Ішкі істер басқармалары бұдан былай полиция департаменті деп аталатын болды

Тәртіп сақшыларының саласын реформалау осындай жаңалықпен басталды. Аудандық ішкі істер басқармалары полиция департаменті болады. Сонымен қатар көліктегі ішкі істер департаменті де көліктегі полиция департаментіне өзгертілді.

Фейсбук – БАҚ-тан кем түспейтін байланыс құралы

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы А.Шпекбаев осылай дейді. Ол қарамағындағы жетекшілердің бәріне әлеуметтік желіге тіркелуге тапсырма берді. "Дамыған елдердің көпшілігінде мемлекеттік органдар әлеуметтік желі арқылы ресми жауап таратады. Біз де біртіндеп осыған келе жатырмыз", – деді А.Шпекбаев.

Қош бол, қызметтік көлік

Астана әкімдігіндегілер таксиге отырып, қызметтік көліктерін әкімдікке қарасты мекемелерге бөліп берді. Ең қымбат Mercedes Benz S500 и Mercedes Benz S500 4 Matik көліктері қалалық шаруашылық басқармасы мен бейбітшілік және келісім сарайының балансына берілді. Барлығы 113 автокөлік 29 ұйымға таратылды.

Ботаникалық баққа 240 теңгемен кіресіз

Алматы прокуратурасының араласуымен ботаникалық бақтың біраз тарифтері төмендетілді. Бақта кино, видео түсірілім жасау сағатына 5000 теңгеден – 2400 теңгеге, фототүсірілім 3000 теңгеден – 1200 теңгеге түсті. Бұған дейін той көліктерін бақ ауласына 1000 теңгеге кіргізіп келген болса, енді тегін кіріп-шығады.

Астана әуежайында капсулды қонақ үй ашылды

Ақысы бірінші сағатқа – 1500 теңге, әр келесі сағат үшін – 1000 теңге. 7 жасқа дейінгі балаларға тегін. Футуристикалық жаңа қонақ үйде душ қабылдап, жапондық технологиямен дайындалған ұйқыға арналған ультра-заманауи капсулаларды пайдаланып, демалуға болады. Әрбір капсулада ортопедиялық керуетте жатып, музыка тыңдауға, кино көруге болады. Онда Smart TV, интернет, сейф, жазу үстелі, желдеткіш, оятқыш, сағат, ұялы телефонды қуаттандыру құрылғылар бар.

Жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау көп

Суицид жасөспірімдер арасындағы өлім-жітім себептері бойынша алдыңғы орында тұр. ҚР Қоғамдық даму министрі Д.Кәлетаев ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылы елімізде 14-28 жас аралығындағы 970 азамат өз-өзіне қол жұмсаған. "2017 жылы бұл көрсеткіш 818 төмендегенмен әлі де болса азайды деуге аузымыз бармайды" дейді министр.

Ақтөбеде лифтіде мерт болған тележүргізушінің ісі бойынша кінәлілер жазаланды

Лифтіге қысылып мерт болған тележүргізуші А.Әбдісаматтың өліміне кінәлі деп танылған лифтші-механик Ж.Ақжанов 4 жылға сотталып,сот залынан қамауға алынды. Ол қайғылы жағдай болардан 2 апта бұрын лифт кабинасын жөндеген. Ал, қызмет көрсетуші "Жаңабек Сервис" ЖШС директоры Ж.Кененов шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған тұрғылықты мекен-жайын ауыстыруға, сондай-ақ коммерциялық ұйымда 5 жылға дейін жұмыс жасауға тыйым салынды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Демалыс күндері ауа райы қандай болады? 20-22 қазанда республиканың көптеген облысында күн бұлтты болады және қар жауады. Оңтүстік-шығыста алдағы түні кей жерде қар жаууы мүмкін және күндіз ауа температурасы плюс 13…20°С дейін жылынады.

sputniknews.kz: Сыртқы істер вице-министрі Мұхтар Тілеубердінің миы шайқалып, ауруханаға түсті. Ол Астанада өткен сенбіде әйелімен бірге отбасылық отырыстан қайтып келе жатып, көктайғақтан аяғы тайып құлайды. Асфальтқа басын соғып, ауруханаға жеткізілген.