Неге жаңалықты бірінші отандықтан емес, америкалық басылымнан естиміз?

Күні кеше америкалық The Washington Post басылымы Қазақстанның Сыртқы Істер министрлігіне сілтей отырып, 2 мыңнан астам этникалық қазаққа өз еркімен Қытай азаматтығынан шығып, Шыңжаң өңірінен кетуіне рұқсат берілгенін жазды.

The Washington Post басылымында шыққан мақалада Қытай билігінің Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және тағы басқа мұсылман ұлт өкілдерін үйрену лагерлеріне қамауы Қазақстан үшін үлкен мәселе екені жазылады. Небәрі 18 миллион халқы бар Қазақстандағы мемлекеттік басылымдар ең үлкен саудалас ел деп саналатын Қытайдағы этникалық қазақтардың басына түскен қиындықтар туралы үн қатпады.

ҚР СІМ баспасөз қызметі 2 мыңнан астам этникалық қазақтардың кетуіне Қытайдың өткен жылдың желтоқсан айында рұқсат бергені жайлы америкалық басылымға мәлімдеген. Бірақ, нақты кімдердің босатылатыны мен олардың қашан Қазақстанға өтетіні жайлы нақты дерек бермеген.

"Баспасөз жиындарына 1-2 тілші ғана келеді"

"Атажұрт ерікті жастары" ұйымының өкілі Серікжан Біләш белсенді отандастармен бірге Қытайдағы туысымен байланыссыз қалған қазақтардың басын қосып,олардың жанайқайын халыққа және үкіметке естіртуге тырысып, мәселені көтеріп жүргеніне екі жылдан асты. Ол қазақстандық тілшілердің Қытайдағы қазақ қорғауға құлықтары жоқтай бейтараптық танытып, шырылдап ұсынған қаншама мәлімет–деректерге құлақаспай, жарияламай жүргендерін айтады.

– Біз әр жиын сайын журналистерге өзіміз жинаған нақты ақпаратты барынша қысқа да нұсқа етіп дайындаймыз. Жәбір көргендер мен қамаудағы қазақтардың туыстарын шақырып, қаншама баспасөз мәслихаттарын ұйымдастырдық. Журналист келсе, нақты мәлімет алатындай барлығын дайындадық. Қай тілде алғысы келсе, сол тілде береміз. Қазіргі таңда біз кез келген ақпаратты 6 тілге аударып, таратып отырмыз. Бірақ, өкінішке қарай, қағаз бен қалам ұстағандардың үкіметті мақтаудан басқа шаруасы жоқ. Жиындарға әдетте 1-2 тілші ғана келеді, – дейді Серікжан Біләш informburo.kz тілшісіне.

Серікжан қытай және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Отандық журналистерден күдер үзіп, өздері бел шеше кіріседі. Кейінгі жиындарын үш тілде өткізіп, барынша әлеуметтік желілерде таратуға көшті. Жеке азаматтардың оқиғалары жайлы қағазға түсіріп, шетелдік басылымдарға жіберіп отырады. Қазіргі таңда олар Қытайдан Қазақстанға көшкен қазақтардың көмегімен тұтқында жатқандардың нақты санын анықтауға тырысып жатыр.

Кейбір сарапшылар Серікжан Біләш бастаған белсенді жастар болмағанда қазақ билігінің Сайрагүл Сауытбайды Қытайға экстрадиция жасап жіберуі мүмкін екенін айтады. Сот залында Сайрагүл үйрену лагерлері жайлы шындықты ашып айтып, Қытайда оны өлім күтіп тұрғанын жеткізген болатын. Халықтың азаматтық позициясын бірігіп ұстануы ғана оның тарихи отанында қалуына ықпал етті.


Қытайда туысы қалған қазақстандықтар олардың өміріне алаңдаулы / Фото ap.org сайтынан алынды

"Атажұрт ерікті жастары" ұйымы белсенділерінің жан-жақты сауатты әрекеттерінің арқасында Қытайдағы қазақ мәселесін халықаралық деңгейдегі Financial Times, Associated Press, The Washington Post, The Guardian, The Japan Times, The Diplomat, Hong Kong Free Press және тағы басқа басылымдар көтерді.

"Азаттық" азаттық үшін күресіп жатыр

Азаттық радиосының тілшісі Нұртай Лаханның айтуынша, Қытайдағы этникалық қазақтарды 2017 жылдың қаңтар айынан бастап тұтқындай бастады. Бұл мәселе Қазақстанда сол жылдың сәуір айынан көтеріліп, қазақстандық журналистер белсенді атсалысты. Бірақ небәрі бір ай өтпей, 2017 жылдың мамыр айынан телеарналар мен басылымдардың тілшілері бұл мәселені көтеруді бірден қойды.

Азаттық радиосы Қытайдағы қазақ мәселесін жиі көтереді. "Атажұрт ерікті жастары" өкілдерімен үнемі байланыста болып, кез келген жаңа ақпаратты үдетіп таратуға атсалысып отыр.

– Ең басында Қазақстандағы барлық телеарналар осы мәселені өте белсене жақсы көтерді. Кейін Қазақ билігі тарапынан тыйым болды. Тіпті "Атажұрт" белсенділерінің жиын ұйымдастыруына құқық қорғау органдары кедергі келтіруге тырысты. Қазақ үкіметі Қытаймен жағдайды қиындатып алғысы келмеді. Сондықтан журналистерді шектеген, – дейді Нұртай Лахан informburo.kz тілшісіне.

Қазақ белсенділерінің мүмкіндігін Қытай онша бағаламаған

"Атажұрт ерікті жастары" ұйымының құрушысы, Халықаралық Қытай зерттеу институтының директоры Қыдырәлі Оразұлы көрші елдер ішінде Қытайдың "жұмсақ күш" саясатынан жәбір көрмегені жоқ дейді. Ұйғыр және тибет сынды Қытайдағы аз ұлт өкілдері бірнеше онжылдықтардан бері қысым көріп келеді. Бірақ, олардың дауысы мен айтқан даты сыртқа жетпеді.

– Қазақстаннан Қытайға барып, ұсталып қалған қазақтардың саны 10 мыңға жетеді. Қазақстанға көшкенімен ел азаматтығын алып үлгермеген сәтте Қытай билігі паспортты жаңартамыз деген сылтаумен оларды кері шақыртады. Солардың көп бөлігі шетелге шығатын паспортын кері ала алмаған. Ал тағы бір бөлігі күштеп лагерлерге жөнелтілген. Ал The Washington Post басылымы жариялаған ақпараттағы 2 мың қазақ – сол паспорты қайтарылғандар мен бірен-саран лагерлерден шығарылғандар болып отыр. Олардың босап шығуына, біздің БҰҰ конференциясында жасаған мәлімдемеміз себепші болды, – дейді Қыдырәлі Оразұлы.

Ол өткен жылдың қараша айында БҰҰ-ның Женева қаласында өткен 31-сессиясына қатысып, Қытайдағы саяси лагерде жатқан 1000 қазақтың арызын нақты дәлелдермен көрсеткен. Сонымен қатар, әке-шешесі ұсталған қазақтардың бес жүзге тарта баласынан видеомәлімдеме жазып алып барған.


Қазақ белсенділері Швейцарияның Женева қаласында өткен БҰҰ сессияна барған сәтінен / Фото Қыдырәлі Оразұлының жеке мұрағатынан алынды

– Мен әр азаматтың аты-жөні, паспорт нөмірі, туған жылы, қай кезде және қайда ұсталғаны, қай лагерге жөнелтілгені және бұл ақпаратты кім бергеніне шейін түгендеп, мың адамның тізімін БҰҰ өкілдеріне ұсындым. Өзіммен бірге саяси лагерде болған қазақты ертіп бардым. Ол лагердегі жағдайдың қиын екенін ашық жеткізді, – дейді Қыдырәлі Оразұлы informburo.kz тілшііне.

Жиналған ақпаратты Қыдырәлі Оразұлы сессияға дейін БҰҰ адам құқығын қорғау саласының мамандарына алдын ала көрсеткен. Сосын қазақ белсенділері БҰҰ сессиясында бірінші болып сөз сөйлеу мүмкіндігін алады.

– Сол жиында Қытай үкіметінің 14 өкілі отырды. Олардың ешқайсысы ешқандай қарсы пікір білдіре алған жоқ. Көп өтпей, БҰҰ тарапынан біз берген деректер негізінде Қытай өкілдеріне талаптар қойылып, Қытай үкіметі лагерлердің бар екенін мойындады. Содан кейін қазақтарды біртіндеп босату шешімін қабылдап отыр, – дейді Қыдырәлі Оразұлы.

Ол қазақ белсенділерін Қытай билігі онша бағаламағанын айтады.Тіпті БҰҰ мамандары бізге дейін ешбір аз ұлт өкілінің бұлай мұнша дерек жинап ұсынбағанын айтыпты. Ал Қытай билігі тәуелсіз отаны бар қазақтарға қысым көрсетіп, халықаралық сахнада абыройынан айырыла жаздағанын түсінді.

– Енді осыдан бастап елге оралатын қазақтар саны арта түсетініне сенімдімін, – дейді Қыдырәлі Оразұлы informburo.kz тілшісіне.

"Қазақстанда Қытайды зерттейтін институт жоқ"

Қыдырәлі Оразұлы Қазақстанда Қытайды зерттейтін институттардың жоқ екенін айтады. Сол себепті де ол көрші алып елдің жүргізіп жатқан саясатын, экономикалық бағдарын, мәдениеті мен білім беру құрылымдарына шейін зерттеуге көшкен.


Қазақ белсенділері Женевадағы БҰҰ кеңсесінде / Фото Қыдырәлі Оразұлының жеке мұрағатынан алынды

– Бүгінге дейін Қытайдан Қазақстанға үш жүз мыңдай қазақ көшкен. Солардың арасынан оқыған, жоғары білімі бар, өз ұлтын сүйетін 100 қазақты жинауды көздеп отырмыз. Осылай біз Қытай саясатынан бастап, Қазақстанға Қытайдан келіп отырған инвестициялық жобаларға шейін зерттеумен айналысамыз. Оның Қазақстанға қаншалықты тиімді боларын анықтаймыз, – дейді Қыдырәлі Оразұлы.

Қыдырәлі Қытайда Орта Азияны зерттейін 200-ге жуық институт бар екенін айтады. Ал оның 14-і тек Қазақстанды зерттеумен айналысады екен.

"Сең қозғалды"

Белгілі саясаттанушы Дос Көшім informburo.kz тілшісіне Қазақстанның шын мәнінде Қытайдың ішкі саясатына араласа алмайтынын айтады. Қытайдың азаматы болғандықтан ол жақтағы этникалық қазаққа араша түсуге халықаралық заң шеңберінде Қазақ билігінің еш құқы жоқ. Бірақ, тұтқындалғандардың туыстарының Қазақстанда болуы жағдайды күрделендірді.

– Қарапайым азаматтардың белсенділігі, әсіресе, Қытайдан келген қазақтардың Сайрагүл жағдайына бейжай қарамауға шақыруы, оның босап шығуына белгілі бір деңгейде көмектесті. Қазақ билігі сол кезде азаматтық танытты, – дейді ол.


Қытайдың Шыңжаң провинциясындағы саяси лагерлердің орналасу картасы / Фото azattyq.org сайтынан алынды

Айта кетсек, ҚР СІМ ресми мәлімдемесіне қарай, өткен жылдың қараша айында Қытайда Қазақстанның 29 азаматының тұтқындалғаны белгілі болды. Қазақ билігінің араласуы арқылы олардың 15-і елге оралған. Ал, қалғандарының тағдыры белгісіз.

– Қытай билігінің жүргізіп жатқан "жұмсақ күш" саясаты Орталық Азияға, әсіресе, Қазақстанға қауіпті екенін әр кез айтамын. Қазақ билігі менің ойымды енді ескере бастаған сияқты. Сең қозғалды, – дейді Серікжан Біләш.

Қытай Қазақстанмен қарым-қатынасын ушықтырғысы келмейді

Қазақстандағы наразылықтарды ескере отырып, Қазақ билігімен қарым-қатынасты қиындатпау үшін Қытай билігі осындай қадамға барып отыр деген пікірімен қытай текті америкалық заңгер әрі колумнист Гордон Чанг АҚШ-тың Стэнфорд Университетіндегі Гувер Институтының сайтында бөлісті.

– Қытайдағы үйрену лагерлері бастапқыда ұйғырдың ұлтшыл сепаратистеріне арналып салынды. Интернеттегі ресми деректерге сүйенсек, соңғы он жылда миллионға жуық ұйғыр қамалған. Ал, Шыңжаң провинциясында террористік шабуылдардың болу қаупі төнді деп соңғы екі жылда лагерлерге діни сенімі бар және коммунистік идеяны құптамайтындар жіберіле бастады. Мұсылмандардың арасында қазақтар да болды, – дейді Гордон Чанг.

Ұйғырлардың тәуелсіз елі болмағандықтан Қытай билігі оларды қатаң бақылауда ұстауға мүдделі екенін айтады. Ал, қазақтарды қамауға, шын мәнінде, еш себеп жоқ.

– Қытай билігі этникалық қазақтарды тұтқындау арқылы тек өз абыройына нұқсан келтіріп отырғанын түсінді. Біріншіден, Қытайдағы қазақтардың саны ұйғырлармен салыстырғанда әлдеқайда аз. Екіншіден, олардың арасында сепаратистік идеяны дамытып отырған ешкім жоқ. Себебі азаттықты аңсаса, Қазақстанға көше алады. Үшіншіден, олар дәстүрлі дінді ұстанады, – дейді америкалық сарапшы.

Гордон Чанг Қытай билігі алдағы уақытта өзге де қазақтарды босататынына сеніммен қарап отыр. Олай етпесе, Қытай мен Қазақстанның арасында саяси әрі экономикалық қарым-қатынас нашарлауы мүмкін. Бұл, әрине, алдымен Қазақстанға тиімсіз. Бірақ, халықаралық тұрғыдан Қытайдың сыртқы саясатына да кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан, қазақтарды босату екі елге де тиімді.