Алматыда мереке күндері жұмысын тоқтатпаған тағы бір мейрамхана анықталды. Бұл туралы Almaty.tv телеарнасы хабарлады.

Мониторинг тобы мен қалалық штабтың мамандары Медеу ауданында орналасқан мейрамханаға 3 сағат дегенде әзер кірген. Карантин талаптарын сақтамаған қонақтардың арасында елге танымал әншілер мен әртістер де бар.

Қаладағы барлық тексеруші есікті ұзақ уақыт ашпаған мейрамхананы 3 сағат қоршауда ұстаған. Амалы қалмаған мониторинг топ электриктерді шақырып, жарық жүйесін кескен.

Телеарна тілшісінің айтуынша, мейрамхана терезелерін жарық көрінбейтін етіп қараңғылап тастаған. Бірақ сыртта көлік көп. Біреуінің иесі, темір тұлпарын қалай болса солай қоя салған. Жол ережесі өрескел бұзылғандықтан, мамандар эвакуатор шақыртып, көлікті алдыртып тастады.

"Күтпеген жерден іштегі қонақтардың бірі есікті ашып берді. Барлық келуші әр бұрыш-бұрышқа, тесікке тығылып үлгеріпті. Алайда ешкім құтыла алмады. Ең қызығы олардың арасында танымал әнші Қайрат Нұртас та бар. Әншіні көлеңкелеуге тырысқан күзетшілер тілшілерге де тап берді. Тіпті, біздің арнаның операторына шабуыл жасап, камераны сындыруға тырысты. Кінәні өзінен емес, өзгеден іздеуге тырысып баққан арандатушылар да табылды", – дейді Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов.  


Оқи отырыңыз: Алматыда сауда үйлері мен базарларда халықты коронавирусқа қарсы вакцинациялау мүмкіндігі қарастырылуда


Кейін мамандар жарықты қосып, іштегі барлық бөлмені аралап шыққан. Ақпарат бойынша, бұл жерде туған күн кеші өтіп жатқан. Оған қоса, қатаң түрде тыйым салынған қор-қор да шегілген. Іздеу жұмыстары аяқталған соң келушілер қызметтік көлікке тиеліп, полицияға біртіндеп жеткізілді. Олардың арасында қарсылық танытқандар да болған.

"Мейрамханада адам өте көп. Карантин талаптарын бұзғаны аздай, жол ережесін де сақтамаған. Көліктерді жолға дұрыс қоймаған. Қазіргі таңда қалада тексерістің күшейтілгенін тағы да ескерткім келеді. Денсаулығымызды ойлап, үйде отырайық. Рейд жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді", – деді СЖҚК агенттігі жанындағы арнайы республикалық мониторингтік топ төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов.

Кәсіпкерлік нысанда 200-ден аса адам болғаны анықталды. Барлығы Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, олардың үстінен әкімшілік құқық бұзушылықтың 425-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Келушілер мен мекеме қызметкерлеріне 87 мың көлемінде, кәсіпкерге 670 мың теңге шамасында айыппұл салынды.