Туристер жиі баратын мемлекетте білім алып келген жастардың өз айтары бар.

"Silk Route" бағдарламасының септігі турасында

Еліміздегі білім жүйесінің жастарға берер мүмкіндіктері өте көп. Солардың бірі – жастардың шетелде білім алып, тәжірибе алмасу мақсатын көздейтін академиялық мобильді бағдарлама.

Маржан Аңламас осындай бағдарламалардың арқасында әлемнің бірнеше белді де беделді университеттерінде білім алып қайтқан. Талапты жастың Кантабрия университетіндегі білім жүйесі мен испандық өмір турасындағы пікірін оқи отырыңыз.

– Университеттің білім жүйесіндегі талап ұнады. Сабақтар көбіне лекция түрінде өтеді. Дегенмен үй тапсырмасын көп береді. Индивидуалды тапсырмалар да жиі кездесті. Кей сабақтарға бармауға да болады. Дегенмен, емтиханда жоғары нәтиже көрсету қажеттігі тағы бар. Курстарды таңдауда еркіндік берілгендігін айрықша атап өту керек. Яғни, егер өзің оқитын мамандықтың сабақтарынан бөлек, қызығып барғың келсе, басқа факультеттің дәрістеріне де кіруге болады, – дейді Маржан.

Маржанның шетел асып, білім көкжиегін кеңейтуіне "Silk Route" бағдарламасының септігі тиген. Аталмыш бағдарлама Орталық Азия мемлекеттерінің студенттеріне арналғандығын да айта кеткен жөн.


"Erasmus" бағдарламасы бойынша оқуға түскен студенттердің демалысы / Сурет Маржанның жеке мұрағатынан алынды

Испан тілі – әлемдегі ең кең тараған тілдердің бірі

Бүгінде 400 миллионнан астам қолданушысы бар. Сонымен қатар 20 елдің ресми және әдеби тілі саналады. Қарт құрлықтағы туризм орталығы саналған елде жергілікті халық ағылшын тілін түсіне бермейді, есесіне испан тілінің мәртебесі жоғары.

– Маған ағылшын тілін білгендіктен испан тілін үйрену қиындық тудырған жоқ. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да оқып жүргенімде бір жыл бойы испан тілі курсына қатыстым. Испанияға барғанда тіл меңгеру деңгейім "А2" болды.

Әрине, бұл керемет көрсеткіш емес, алайда күнделікті тұрмысқа қажетті жағдайларда тіл бойынша қиындық тудырмайды. Сонда жүріп интенсивті курстарға қатыстым. Аталмыш курстарда практикалық тұрғыда өте көп тапсырмалар берілетін. Барлығын өз уақытымен орындап отырдым. Нәтижесінде 4-5 айдың ішінде испандықтармен еркін түрде сөйлесе алатын деңгейге жеттім.

Испанияға жол түсер болса, күнделікті тұрмысқа қажетті жергілікті халық тіліндегі бірнеше сөздерді жаттап алған дұрыс. Тағы бір қызықты жайт, аталмыш елдегі автономиялық аймақтар мен Мадрид, Барселона сынды алып қалалардағы испандықтардың тілінде біршама айырмашылықтар кездеседі екен, – дейді Маржан.

Күндік өмірдің құнын қалта көтере ме?

– Пиреней түбегіне демалысқа барғысы келетін немесе сонда оқуды армандайтын жастар үшін бұл өзекті тақырып болып табылады. Талай туристі мәдениетімен, тарихымен таң қалдырған Испанияда өмір сүруге қанша қаражат қажет?!

Туристер үшін орташа есеппен алғанда, бір күнге шамамен 40 евро кетеді. Ашып айтқанда, тұрақтайтын жер, ас-суы – бәрі осының ішіне кіреді. Мәселен, жатын орынды 10-15 евроның көлемінде табуға болады.

Ал кафе немесе рестораннан тамақтанғыңыз келсе, 6-9 евроға дейін жұмсайсыз. Үш мезгіл тамақтануға 20 евроны бөлек алып қойыңыз. Ал студенттер үшін бір күнге 20 евро жеткілікті.

Қалада серуендеу үшін жаяу жүру керек. Біріншіден, ақшаңызды үнемдейсіз, екіншіден, сәні мен сәулеті жарасқан қала көшелерін толықтай аралауға мүмкіндік бар.

Қоғамдық көліктермен жүрсеңіз, билет құны 2 евродан басталады. Ал такси бағасы біздегімен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. 15-20 евро аралығында болады. Дегенмен, студенттерге қоғамдық көліктерде жүру үшін 50 пайыздық жеңілдік жасалған.

Әрине, жоғарыда аталған сандар орташа есеппен алынып отыр. Жоғары сапалы қызметті талап ететіндер үшін қаржы көзін қалай жұмсаймын десе де, өз еркінде. Демалыстың барша түрі қарастырылған. Туризмге маманданған елде көңіліңіз қалаған демалыстың кез келген түрін кездестіруге болады, – дейді Маржан.

Топтасыңыз 60 жастан асқан әже болса, таң қалмаңыз!

Біздің елімізде стереотиптер қоғамдық санаға мықтап сіңіп алған. Жазылмаған заңдар ретінде қарастырылатын шектеулерден аса бермейтініміз рас.

Мысалы, бізде жасы келген адам үйде немересімен отыруы керек деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан, көбінесе студенттік өмірді жастардың ғана еншісіндегі дүние деп қарастырып жатамыз.

Маржанның айтуынша, Испаниядағы студенттік өмір біздегімен салыстырғанда өзгешелеу.

– Елдің әрбір азаматына кез келген уақытта білім алуға мүмкіндіктер қарастырылған. Қоғамның өзі жас ерекшеліктерін ысырып тастайды,сондықтан мүмкіндік туып тұрса, әркім оқуға талпынады.

Сол себепті де оқу орнындағы топтарда жастармен қатар егде кісілерді, тіпті, ата-әжелерді де кезіктіруге болады. Өз басым, 60-тан асқан әжейдің дәрістерге қатысып, тапсырмаларды орындап, емтиханға дайындалып жүргенін көрдім, – деді.

Бұл елдегі оқу орындарында жастармен қатар қарттарға да бірдей талаптар қойылады. Яғни, бәрі де міндеттелген практикадан өтуі шарт. Ол дегеніңіз, әрбір студенттің оқу орнын тәмамдағанда жұмысқа орналасатын мекемесі болуы қажет дегенді нұсқайды. Сондықтан, университет қабырғасында жүргеннен бастап арнайы мекемелерден практика өтіп, тәжірибе жинақтайды екен.


Кантабрия университетіне тәжірибе алмасуға келген жастар / Сурет жеке мұрағаттан алынды

Жұмыс табу оңай ма?

Шетелде білім алатын жастар қосымша қаражат табу мақсатында жұмыс іздеп жатады. Әр елдің жұмысқа тұрудағы өзіндік шарттары тағы бар.

Испанияда жұмысқа тұру үшін тілді өте жақсы білу керек. Дегенмен соңғы уақыттағы әлемде болып жатқан ауқымды дағдарыс салдарынан жұмыс орындары қысқарып кеткен.

Бұл – Испанияда ғана емес, көптеген Еуропа мемлекеттерінде қалыптасқан жағдай. Сондықтан, шетелдік жастар мен жұмыс іздеп келгендерге тұрақты қызметке орналасу оңай емес. Ал жергілікті тұрғындарға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі.

Соңғы көрсеткіштер бойынша Испаниядағы жұмыссыздық деңгейі 20 пайыздан асыпты. Қазірде еңбекке жарамды халықтың көпшілігі мемлекеттік секторда жұмыс істейді.

Ел үкіметі жұмыссыздықпен күрес мақсатында көптеген шараларды жүзеге асырып отыр. Бірақ, дағдарыстың салқыны әлі де сезілуде. Сондықтан да жұмыс табу күн тәртібіндегі күрделі мәселе ретінде қалып отыр.

Шетелдегі Қазақстан немесе біз туралы көзқарас қандай?

– Біздегі жоғары оқу орындарында оқитын әрбір студент әлемдік алпауыт мемлекеттер турасында біршама біледі. Олардың экономикасынан бастап мәдениетіне дейін толықтай танысып жатады.

Ал, қарт құрлықтың жастары біз туралы біле бермейді. Бізді қытайлықтармен, индонезиялықтармен шатастырады. Көбінесе картадан көрсетіп, таныстырғанда, Қазақстанның жерінің үлкендігіне, қазба байлықтардың көптігіне таң қалады.

Қазақстанды білетіндер де аз болса да кездеседі. Олардың көбі Г.Головкин, И.Ильин сынды спортшылар арқылы біледі. Ғарышқа жол ашқан Байқоңыр турасында тамсана айтатындары да бар.

Әрине, даму тарихы ғасырларды қамтитын батыстық алпауыттармен салыстырғанда еліміздің имиджі толықтай қалыптаспаған да шығар. Дегенмен тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырда Қазақстанды көпшілік тани түсті. Қызығып келушілер санының артқандығы – мұның айғағы, – дейді.

"Мен таңдаған оқу орны – Кордова университеті"

Рсай Ораз еліміздегі іргелі оқу орны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқиды. Осыдан бір жыл бұрын қарт құрлықтағы дамыған мемлекеттің білім жүйесі қазақ қызының қызығушылығын оятқан.

Талапты студент көп ойланбастан, академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша құжаттарын даярлап, Испанияға аттанған. Рсай Ораздың таңдауы Кордова университеті болды.

– Туризм және футболмен күллі әлемге аты шыққан Испанияның білім жүйесіне қатты қызықтым. Оның үстіне туристердің сүйікті орнына айналған ел ғой. Сондықтан, "Erasmus plus" бағдарламасы бойынша құжаттарымды тапсырдым да, білім алып, тәжірибе алмасуға Испанияға кеттім.

Мен таңдаған оқу орны – Кордова университеті болды. Ол Испанияның оңтүстігіндегі Андалусия автономиясының Кордова қаласында орналасқан. Тарихи қала туристердің жиі баратын орны деуге болады. Онда кезіндегі атақты Кордова халифаты құрылған, – дейді Рсай.

Университет қабырғасында өтетін түрлі іс-шаралардың бел ортасынан көрінетін қаршадай қазақ қызы Кордова университетінде де белсенділігін төмендетпеген. Оқу орнында өткізілетін түрлі интеллектуалдық сайыстарға қатысып, еліміздегі білім саласының бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.


Лиссабон қаласы. Қазақ студенттері демалыстарында бірігіп саяхаттайды / Сурет Рсайдың жеке мұрағатынан алынды

Таңдаудың да талабы бар

– Кез келген елдің әлеуетін бағалайтын басты саланың бірі – білім. Әлемдік алпауыттардың көшінен қалмау үшін көптеген оқу орындары халықаралық стандарттарды енгізіп жатады.

Дегенмен, аталмыш жүйенің жұмыс процесі елдің даму әлеуетіне қарай өзгеріп отыратындығы жасырын емес. Бүгінде әрбір оқу орнының өз студенттеріне жасаған жеңілдіктері мен мүмкіндіктері де маңызды.

Сабақтар біздегідей баллондық жүйе арқылы жүргізіледі. Басты айырмашылығы – студенттердің таңдау мүмкіндігі өте жоғары. Өтетін сабақтарды, мұғалімдерді өзің таңдайсың. Тіпті, сабақ уақытын да өз мүмкіндігіңе қарай белгілеуге болады.

Дәрістерге қатысу міндетті емес, бірақ ай сайын аралық бақылау тапсыратындықтан сабақтарды жіберу жайттары сирек кездеседі. Таңдау құқығы берілгенімен, білімге деген талап күшті. Ізденуге, білімді арттыруға барлық жағдай қарастырылған. Шетелден келген студенттерге арналған тіл курстары бар.

Тағы бір айта кететіні, университет әкімшілігі қалалық кітапханамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Бос уақытын тиімді өткізгісі келетін жастардың денін сол жерден кездестіруге болады.

Испан үкіметі білім саласының дамуына айрықша көңіл бөліп отыр деуге болады. Бір ғана Кордова университетінде 750-ге жуық шетел студенттері оқиды екен. Олар үшін университет қабырғасында арнайы бөлім құрылған. Мақсаты – студенттердің толыққанды білім алуына барынша мүмкіндікті жасау.

Университет студенттері жеңілдіктерден де құр алақан емес. Кордова қаласы Мадрид, Севилья, Малага сынды танымал қалаларға жақын орналасқандықтан, демалыс уақытында саяхаттап қайтуға болады.

Қала көлемінде тойланатын түрлі музыкалық фестивальдердің де басты қатысушылары – аталмыш оқу орнының студенттері. Сонымен қатар Кордова университетінде оқитын жастар үшін Кордова театрына 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған, – деп Рсай өз білгендерімен бөлісті.


Кордова университетінің студенттері / Сурет жеке мұрағаттан алынған

Әр елдің салты басқа...

– Әр ұлттың, әр елдің өзіндік менталитеті бар. Испандықтар өте эмоционалды келеді. Бірақ туризмге маманданған ел болғандықтан, жергілікті халық шеттен келген қонақтарға үйреніп қалған. Көзқарастары біздегіге қарағанда өзгешелеу.

Мәселен, күндізгі уақытта ауа райы тым ыстық болғандықтан тұрғындардың дені серуендеуге түнде шығады. Тіпті, мектеп жасындағы балалардың өзіне түн жарымына дейін көшеде жүруге рұқсат етілген.

Бірінші барғанда тамақтану жағынан қиындықтар болады. Жергілікті халық теңіз өнімдерін жиі тұтынады. Қазы-қарта жеп өскендіктен, бейімделу қиын болады. Ұлттық тағамдары ретінде, "салмарехо" сорпасы мен палауға ұқсас "паэлья" тағамын айрықша атауға болады. Бұл тағам түрлері ұнамды.

Бір қызығы, испандықтар ұлуды күнделікті тұтынады. Тіпті, көшедегі шағын асханалар мен қымбат мейрамханалардың ас мәзірінде ерекше тағам ретінде ұлудың қайнатылған және қуырылған түрі кездеседі. Испанияға жол түсіп жатса, қуырылған ұлудан дәм татуға кеңес береміз.

Егер көңіліңіз қаламаса, испан тілін толықтай меңгеруге тура келеді. Себебі, бұл елдегі асханалардың ас мәзіріндегі түгелдей дерлік тағамдарға шошқа еті мен майы қосылады. Сондықтан, алғашқыда тілдік тұрғыда мәселе болып, бір аптаға жуық уақыт бойы фастфудпен күнелттік, – дейді Рсай Ораз.

Испания туралы айтқанда коррида ойыны еріксіз еске оралады. Аталмыш ойынға қатыстырылатын бұқаларды арнайы талаптарға сай таңдап алады екен. Атап айтқанда, жасы төрттен асқан, салмағы 450 килограмм бұқаны корридаға шығарады.

Шаршы топ алдында олармен айқасатын адамды – матадор деп атаған. XIX-XX ғасырлар аралығында аталмыш ойында 60-тан астам матадор мерт болыпты. Ал, корридадан кейін тірі қалатын бұқалар сирек.

Сол себепті корридаға қарсы көптеген акциялар ұйымдастырылған. Әлемдік және испандық жануарларды қорғау қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен шаралардан кейін, 127 мың корридаға қарсы адамдардың қолтаңбасы парламентке жолданған.

Нәтижесінде, 2009 жылдың 18 желтоқсанында Каталония парламенті корридаға тыйым салу туралы шешім шығарған. 2011 жылдың 25 қыркүйегі Каталониядағы коррида ойындарының ең соңғы рет өткізілген күні ретінде тарихқа еніп отыр.

Туристер мен қонақтарға құлаққағыс

Испанияның туризм саласы айрықша дамыған. Ішкі жалпы өнімнің негізгі бөлігін де осы сала құрайды. Ондаған миллион туристің сүйікті еліне айналған мемлекет қарт құрлықта турист қабылдау жөнінен Францияны ғана алға жібереді екен. Мадрид пен Барселона елдегі мәдени туризмның орталықтары болып табылады.

– Мен оқыған Кордова қаласы, – дейді Рсай Ораз, – туристер жиі саяхаттайтын орындардың бірі саналады. Қаладағы "Мескит" мешітіне барушылардың саны жыл сайын артып келеді екен. Испанияға келгендерге бұл тарихи мешітті көруге кеңес беремін. Оны "Кордова собор мешіті" деп те атайды.

Тарихқа сенсек, бұл ғимарат бастапқыда вестгот шіркеуі ретінде салынған екен. Кейіннен арабтардың келуімен қайта жөндеуден өтіпті. Ғимарат – орта ғасырларда үлкендігі бойынша әлемдегі екінші мешіт болған. Тіпті, бүгінгі күннің өзінде әдемілігін жоғалтпаған деуге болады. Сонымен қатар 719 жылы салынған мавритандық стильдегі Рим көпірі бар. Қалаға келген әрбір қонақ осы екі жерге міндетті түрде баруы керек.

Испания батыс пен араб мәдениетінің тоғысқан жерінде орналасқан. Сондықтан тарих пен мәдениетке бай болып табылады. 20 ескерткіші ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраларының тізіміне енген.

Тағы бір қызықты дерек, католиктер үшін киелі жер саналатын Сантьяго-де-Компостела қаласы да Пиреней түбегінде жатыр. "Христиандық Мекке" аталып кеткен аталмыш орынға жыл сайын мыңдаған католиктер келеді.

Испания жауһарлары мұнымен шектелмейді. Елдің оңтүстігінде орналасқан қалаларға барып тамашалаған жөн. Әрбірінің өзіндік тарихы, мәдени ескерткіштері бар. Бүгінде Гранададағы "Альгамбра" мешіті, Мадридтегі "Хрусталь сарай", Барселонадағы "Камп Ноу" стадионы туристердің жиі баратын орындарына айналған, – дейді.

Есте сақтаңыз!

Әдетте, шетелге оқуға немесе демалуға барғандар бейтаныс қалада жиі адасады. Жергілікті халықтың тілін жетік меңгермегендіктен айналадағы жұрттан көмек сұрай да алмайсың. Осындай жағдайда не істеу керек? Рсай Ораздың өз айтары бар.

– Мен бірінші келгенде қалада қыдырып жүріп, адасып қалғанмын. Тілді толық білмегендіктен көшедегі адамдардан сұрау қиынға соқты. Сөйттім де, бірден Қазақстанның елшілігіне хабарластым. Көп уақыт өтпей елшіліктен адамдар келіп көмектесті.

Сол жайттан кейін қалаға шығар болсам сөмкеме міндетті түрде қаланың картасын салып аламын. Адасып қалатын болсам, картадан қарап жол табуға болады немесе жергілікті тұрғындардан картадағы орынды нұсқап көрсетсем, көмектесіп жібереді. Жалпы шетке шыққанда, сол елдің картасын алуды ұмытпау қажет. Бұл – басты қағида.

Испанияға бара қалсаңыз, мына бір қызықты естен шығармағаныңыз жөн. Жергілікті халық "Siesta" деп атайтын дәстүрге айналған уақыт бар. Күнделікті қайталанатын бұл уақытты жергілікті халық ұйқыға арнайды. 13.00 – 17.00 аралығында қаладағы қарбалас азайып, дүкендер жабылады. Сондықтан қажетті заттарды ертерек алуға қамданған дұрыс.