Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Леңгер қаласындағы көппәтерлі үй тұрғындарының проблемасы екі сағатта шешілді

Президент өзінің Тwitter-дегі парақшасында бүгін "Үкімет басшысы мен Түркістан облысының әкіміне Ленгердегі көпқабатты үйдегі халықтың адам аярлық жағдайын тез арада шешуді тапсырамын" деп жазды. Ол жазбамен бірге 31 арнаның сюжеті қоса жарияланған болатын.

Сюжетте тұрғындар үйден үнемі кәріз иісі шығып тұратыны жөнінде шағымданған. Бұған дейін жергілікті билік бұл жағдайға тұрғындардың өзін кінәлап, мәселелеріне құлақ аспаған. Бүгін мемлекет басшысы тапсырмасынан кейін Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев Фейсбуктегі парақшасында мәселенің шешілгені туралы есеп берді.

Павлодар облысында оқушының үстіне футбол қақпасы құлаған

Оқиға Красноармейка селосында болған. Ауыл әкімінің айтуынша, футбол алаңы 2013 жылы салынған, жөндеу жұмыстары керек екен. Биыл осы мақсатқа 5 млн теңге бөлінгенімен, тендер әлі өтпеген. Әкімнің сөзіне қарағанда алаңға кіруге болмайтыны туралы ескерту белгілері болған, оны біреулер жұлып алып тастай береді екен.

Алтыншы сынып оқушысы қазір аса ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Ол ашық бас-сүйек миы зақымын алған, миы шайқалған. Бас сүйектері бірнеше жерінен сынған, 1-2 дәріжелі шок алған, 1-2 кома жағдайында деген диагноз қойылған. Дәрігерлер оның жағдайына қатысты "әзірге ештеңе айта алмаймыз" деп отыр.

Атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтары демалыс күндері де жұмыс істейді

Атаулы көмекті алуға көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың құжаттарын тіркеу үшін орталықтар наурыздың 30 және 31 күндері қызмет көрсетеді.

Ұзын-сонар кезекті болдырмау мақсатында халыққа қызмет көрсету орталықтарында миграциялық қызмет өкілдерінің саны көбейтілген. Тұрғылықты жерге тіркелу және жеке куәліктерді рәсімдеу бойынша азаматтардан құжаттарды қабылдау сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін жүргізіледі.

Beeline абоненттеріне сәуір бойына Елорда автобустарының жол ақысы 70 теңге болады

Байланыс операторы өзінің жиырма жылдық мерейтойына орай #20-ғаарзан науқанын жариялап, қоғамдық көліктердің жолақысына жеңілдіктер ұсынып отыр.

FlyArystan билеттерінің бағасы 4999 теңгеден басталады

Бүгін әуе компаниясының билеттері ресми түрде сатыла бастады. Компанияның Алматы – Тараз бағытындағы бірінші рейсі 1 мамырға жоспарланған. Осы бағыттағы рейс билетінің бағасы 4999 теңгеден басталады.

2 мамыр күніне Алматы-Орал бағытына жоспарланған рейс билеттері де сатылымда. Бұл бағытқа билет құны (бір бағытқа) 12 999 теңгеден басталады. Әуе билеттерін flyarystan.com. сайтынан сатып алуға болады. Жолаушыларға қосымша жүк, борттағы тамақ, орын таңдау және т.б. да қосымша қызметтер ұсынылған.

Зейнетақы қорының жыл басынан бергі табысы инфляциядан инфляцияға жете алмады

Қордағы активтердің қаңтар-ақпан айындағы табысы (25,42 млрд теңге) 0,13% құрады. Ал, инфляция көлемі – 0,8%. Осылайша зейнетақы қорының екі айдағы табысы минусқа кетіп отыр (-0,67%). БЖЗҚ баспасөз қызметі "Жыл басындағы ахуал көрсеткіш болып табылмайды. Қордың жыл бойғы кірісі оң табысқа жеткенін көрсетеді" деп мәлімдеді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинация жүргізіледі. Екпе жұмыстары 2019 жылдың 1 сәуірінен басталады. Вакцинацияға үш тәуекел тобы енгізілген. Бірінші тобы – 1 жастан кіші балалар, яғни, 9 айдан бастап балаларға вакцина егіледі. Екінші тобы – бұрын егілмеген, қызылшамен ауырмаған, 5 немесе одан да көп жыл бұрын тек бір екпе алғандарға да вакцинация жүргізіледі, яғни, олар – 30 жасқа дейінгі азаматтар. Үшінші тобы – медицина қызметкерлері.

Baq.kz: 2020 жылы халық санағында 30 мың интервьюер жұмыс істейді. Айлық толық бюджеттен бөлінеді. Итервьюерлерді жалдау мәселесі жергілікті органдармен бірлесе шешіледі. Оларға қойылатын белгілі бір талаптар бар. Талапқа сай болса ғана жұмысқа алынады, оқытылады. Интервьюерлердің айлықтары әртүрлі санаттарға байланысты – 60 мыңнан 85 мыңға дейін.

24.kz: Елімізде дуальді білім беру жүйесіне өзгеріс енгізіледі. Енді колледж оқушылары мен студенттерді тәжірибеден өткізетін кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау болады. Сонымен қатар мұғалімдер мен шеберлердің жалақысы көтеріледі. Тағы бір өзгеріс – енді кәсіптік мектептер жұмыс кадрлерін қайта дайындайды.