Еуропадағы хұн және түркі ұрпақтарының кешегісі мен бүгіні
Тұран – күллі хұн мен түркіге ортақ ұран
Биро Андраш Жолт басқаратын "Мадияр-Тұран" қауымдастығының мұрындық болуымен екі жылда бір өтетін "Тұран Құрылтайы" – көшпенді жұрттың салт-санасын пәш ететін әлемдік деңгейдегі мерекеге айналды. Іле-шала әлемнің түпкір-түпкірінде осыған ұқсас шаралар қолға алынды. Мысалы, көшпенділер мәдениетіне арналған этнофестивальдер Қазақстанның бірнеше облысында да өтті.
Қырғыздар көшпенділер ойындарын дәстүрлі шараға айналдырса, башқұрт пен әзербайжан осыған ұқсас фестивальдер өткізіп жатыр. Оған енді Добружадағы "Түркі-татар құрылтайы" қосылды.
Соңғы он жылдықта Венгрия, ежелгі Мажарстан ғалымдары бір жарым ғасыр бұрынғы ортаазиялық түркі халықтарына назар аудара бастады. Тіптен, ортақ тілдік негізін, тарихи һәм мәдени іздерін тапты. Осылайша XIX ғасырдың соңында тұранизм Мажарстанда күшті саяси-мәдени бағыт ретінде қалыптасты. Оған Орта Азия мен Кіші Азиядағы "Тұраншылдықты" қосыңыз.
Бұл туралы атамыз Мағжан Жұмабаевтің:
"Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан не тамаша күндер кешкен", – деп басталатын өлеңі бар.
Тұран – түркілер өмір сүрген, кең ұғымдағы мәдени-тарихи аумақ. Ежелгі дәуірден жеткен “Авестада”, Фирдоусидің “Шахнамасында” Иран мен Тұран елінің өзара қарым-қатынасы жайлы көптеген мәлімет бар. Тұранның арғы тегінен сыр шертетін “Алып Ер Тоңға” атты дастан дүниеге келген VI ғасырдан бастап "Тұран" сөзі – түріктер мекендейтін жер, елдің атауы деген ұғымды білдірді (Уикипидиядан).
Тұран құрылтайы қалай өтеді?
Тұран құрылтайы – Мажарстанда өтетін хұн және түркі халықтарының басын қосатын дәстүрлі жиналыс.
Құрылтай кезінде киіз үй қалашығы бой көтеріп (Голливуд түсірген "Марко Поло" филіміндегі киіз үй қалашығын мажар үйшілері жасаған), мыңдаған салт аттылар шеруге шығады. Дәстүрлі ат ойындары мен садақ ату секілді көшпелі халықтың ойындары ұйымдастырылады.
Естеріңізге сала кетейік, I – қазақ-венгер "Ғасырдан кейінгі кездесу" (Қостанай обл., Қазақстан, 2007 ж.); II – венгер-қазақ (Бөстөрпуста, Венгрия, 2008 ж.); III – Тұран халықтарының Құрылтайы (Бугац, Венгрия, 2010 ж.) өтті. Кейін Құрылтай дәстүрлі шара ретінде әр екі жылда бір рет ұйымдастырылатын болып келісілді.
Мадияр дәстүрлерiн сақтаушылармен қатар, өзiн хұн немесе түрiк деп санайтын халықтар да өз мәдениетін көрсетеді. Мысалы, 2010 жылы құрылтайда 3 мыңнан астам дәстүр сақтаушы қатысып, 135 киiз үй тігілді. Үш күннiң iшiнде 42 бағдарлама өткізілген және жалпы 140 мыңнан астам қонақ қабылдапты.
2012 жылы Кұрылтай Будапешттен оңтүстiк-шығысқа 170 км қашықтықтағы (Бач-Кишкун облысы, Орталық Венгрия) Бугац қалашығында өткізілген.
Мадиярлар – өздерін Еділ (Аттила) патшаның тұқымы санайды
Әуелі "венгр" деген атауға келсек, бұл славян халықтырының қойған аты. Ал түркілер атам заманнан "мажар", "мадияр" деп атаған. Бұл қазаққа да сіңісті атау. Мажарстан – Батыс ғұн мемлекетінің мұрагері.
Олар Азиядан ауып барып өз мемлекетін құрған көшпелі халықтың ұрпақтары. 1100 жылдан астам уақыт мемлекеттілігін сақтады. Сонымен бірге, салт-дәстүрін, мәдениетін ұстап қалды. Әрі өздерінің тарихын шығыстағы түркі халықтарымен байланыстырды.
– Сол арқылы ұзақ уақыт үзіліп қалған тарихи туыстық қатынасты қалпына келтіру үшін етене қызмет жасап жатыр, – дейді мадияртанушы, "Мадияр Тұран" қауымдастығының кординаторы, этнограф Бабақұмар Қинаият.
Мадиярлар мен еуропа түріктері бірнеше ірі лекпен барып қоныстанды. Олар:
- 430 жылы Аттила (Еділ) патша бастаған Батыс Ғұн мемлекеті құрылды. Кейін 685 жылы Баян хан бастаған түркі тілді аварлар Карпат қойнауын жаулады.
- 895 жылы Арпад патшаның басшылығымен мажарлардың жеті тайпасы көшіп келіп қоныстанды. Сонан бері 11 ғасыр өтсе де мемлекеттілігін, тарихи санасы мен тілін сақтап келеді.
- Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде (1237-46) көптеген қыпшақ, құман тайпалары Мажарстанға келіп, қоныс теуіп қалды. Оның алдында оғыз, печенег, карбад сияқты жұрт көшіп келген. Шығыстан ағылған ағын Қарпат қойнауы мен Қаратеңіздің теріскейінен Дунайға дейін басты.
- Ежелгі уақытта бұл аймақ Скития-Минор (Кіші Скифия) деп аталды. Ғұн империясы ыдырағаннан кейін Дунай бұлгарларының хандығы бұл жерде біртұтас мемлекет құрды және аталған өлке ғасырлар бойы Оногур – бұлғар түрік мемлекетінің қоластында болды.
- Ең соңғы түркі жұртының легі Добружадан мекен тапты. Бұлар Орыс-Түрік соғысы кезінде болды.
Мадиярлар өз тегінінің сорабын қазақ жерінен тапты
Мажарстан жаратылыстану антропологиялық мұражайының қызметкері, антрополпог-генетик Биро Андраш Жолт басқарған экспедиция 2006 жылы Торғайдағы арғын тайпасы құрамындағы, сондай-ақ Омбы-Көкшетеу өңіріндегі қыпшақтардың құрамындағы мадияр руынан жиналған мәлiметтер және (Y хромосомасы) ДНҚ (дезоксирибонуклеин қышқылы) талдау, қазақтың мадияр руы мен мадиярлардың, яғни бүгінгі ұғыммен венгрлердiң арасындағы этнонимдық ұқсастық қана емес, генетикалық ұқсастығы да бар екендігін дәлелдеп шықты.
Зерттеу нәтижелері әлемiнiң ең беделдi ғылыми журналдарының бiрi American Journal of Physical Anthropology беттерінде жарияланған. Мақала үлкен халықаралық дөмпу тудырды.
Биро Андраш Жолт: "Біздің бабаларымыз да киіз үйде тұрған. Жылқы ұстау, киім-кешек, көшпелі мәдениетімізде де өте көп ұқсастық бар. Осы сабақтастықтарды бірлесе отырып зерттеуге, дамытуға тиіспіз.
Біз 2017 жылы Мажарстан мадиярлары мен Қазақстанның қыпшақ мадиярларының туыстығының символы болған I – қазақ-мадияр құрылтайының 10 жылдығын атап өтуге Торғайға бардық. Осыған орай Саға ауылында мерейтойға қатыстық. Біздің сарбаздар дәстүрлі әскери және музыкалық өнерін көрсетті", – дейді.
Оңтүстік шығыс Еуропадағы түркілердің бүгінгі мұрагерлері
2019 жылдан шығыс еуропадағы түркі текті халықтардың шоғыры "бабалар рухын" жаңғырта бастады. Ендеше Добружадағы түркілер кімдер?
Көшпелілер үшін тарихи маңызды өлке Добружа аймағы бүгіндер үш мемлекетке бөлінген: басым бөлігі Румыния аумағында, бір бөлігі – Бұлгарияға, ал шағын бөлігі Украинаға тиеселі.
ІХ ғасырдың орта шенінде Дунайдың төменгі сағасы мадиярлардың да қонысының бір шетіне айналды. Мадиярлар Карпат қойнауына қоныстанғаннан кейін печенегтер алдымен бұлғарлардың, кейін Византия үстемдігінің құлдырауы нәтижесінде осы өлкеге қарай ойысты. Кейін де Добружа аймағына печенег, құман-қыпшақ, содан кейін түркі-татар халықтары ағылып келіп отырды.
ХІV ғасырдан бастап тұтас Бұлгар империясы, одан Дунайдың төменгі сағасы Осман түрік билігіне өтті. Бұл ХІХ ғасырдың соңына дейін созылғаны белгілі. 1878 жылы бұл өңір Ресейдің көмегімен дүниеге келген жаңа құрылым – Біріккен Румын корольдігінің (содан кейін Валахия және Молдавия да біріктірілген) құрамына енді. Бүгінгі Молдавиядағы Ғағауыз автономиясы солардың бірі.
– Бір кездері Еуразияның қуатты империясы болған Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейін жан-жаққа шашыраған қоластындағыларының бір бөлігі шығыс Еуропаға қарай қоныстанды.
Сонымен бірге XIX ғасырдағы орыс-түрік соғысы мен Қырым соғысы кезде қашып келгендер санды көбейітті.
Яғни тарихи-саяси тұрғыдан ерекше аймаққа саналатын Балқан мен Карпат өңірі шығыстан батысқа бағытталған халықтар миграциясының отанына айналды, – дейді тарихшы, этнограф Бабақұмар Қинаият.
Шығыс Еуропадағы екі шара
Биылғы қыркүйек айында Биро Андраш бастаған қауымдастық екі бірдей маңызды шараны өткізді:
Біріншісі – Украинадағы мадиярлар арасындағы Унгвар қаласында өткен "Hungary FEST" атты шарасы. Онда Биро Андраш Жолт қандастарына тарихи-антропология тақырыбында дәріс оқыды. Ал ортағасырлық қару-жарақпен, киім-кешекпен келген сайлауыт жігіттер сайыс түрлерінен өнер көрсетті. Тарихи тұрғыдан алғанда, Карпат шығысы мадиярлардың ата-бабалары алғаш қоныстанған мекен ретінде саналады.
Екіншісі – Румыниядағы Түрік-Татар Демократиялық Қауымдастығыныңың ұйымдастыруымен Добружа жерінде өткен "Түркі-татар құрылтайы" атты басқосу.
Добружа түркілері туралы және Мандоки Қоңыр
Мажарстандық атақты түркітанушы Мандоки Қоңыр Добружадағы түркі-татар қауымын кешенді зерттеген ғалымдардың бірі. 75 жасы Қазақстанда, Түркияда және өз отанында аталып өтіп жатқан ғалым зерттеуін Добружадағы ноғайлар арасынан бастаған.
Қоңыр мұрасын зерттеп жүрген шәкірті Бабақұмар Қинаияттың айтуынша, Мандоки Қоңыр 1965 жылы осында экспедицияға келіп, құман-қыпшақ диалект сөздерінің түп негізін саралау үшін ондағы татар тілінен дерек іздеген.
Мандоки Қоңыр былай деп жазған дейді шәкірті: "Татарлар тұратын үлкен-кішілі, азды-көпті кенттерді араладым. Меджидия, Констанца маңайындағы Валеа Неагра, Когалницеан кенттерінде болдым. Олардың тұрғындары Қырымнан шыққан татарлар. Меджидия ауданының Чиочирлиа де Кос және Тулча ауданының Қарамурат кентінде де болдым. Бұл кенттердің тұрғындарының бір бөлігі Қырым ноғайлары, біразы бір кездері Қырымға қараған ноғай даласынан Добружаға келгендер", – деп жазыпты.
Сол кезде Түркияға қоныс аударуға қамданған татарлардан біршама олжаға кенелгендігін жазған. Асан Айболат есімді ақсақалдан "Шора батыр" дастанының толық нұсқасын жазып алған. Сондай-ақ жұмбақ, мақал-мәтел, азғана халық әнінің мәтіндерінің үзінділерін, сирек таралған "Едіге батыр" дастанының үзіндісін хатқа түсіріпті.
1969 жылы "Добружа татарларының тілі туралы зерттеу (морфологиялық сараптама және халық ауыз әдебиетінің нұсқалары)" тақырыбында диссертация қорғаған.
Добружаға түркілер шоғыры қайдан келді
Татарлар мен ноғайлар Қырым түбегі мен оған жапсарлас жатқан Оңтүстік Орыс жазығынан әртүрлі тарихи кезеңдерде Добружа өңіріне бірнеше лекпен қоныс тепкен.
- ХІІІ ғасырдан ХVI ғасырға дейін бұрынғы Алтын Орда империясының аумағынан үлкенді-кішілі лекпен келіп жеткен татарлардың бір бөлігі құман-қыпшақтармен араласты, біраз бөлігі сол кезде қалыптасып жатқан құман-валах жұртына, қайсыбірі бұлғарлардың құрамына сіңіп кетті.
- Қырым татарларының үлкен тобы Қырым түбегі 1783 жылы орыстардың иелігіне көшкеннен соң Добружаға қоныс аударады. Мұндағы татар тұрғындарының елеулі бөлігі – 1829 жылы орыс-түрік, әсіресе 1854 жылғы Қырым соғысынан салдарынан қонысын тастап қашқандардың ұрпақтары.
Добружаға қоныс аударған түркілерді Мандоки Қоңыр тілдік жағынан үш топқа бөліп қарастырған (1969 ж.):
- Қырым түбегінің солтүстігіндегі далалы алқапты мекендеген, көбіне мал өсірумен шұғылданған, құман-қыпшақ диалектісінде сөйлейтін татарлар;
- Қала мен ірі елді-мекендерде тұратын негізінен сауда-саттықпен айналысатын, шын мәнінде соңғы кездері татарланған таттар;
- Қырымның оңтүстік, таулы өңірінде тұратын, жер өңдеумен айналысатын Анадолыдан шыққан осман-түрік диалектісінде сөйлейтін түріктер.
Татарлар деп шын мәнінде далалық татарларды айтады және олар Добружаға қоныс тепкен қырымдықтардың денін, негізгі бөлігін құрайды. Далалық татарлардың тілі құман-қыпшақ диалектісіне жақын. Қырымның оңтүстігінен, таулы өңірден келген Қырым түріктерінің тілін аталған татар тіліне жақын деп айта алмаймыз, керісінше ол түрік тілінің басы бүтін бір диалектісі. Яғни, "далалық қырым татарлары мен қырым түріктерінің тілін бірге алып қарауға келмейді" деген пікірді алға қойған Мондоки Қоңыр болатын.
Мандоки Қоңырдың 1969 жылғы жазуына қарағанда, Добружада Дунай атырауы мен Делиорманда тұратын Қырымнан қоныс аударғандардың жиынтық саны 50-55 мың делінген.
- Румынияда – 30-35 мыңдай қырымдық татар, тат, түріктер;
- Бұлғарияда – 20 мыңдай; Оның шамамен 15-18 мыңы қырым татары, 2-5 мыңы қырымдық тат, ал қырым түріктері жоқтың қасы.
Оқу мен жаузуы:
Добружа татарларында ана тілінде оқытатын мектептер жоқ. Бұрындар татар балалары көбіне мұсылман медреселері мен түрік, болғар, румын тілінде білім беретін мектептерде оқыған. Дегенмен, татар тілінде білім беруді енгізуге бір мәрте құлшыныс болған. Ол 50-жылдары Румынияда татарлар тұрған елді мекендерде бастауыш және орта білім беретін мектептер жүйесін енгізуді қолға алған. Добружа татарларының әдеби тілі үшін, румын әліпбиіне негізделген жаңа жазуды құрастырған.
Добружадағы түркілер қалай еуропаланды?
Көп этникалық топтардан тұратын Добружа аймағына түркілер шығыстан ауып келіп орныққанын жоғарыда айттық. Османлы Түрік билігі тұсында Валах воеводствосы Дунайдың төменгі атырауын аз уақыт бойы басқарды. ХХ ғасырдың басында өңірдің негізгі тұрғындарының басым бөлігін татар, түркітілдес халықтар мен бұлғарлар құрады, ал румындар азшылықта еді.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң Добружаның бір бөлігі Румынияның қоластына өтті. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында аймақтың жаңа қожайыны Румын корольдігі түрік, татар тектес халықтардың санын азайту мақсатында өзге жұрттарды жаппай қоныстандыру саясатын жүргізді. Алғашқы қадам ретінде румын тілінде оқытатын 40-тан астам мектеп және одан да көп шіркеу салды (бұл үрдіс "пиязпішінді күмбезбен жаулап алу" деп аталады).
Кешікпей Балқаннан ондаған мың македо-романдықтарды Добружаның оңтүстігінде қоныстандырды. Романдастырудың мұндай саясаты ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарында, содан кейін дүниеге келген коммунизм тұсында да жалғаса түсті. Сөйтіп бір кездері түркі-татарлардың мекенінде румындар сан жағынан басымдыққа ие болды.
Қолданыстағы ресми мәліметтерге ден қойсақ, қазір Добружадағы түріктер мен татарлардың саны 50-60 мыңға жуық. Айта кету керек, орта ғасырларда бұл аймақ Мадияр корольдерінің Вассал аумағы болған. Коммунистік Румыния қатаң ұлттық саясаи шаралар қабылдаған. Мәселен, өздерін хұндардың ұрпағы санайтын Секей мадиярларын жер аударып, Добружада арнайы ұйымдастырған үлкен оқу лагерлеріне жіберіп отырған.
Добружадағы той еуропадағы бүкіл түркінің басын қосты
Добружадағы "Түркі-татар құрылтайы" шарасы спорт және мәдени дәстүрге, сондай-ақ татар гастрономиясына арналды. Добружалықтардан басқа, шақырылған қонақтардың қатарында Молдавиядағы Ғағаузия автономиясынан, андолы түріктері, қазақтар, Қазан татарлары, бұлғариялық татарлар мен түріктер және мадиярлар болды.
"Тұрандықтар" әуелде түріктер негізін қалаған Қарасу деп аталған, қазіргі атаумен Медгидия қаласында жауынгерлік шеру өткізген.
Шерудің басында Мадияр-Тұран қауымдастығының көне қару-жарақпен қаруланған сайлауыт жігіттері, тарихи байрақтарды желбіретіп жүрді. Оның сапында Түркияның Бурса қаласынан келген Мехтер әскери оркестрі өнер көрсетті. Шеру Констанца қаласының орталығында қайталанды. Салтанатты тамашалаған сан мыңдаған жергілікті тұрғындарға ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанын айтысып жатты.
Ертеңінде "Тұрандықтар" Мангалия қаласының теңіз айлағында екі киіз үй тігіп, байырғы мәдениеттің сән-салтанатына арналған шара өткізді. Күні бойы толастамаған көреремендердің қызығушылығында шек болмады, әсіресе киіз үйді жығуына дейін тамашалағандар болды
Айлақта жауынгерлік шоу: сайыс, жүгіру, қамшыгерлік, таяқпен қорғану, күрес, және өзін-өзі қорғау сияқты дәстүрлі спорт түрлері қамтылды. Сонымен қатар, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті.
Салтанатты қабылдаудан кейін Мадияр-Тұран Қауысдастығы мен Добружадағы шараны ұйымдастырушы Наим Белгин және Дервис Мемур қатарлы азаматтар арасында ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол қойылды. Түркі-татар қауымдастығы 2020 жылы Мажарстанда өтетін Тұран халықтарының Құрылтайына ресми шақырылды.
Еуропадағы түркілердің жалғыз автономиясы – Ғағауызия
Ғағауызстан – (ғағауызша: Gagauziya немесе Gagauz Yeri; ромынша: Găgăuzia; орысша: Гагаузия), ресми Ғағауыз Аутономиялық Территориялық бірлігі (ромынша: Unitatea Teritorială Autonomă Găgăuzia), бұл Молдованың құрамындағы ғағауыз халқының елі. 170 мыңға жуық халқының 85%-і ғағауыздар. Діні христан.
Ғағауыздар қырым татарларына жақын, көк оғыздардан шыққан түркі тілдес халық. Шамамен XIII ғасырда барып қоныстанған. Жалпы саны 250 мыңға жақын.