне, ұшқан ұясының тектілігіне байланысты. Дегенмен әңгімені енелерге бұрғым келеді. Қазақ жат жұртқа келген келінге тұра бас салып зекімеген, ешқашан жасытпаған, әбден сол үйге балдай батып, судай сіңгенше қамқор болып, көңіліне қаяу түсірмей тәрбиелеуге тырысқан. Ал, қазіргі енелердің көбісі келінін кемсітуге, сыртқа шығып жамандауға дайын тұрады.
"Келін ененің топырығынан" деген бекер айтылмаған, сондықтан ене бірінші болып келініне мейіріммен қараса, шектен шыққан жері болса айыптаудан бұрын, ақылмен, жылылығымен жөнге салса, келіннің келсап болмасы анық. Өзім де келінді болдым, немерелерімді бақтым, алдымен қамқорлығымды аямадым, жемісін Аллаға шүкір, көріп отырмын.
Жат жерге келген келін неге өзін еркін сезінбеуі керек? Неге өз ойын ашық айтпауы керек? Көзге тура қарау, ойыңды ашық айту деген маған атамнан қалған тәрбие, өсиет. Мен оны өз келініме де үйреттім. Одан жаман болмадық. Баламды үйлендіре салысымен бөлек отау етіп шығардым. Мұны да мен ата-баба салтын сақтау мақсатында орындадым. Қазағымнан қай өнеге, қай мәдениет, қай әдеп қалған дейсіз...
Жасырары жоқ, талай қазақ келіндерінің бұйығы болып қалуы сол ененің дұрыс бағытты сілтемей, керісінше зекіп, басып тастауы, оның іштен тынып, ашылмай қалуына, қала берді туыс-жарандармен аралас-құраласы жараспай кетуі де соның кесірінен болып жатады.
Баласын келініне қарсы қойып, өзін құрбан етіп көрсететін енелер де бар. Ең өкініштісі, осылардың ішінде енелердің көпшілігі ертеңгі ұрпағының қамын ойлаудан қалып барады. Қалай дейсіз ғой? Бұл – әрине, өкінішті үрдіс.
Әже болғысы келмейтін енелер көбейді. Немере бағудан гөрі ел кезіп қыдырып, шетел аралап, жанын күйттеп, санаторий, курорт жағалағанды жөн көретін болды. Жинала келе бұл үрдіс ұрпақ тәрбиесінің әлсіреуіне әкеп соқтыруда.
Бізді кезінде анамыз 6-7 жасымызда-ақ ас үйге кіргізіп жіберген еді. Өз басым 8-9 жасымда нан илеп, қамырды қағаздай қылып жазып, кесте төгіп, іс тіктім. Сенсеңіз, соның бәрі келін болған уақытымда шын пайдаға асқан еді.
"Қызым, саған айтам, келінім сен тыңда" – өте үлкен психологиялық тәрбие мектебі. Оны келіннің меңгеруі мен оған меңгерте білудің жетіспей жатқаны рас-ақ..."
Өнегелі жеңге қайынсіңлісіне үлгі болған
Этнограф Тәттігүл Қартаева баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде қайынсіңлісі оң жақта отырған кезде жеңгесінің мектебінен сусындап, содан тәлім-тірбие алып шығатынын айтқан болатын.
"Қазақтың дәстүрлі қоғамында жеңге институты қыз тәрбиесінде маңызды рөл атқарған. Қыздың жеңгелерінің барлығы қайын жұртының атын атамай, жанама ат қойған. Ал қыз бала оң босағада отырғанда болашақ күйеуінің туыстарын атымен атамаған. Жеңгелерінен, шешесінен көргені оң жақта отырған қыздың тәрбиесіне үлкен әсер еткен".
Демек, жеңгелерінен, анасынан үлгі-өнеге, тектілік тәлімін сіңіріп өскен қыз баласы өзге шаңыраққа бақ болып, құт болып қонып, аялы жар, ардақты ана, қайын-сіңлілеріне өнегелі жеңге ретінде келешегінің іргетасына алтындай кірпіш болып қаланған".
"Шешесін көріп, қызын ал"
Осы қағиданы енді ғана басты назарға ала бастаған секілді. Жастардың әр түрлі сылтаумен ажырасуы жанына батқан ата-аналар қазір таныс-тамырдың арасынан құда болатын адамды іздестіретін болған. Солардың бірі қызын құтты жеріне қондырған Айгүл оның тәрбиесіне ғана емес, таңдауына да көп мән бергенін айтады.
– Қызым жоғары оқу орнын бітірген соң, күйеуге шыққысы келетінін айтты. Мен алдымен болашақ күйеу баланы жеңешеңе таныстыр дедім. Жеңешесі танысқанмен ол жігіттің қызыма лайық емес екенін айтып келді. Оның үстіне ата-анасын танымайтын бөтен жерге жібергім келген жоқ. Сондықтан менімен құда болғысы келіп жүрген отбасының ұлымен таныстырып едік, балалар жарасып кетті. Екі жылдан аса уақыт өтті жанжалдасып, атыма сөз келтіргенін естіген жоқпын. Орамалын тағып, қызметін жасап жүгіріп жүр. Меніңше, қыз баланың жүріс-тұрысын, киіміне дейін бақылып, осылай құтты жеріне қондырсаң, ата-ана ретінде артыңнан сөз де ермейді.
Қарияның кеңесі
Айгүлдің бұлай әрекет етуіне бір қарияның берген кеңесі себеп болған екен.
– Бір үлкен тойда жасы егде тартқан кісі отырған адамдарға жақсы кеңес айтты. Әншейінде тойшы қауым шулап, бірін-бірі тыңдамайтын еді. Барлығы ол кісінің кеңесін ұйып тыңдады. Ол қазіргі жастардың тәрбиесінің солқылдақтығынан ажырасудың көп екенін айта келе, ол "осы тойға кемінде 250-300 адам жиналған болар. Көбіңіз балаларымыз жар таңдау жасына жеткен жоқ деп отырған боларсыздар. Бірақ олай емес. Баланың буыны қатайып, жасы он бестен асқан соң, сіздер осындай көпшілік жиналған тойда құда болатын адамды іздестіре бастауларыңыз керек. Өйткені алыстан болсын, бір-бірлеріңізді танисыздар. Сондықтан келінді де, күйеу баланы да дәл осындай таныс ортадан іздей беріңіздер. Сонда бала да, сіздер де қателеспейсіздер" деген болатын.
"Келін мен ене мектебін ашу керек"
Зейнеп Ахметованың айтуынша, бүгінгінің енелері келіндерінің "қақпас", "мыстан" атамағанына шүкірлік етіп, "апаша", "енешка" дегенін қанағат тұтатын болды. "Пәленшенің мамасы", "Ана үйдегі кемпошка", "Каляни" (үндінің "Келін" телехикаясының кейіпкері) деген сияқты құлаққа түрпідей естілетін, адамгершілік құндылықтардан алыс, салқын атауға да үйренді. Бұған бір жағы көпшілік енелердің келінді қызындай көрмей, өздеріне жат санайтыны да себеп болса керек.
– Негізі енелер мен келіндер мектебін ашу керек. Бұл – уақыт талабы. Қыздарын қазіргі аналар жат жұртқа барасың деп, келін болуға дайындамайтын да болды. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ, күні ұзақ, кешке дейін қызметтен қолы босамайтын қызметбасты аналар қызын үй шаруасына баулуға уақыт таппай жатады. Десе де, бұрынғы ерке қыздың, бұла бойжеткеннің, ендігі келіннің әлеуметтік мәртебесінің (статусы) өзгеруіне байланысты оның іс-қимылына, мінез-құлықтарына шектеулер салынып, ырым-тыйымдарға бой ұсынуына тура келеді.
Келіні жақсының керегесі алтын
Қазақтар арасында үйдің берекесі саналған келін мен енеге қатысты мақал-мәтел көп тарған. Солардың бірнешеуін ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Келін жаман емес, келген жері жаман.
Келін қыз болмас, күйеу ұл болмас.
Жақсы енені жаман келін жер қылады, жақсы келін жаман енені ел қылады.
Келіннің зекіп айтқаны, езіп құйған умен тең. Көңілсіз берген тамағы, құм аралас күлмен тең. (Құлтума)
Жау сырыңды алса, қызыңды алады.
Ел анасы - қыз, жол анасы - із.
Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз. Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз.
Жақсы бала бағыңа бітеді, жаман бала түбіңе жетеді.
Ашық әйелден ақымақ дәмелі.
Жақсы әйел аңғарғыш, жаман әйел шамданғыш.
Келіннің жақсысы құрдасыңдай, ұлыңның жақсысы сырласыңдай.
Әйеліңе балаң жоқ жерде ақыл айт, балаңа адам жоқ жерде ақыл айт.
Төркіні тентек келіннің тілі ұзын, төркіні момын келіннің жібі ұзын.