Қалаға кіруге рұқсатыңыз болмаса, "тесіктен" өтесіз

Қалаға кіруге рұқсат алу үшін кемінде бір жұма бұрын өтініш тапсыруыңыз керек. Нақты келу мақсатына қарай екі-үш күнге, тіпті бір айға дейін мерзімдік рұқсат береді.

Байқоңыр қаласының солтүстігі мен батысы бетон дуалмен қоршалған, ал шығысы мен оңтүстігін Сырдария өзені бөліп тұр. Қалаға кіру үшін Ресейдің үш жердегі тексеріп-өткізу бекетінің бірінен өтесіз.

Кейбір шұғыл жағдайларда бару керек болса, жергілікті жұрт дуалдан секіруге мәжбүр болады. Бірақ, ресей сақшылары байқап қалса, сұраққа тартып, бармақ табын алады, хаттама толтыртып, қаладан шығарып жібереді.

Бұны жергілікті жұрт "тесіктен өту" деп атайды екен. Жол бойы Байқоңырға бұрылған біз де сол бетон дуалдан секірдік.


Біз секірген дуал және дуалдан өтіп бара жатқан әйел / Фото informburo.kz

Байқоңыр ғарыш айлағы 100 мыңдай халықты "бағып отыр"

Байқоңыр қаласында шамамен 75 мың, қала маңындағы Төретам мен Ақай ауылдарында ұзын саны 30 мыңдай адам тұрады.

Талғат Лекеров, электрик, қала тұрғыны: "Байқоңыр халқының 70 пайызы – қазақстандықтар, 30 пайызы – ресейліктер. Жұмыс іздеген жастар да ғарыш айлағын төңіректеп, таныс-тамыр іздейді. Егер қаладағы мемлекеттік мекемеге, ғарыш айлағына жұмысқа кіре алса, үй мәселесі де шешіледі. Оның үстіне жалақы Ресей рубльмен төленетіндіктен, теңгеге шаққанда әжептәуір ақша болады".

Байқоңыр қаласы «Байқоңыр ғарыш айлағы» кешенімен бірге жалпы ауданы 6717 шаршы шақырым аумақты алып жатқан әлемдегі ең ірі жер беті ғылыми ғарыш полигоны болып табылады.

Байқоңыр қаласымен сынақ және ұшу кешендерінің аралығы 30, 40, 50, 60, 70 шақырымға дейін созылған. Оған әр күні тәңертең 50-ден астам мотовозбен, 40-тан астам автобуспен және жеке көліктерімен ғарыш айлағы мен қала аралығына қатынайды.

Аумақтың кеңдігі солтүстіктен оңтүстікке 75, батыстан шығысқа 90 шаршы шақырымға жуықтайды. Айлақтың жер бетіндегі инфрақұрылымы тоғыз ұшу кешенін, ғарыш аппараттары мен зымыран тасығыштар құрастырып, сынақтан өткізілетін 11 ғимаратты, ғарыш аппараттары мен екпінді блоктарға отын және сығылған газды құюға арналған үш стансаны, екі аэродромды және өлшеу кешенін қамтиды.


Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының толық сызбасы / Байқоңыр қаласы мұрағатынан

Қалада қазақстандық жеке кәсіпкерлік тіркеуімен сауда жасай алмайсыз

Айнұр Оспанова, жеке кәсіпкер: "Жеке кәсіп ашып, жұмыс істей бастағаныма жарты жыл болды. Тұрақты тіркеуім қалада болмағандықтан Байқоңырдағы базардан орын ала алмай отырмын. Ол үшін сөзсіз Ресейдің тіркелген кәсіпкерлік куәлігі болу керек. Мен қазақстандық жеке кәсіпкер куәлігі (ИП) арқылы жұмыс істемекпін. Бұйыртса, Төретамнан ашылатын базардан орын аламын."

Айнұрдың айтуынша, қалада Ресей салық мекемесі жұмыс істейді. Кәсіпкерлер де Ресейге салық тапсырады.


Айнұр Оспанова дүкенінде / Жеке мұрағаттан

Қалада тұрақты тіркеуіңіз болса, 18 жастан үйге ие боласыз

Раиса Алдамжарова: "Қалаға тұрақты тіркеуге тұру өте қиын. Тек мемлекеттік жұмысқа қабылданған соң үй кезегіне тұрасыз, сосын бір жылдан кейін ғана коммуналдық меншіктегі үйге және тұрақты тіркеуге ие бола аласыз".

Егер, тұрақты тіркеуіңіз бар болса, 18 жастан асқаннан кейін жеке үй алып, бөлек шығуға құқыңыз бар. Яғни, қала әкімшілігі сізді үймен қамтамасыз етеді. Қала тұрғыны болғысы келетіндерге тұрақты тіркеуі бар адаммен некелессе жетіп жатыр.

Раиса Алдамжарованың айтуынша, тұрақты тіркеуі болмаған отбасылардың балалары емханаға қарала алмайды және мектепке де қабылданбайды. Ол үшін тұрақты тіркеуі мен қамсыздандыру полюсі болу керек. Сол үшін туысқандарының пәтерінде тұрып жатқандар да емханаға немесе балабақша үшін көрші Төретам немесе Ақай ауылдарын жағалайды.


Көшеде сурет салып отырған балалар / Жеке мұрағаттан

Алған тұрғын үй бес жылдан кейін ғана өз атыңызға аударылады. Алайда көшсеңіз, сата алмайсыз

Қаладағы барлық түрғын үйлер коммуналдық меншікте. Бұл жерде жеке меншік тұрғын үй атымен жоқ. Осы қалада және ғарыш айлағында және басқа да ғарышқа не қалаға қатысты мекемелерде, компанияларда жұмыс істейтіндерге қызметтік пәтер ретінде беріліп, тек қана коммуналдық ақы алынады. Бес жыл тұрған соң атыңызға жазылғанымен, сата алмайсыз. Тұрғын үйлердің инфрақұрылымдары әр екі-үш жыл сайын жаңаланып отырады.

Бұрынғы әскери бөлімдерден қалған үйлер де жөндеуден өтіп, халыққа беріле бастады

Жаңа құрылыстар салынбаған. Алайда бұрынғы әскери бөлімнің үйлері қайта жөнделіп, халыққа беріліп жатыр екен.

Соған қарамастан коммуналдық шығындар Ресей стандарты бойынша төленеді әрі рубльмен. Мысалы, 48 шаршы метр үйде тұратындар үшін қысы-жазы 20-22 мың теңге айналасында. Бұл Қазақстандағы бағадан 30 пайызға қымбат.


Қаладағы коммуналдық тұрғын үйлер / Фото informburo.kz

Ресей азаматтығын алғысы келетін қазақтар да көп

Шынын айтқанда, жақсы тұрмыс кешу үшін ресей азаматы атанғысы келетіндер де көп екен. 90 жылдары Ресей азаматтығын алу оңай болыпты. Байқоңыр азаматтары Ресей азаматтығын алса, Мәскеу облысынан жер немесе үймен қамтылуға құқылы. Сол себепті, көптеген азаматтар Ресейге көшіп кеткен.

Қазір көбінесе жұмыс бабымен жүргендер басым.

Азаматтығын алу үшін ресейлікпен үйлену керек немесе Ресейге барып кемінде 6 ай тұрақты тұру керек. Сол арқылы қосымша тексерістерден кейін ғана азаматтыққа ие бола аласыз.

Кейбір қазақтар Ресей азаматы атану арқылы оларға берілетін қомақты жәрдемақылар мен жөргек пұлға ие болғысы келеді. Оның үстіне оларға жұмыс табу да, төленетін жалақы да көбірек.

Қалада қазақстандық мемлекеттік мекемелер де жұмыс істеп тұр

Қалада халыққа қызмет көрсету орталығы, мектеп, балабақша және банк секілді мекемелер жұмыс істеп тұр. Мысалы, жалақыны қазақстандық мекемеден алсаңыз, көбінесе Халық банкінің автоматтарынан аласыз. Ал ресейлік жұмыс орнының қызметкерлері Ресей банкоматтарынан ақша шығарып алады.


Нұрсұлтан Лекеров Байқоңырдағы қазақ балабақшасына барады / informburo.kz

Байқоңырдан оқығандарға жұмыс тез табылады

Дәулет Берікұлы, электр техникалық колледж түлегі: "Ағаларымыздың балаларының бәрі осы Байқоңырдағы колледжде оқыды. Мен ақпараттық технология мамандығын бітірдім. Қазір жеке сауда орталығында жұмыс істеймін. Көрші ауыл, аудандардағы мектеп бітірушілер Байқоңырға келіп оқығысы келеді. Ондағы себеп, кейін осында қалып жұмыс істеуге мүмкіндік бар".

Қалада Мәскеу авиация институтының филиалы, электр техникалық колледжі, ірі есептеу орталығы, әскери аурухана, емхана, әуежай, электр стансасы, сыра зауыттары, түрлі мәдениет ошақтары, көптеген сауда, тұрмыс қажетін өтейтін кәсіпорындар жұмыс істейді.


Мәскеу авиация институтының филиалы / Фото informburo.kz


Байқоңыр қаласының газеті. Газет РФ Ақпарат және баспа министрлігінде №014754 нөмірімен тіркелген / Фото informburo.kz

Ойын алаңдарына айналған ғарыш кемелері

Қалада екі жердегі паркке үлкен ғарыш кемесі мен зымыран тасығыш қойылған. Балалар үстіне шығып, тіптен ішіне кіріп ойнауды ұнатады екен. Ғарыш кемелерінің іші толған кабельдер. Отыратын, сыртқа көз салатын жерлері де бар. Соңғы жылдары әкімшілік оны да шектеп, есіктерін жауып тастапты.


Саябақтағы тұғырға орнатылған құрлықаралық жеңіл типті зымыран / Фото informburo.kz


"Союз" ғарыш кемесі. Байқоңыр қаласындағы "Космостың 20 жылдығына" қойылған ескерткіш /Фото informburo.kz

Патрульдік кезекте жүрген Ресей сақшылары


Қаладағы жол патрульдік полициясы / Жеке мұрағаттан

Қаладағы ескерткіштер мен құрбандар зиратына келіп жылап қайтатындар көп

Қаланың демалыс саябағында зымырандарды сынақтан өткізу кезінде қаза болғандардың (200-ден астам) бауырластар зираты бар. Әр жылы саяхатшылармен қоса ғарыш саласының ардагерлері де осында келіп бауырластарын еске алады.


Қаланың демалыс саябағында зымырандарды сынақтан өткізу кезінде қаза болғандардың (200-ден астам) бауырластар зиратының бір бұрышы / informburo.kz

Қала халқы әр күні таңертең осы жерден жұмысқа кетеді


Байқоңыр тасымал бекетіндегі тұғырға қойылған паравоз / Фото informburo.kz

Байқоңырлықтар қайда демалады?

Қала тұрғындары көбінесе Сырдария өзені жағасында, қаладағы тұзды бұлақтарда, "Жигули" демалыс орталығында дем алады. Енді бір бөлігі қаладан 120 шақырым алыстағы Қамбаш көліне де барады.

Сонымен бірге жуықта ғана жаңа кинотеатр ашылыпты.


Тұзды бұлақтарға шомылып жатқан тұрғындар / Фото informburo.kz


Қала шетіндегі Сырдария өзені бойындағы балаларға арналған бассейн / Фото informburo.kz


Өзен байындағы тамақ пісірген орындар / Фото informburo.kz

Бұрынғы Ленин қаласының басты белгісі әлі тұр

Байқоңыр қаласының тарихы. Заря ауылы (02.06.1955), Ленин ауылы (29.01.1958), Ленин қаласы (21.06.1966), Байқоңыр қаласы(20.12.1995)


Байқоңыр қаласының орталық көшесінде тұрған Лениннің мүсіні / Жеке мұрағаттан

Барлық жерде осындай плакаттар

Онда тазалықты, қоғамдық тыныштықты сақтау туралы айтылған және соңында жедел жәрдем, өрт қауіпсіздігі, Ресей ішкі істер бөлімінің анықтама телефондары көрсетілген.


Тазалықты, қоғамдық тыныштықты сақтау туралы плакатта РФ учаскелік полициясының телефон нөмірі жазылған / Фото informburo.kz

Төретам – Байқоңыр қаласына кіретін қақпа

Байқоңыр қаласына бару үшін қала іргесіндегі Төретам кенті арқылы өтесіз. Төретамда темір жол және автобекеттер бар.

Байқоңыр қаласына бару үшін Төретам автобекеті арқылы өтесіз / Фото informburo.kz


Төретамнан Байқоңырға өтер жолдағы жылу тартылмаған тұрғын үй кешені / Фото informburo.kz

Биыл тұңғыш ғарыш ракетасы ұшырылғанына 60 жыл

1957 жылы төртінші қазанда Байқоңырдан тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды. Ол дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігін орбитаға шығарды.

Байқоңыр одан кейін де ғарыш кеңістігін игеруде көптеген жаңашыл бастамалардың старттық орнына айналды. Байқоңырдан Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» ғарыш кемелері, «Салют», «Мир» орбиталық станциялары, жұмыстар жүргізуге арналған «Протон», «Зонд», «Прогноз», байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор», т.б. жердің жасанды серіктері ұшырылды.

Айды, Марсты және Шолпанды зерттеуге арналған ғарыш аппараттары да Байқоңырдан аттандырылды.


Ғарышты игеру басталғанының 60 жылдығына орай Мәскеуден келген автошоу. Ғарыш ардагерлері / Байқоңыр әкімшілігі

Байқоңыр ғарыш айлағының құны қанша?

1994 жылдан бастап жалға беру ақысына жылына АҚШ-тың 115 млн. доллары болып белгіленген. Табиғатты пайдалану төлемі де қосылған. Бірақ қоршаған ортаны қорғау қорына одан бір тиын да түспей отыр. 2017 жылы жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін созылғаны белгілі.

Оның үстіне Байқоңыр қаласының 70 мыңнан астам тұрғынын толық түрде қамту қызметі де көп шығын әкеледі. Яғни, білім беру, емдеу, қала инфра құрылымын дамыту керек.

Экология және табиғатты қорғау 1997 жылы төртінші қазанда жасалған келісіммен жеке реттеледі.

Ғарыш айлағы объектілеріне бөгде адамды кіргізу көзделмеген. Бұл мәселе 1999 жылдың бірінші қарашасындағы жеке ережемен кейіннен реттелген.

Ресей Байқоңырдан кете алмайды

Соңғы жылдары Ресей "Восточный" ғарыш айлағын іске қосса, "Байқоңыр" ғарыш айлағы жабылуы мүмкін деген болжамдар айтылған болатын. Алайда "Байқоңырдың" жұмысы одан әрі қарай жанданып жатыр.

Себебі "Восточный" ғарыш айлағы жобаланған деңгейде қызмет көрсете алмай отыр:

Біріншіден, айлақ сазды, ну орманды жерде болғандықтан, ауыр рекаталардың қысымынан ұшыру тұғырлары қисаяды.

Екіншіден, ұшыру барысында орбитаға жету үшін алыс жол жүріп өтеді.

Үшіншіден, орманды, шөпті жерге құлаған зымыран қалдықтарын табу қиынға соғады және өрт қаупі күшті.

Төртіншіден, гептил секілді улы отын мұқитқа құласа, әлемге ауыр апат әкелері хақ. Себебі, улы заттар теңізде тез таралады.

Ең маңыздысы, ауыр типті зымырандарды ұшыруға қауқарсыз немесе тым қымбатқа түседі.

2017 жылы маусым айында "Байқоңыр" ғарыш айлағын жалға алу мерзімі тағы да ұзартылды. Бұл бір жағынан, көп қаржы кетіп жатқан "Восточный" ғарыш айлағының шығынын азайту үшін керек болса, екінші жағынан "Байқоңыр" ғарыш айлағын батыс елдерінің пайдаланғысы келетіні де жасырын емес. Ол Ресейдің саяси-стратегиялық мүддесіне қайшы.

Илон Маск зымырандары Ресейдің мысын басты

Илон Масктің қайта пайдалануға болатын зымырантасығыштарының пайда болуы Ресейдің ғарыштық стратегиясын өзгертуге мәжбүрлеп отыр.

Ресей 2020 жылға дейін 8 миллиард АҚШ долларын жұмсау жоспарланған "Восточный" ғарыш айлағының бүкіл жобасын өзгерте бастағанын көріп отырмыз. Себебі, АҚШ-тың NASA ғарыш айлағының қайта пайдалануға болатын зымырантасығышын сынақтан өткізді. Зымыран тасығыш рекаталарды көп рет пайдалануға болатындығын көрсетті.

Ресей ғарыш саласына да жаңа өзгерістің керектігі түсінікті болды. Олар "Восточный" ғарыш айлағын салуға кететін қаржыны жаңа басқа бағыттарға, жаңаша зымырандар жасауға жұмсауы керек.

Сол арқылы орбитаға "жасанды серік жеткізу" және "туристер жеткізу" секілді комерциялық қызметтерден түсетін пайданы сақтап қалуы әрі зымыран тасығыштардың шығынын қысқартуды ойластыруы тиіс. Өйтпегенде, шығыны аз зымырандармен жарақтанған NASA ғарыш айлағымен бәсекелесе алмайды.

Байқоңыр ғарыш айлағы – әзірге әлемдегі ең сенімді ғарыш айлақ ретінде танымал. Қанша дәріптегенменен "Восточный" ғарыш айлағының бұның орнын баса алмайтындығы да тағы бір дәлел.

Falcon секілді рекаталарды Байқоңырда пайдалану – арман

Илон Масктың қайта пайдалануға болатын зымырантасығышының жарыққа шығуы – Ресейдің бұрыннан келе жатқан зымырантасығыштарының заманы кеткенін білдіреді. Ресейдің бұл салада ешқандай жаңа жетістіктерге жетпеуі өте өкінішті.

Жергілікті мамандардың айтуынша, егер Илон Масктың зымырантасығыштары бізде де пайдаланылса экологияны қорғауға өте пайдалы болар еді. Себебі, зымыран қалдықтары мен зымыран жанармайлары жерге төгіліп-шашылмайды. Шығын да азаяды.

Алайда, Ресейдің бұндай жаңа зымырандарды зерттеп, жасап жатқандығы туралы дерек жоқ. Жасаған күннің өзінде сынақтан өткізіп болғанша ондаған жыл кететіні белгілі. Сондықтан бұндай рекаталарды Байқоңырда пайдалану қазірше арман болып отыр.

"Байқоңыр" ғарыш айлағын бүтіндей қайтарып алу әзірше Қазақстанға тиімсіз

Қалай болмасын жер де, айлақ та Қазақстандікі. Оны Ресей алып қояды деп қорқуға болмайды. Егер Ресей пайдаланудан бас тартқан жағдайда әлемдегі ең үлкен айлақ талан-таражға түсіп, сатылып, құрып кетуі әбден мүмкін. Оны қорғауға қазір Қазақстан қауқарсыз деп санайтындар көп.

Қалай болмасын, ғарыш айлағы да, қала да он мыңдаған қазақстандықты жұмыспен қамтып отырғаны белгілі. Сондықтан ғарышты игеруге әлі дайын емеспіз.


Байқоңырдағы "Қазақстан ғарыш сапары" АҚ ғимараты / Фото informburo.kz

Байқоңыр үшін ең үлкен мәселе – экологиялық апат

"Байқоңыр" ғарыш айлағы пайдалануға берілген уақыттан бері, одан 1300-ден астам зымыран ұшырылған.

Ақтоғай ауданы жерінің 37 %-ы, Шет ауданы жерінің 93 %-ы, Жаңаарқа ауданы жерінің 37 %-ы, Ұлытау ауданы жерінің 74 %-ы "Протон" зымырантасығышының отыны – гептилмен ластанған.

Гептил – адам және жануарларға канцерогендік және мутагендік әсері бар улы зат.

"Протон" зымырантасығышының алғашқы сатысына (5 сатылы) 500 тонна гептил отыны толтырылса, оның бөлініп, жерге құлайтын бөлшегінде 10-30 тонна отын жанбай қалады.

Гептилдің концентрациясы бір текше метр ауада – 0,001 мг., ал 1 кг топырақта 0,1 мг болғанда ғана зиянсыз.

«Қазмехонобр» кәсіпорнының 1994 жылы жасаған есебіне қарағанда, зымыранның бірінші сатысы құлайтын жерлердегі малдың еті мен сүтіндегі гептил мөлшерден ондаған есе асып кеткен.

Республика аумағындағы 47 аймаққа зымыран қалдықтары түседі.

Бұл мәселелер қағаз жүзінде Ресеймен келісілген. Алайда түйткілді мәселелер әлі көп.

P.S.

2017 жылы шілденің 28-і күні Астана уақытымен сағат 21:43 кезінде Байқоңыр ғарыш айлағынан "Союз МС-05" ғарыш кемесі "Союз-ФГ" зымыран тасығышы арқылы орбитаға жеткізілді.


2017 жылы шілденің 28-і күні Астана уақытымен сағат 21:43 кезінде Байқоңыр ғарыш айлағынан "Союз МС-05" ғарыш кемесі "Союз-ФГ" зымыран тасығышы арқылы орбитаға жеткізілді / Фото informburo.kz

Алты сағаттан кейін халықаралық ғарыш станциясымен сәтті түйіскен ғарыш кемесінде ресейлік ғарышкер Сергей Рязанский, америкалық астронавт Рэндолф Брезники және италиялық Паоло Несполи бар.

Олар ғарышта 139 тәулік болады деп жоспарланған.