Елордадағы "Сарыарқа" сауда орталығында екпе алғандарға сыйлықтар таратылды
Вакцинацияға келгендер жеңілдік купондарын ала алады.Егу пункттері орналасқан сауда орталықтары мен сауда үйлерінде вакцинацияланғандарға сыйлықтар таратылуда. Елордалық "Сарыарқа" сауда орталығында екпеге келгендерге жеңілдік купондары үлестірілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің сайты.
"Біздің вакцинация пункті 12 мамырда ашылды. Ол күн сайын 10.00-ден 22.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Екпе алғанғандар үшін Actual Optic-тен 5 мың теңгеге жеңілдік купоны бар. Сондай-ақ, олар бланкті толтырып, кинопаркте жеңілдік ала алады. Ересек адамға – 1500 теңге, студенттерге – 1200 теңге", – деді СОО әкімшісі Ажар Әбілғазина.
Оқи отырыңыз: Медсақтандыру бойынша оңалтудан қалай тегін өтуге болады? 8 сұраққа жауап
Тұрғындар екпе салу нүктелеріндегі дәрігерлердің жұмысына ризашылық білдірді.
"Мен вакцинаның екінші компонентін алдым, пікірім оң. Дәрігерлер бәрін түсіндіреді: жанама әсерлер туралы және т.б ақпараттың барлығынан хабардар етті. Алғашқы вакцинадан кейін жанама әсерлер болған жоқ. Барлығы жақсы өтті", – деді елорда тұрғыны Дияр Тасым.
Елордада коронавирусқа қарсы 100-ден астам егу пункттері ашылды: Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерінде, сондай-ақ ірі сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде. Олардың қатарында Mega Silk Way, Keruen, "Хан Шатыр", "Сарыарқа", "Еуразия", "Абу-Даби Плаза", "Азия Парк", "Биг Шанхай", Орталық базар, "Әлем" және "Артем" бар. Вакцинация пункттері демалыссыз сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді.
Халықтың жоғары белсенділігін ескере отырып, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы еңбек ұжымдарын жаппай вакцинациялауды бастаған көшпелі бригадаларды ұйымдастырды.