Мәдина Әбілқасымова Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары болды

Бұған дейін ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған еді.

Елімізде шетелдіктерге туристік жарна төлеу міндеттеледі

2022 жылдан бастап Астана, Алматы, Шымкент әуежайларында "Tax Free", яғни сатып алынған тауарға қосылған құн салығын қайтару жүйесі енгізіледі. Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының айтуынша, бұл жаңалықты енгізуге Грузия, Чехия және Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесі негізге алынып отыр. Осының арқасында көптеген дамыған ел сауда айналымын ғана емес, шопинг-туристердің ағынын да ұлғайтып отыр дейді министр.

Бюджеттік жүктемені төмендету үшін тек шетелдік азаматтардан бір түнге 2-4 доллар мөлшерінде "Bed Tax"-ке ұқсас туристік жарна алу тәжірибесі енгізіледі. Аталған шара мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап бүкіл Қазақстан бойынша әрекет ететін болады.

Полторанин қан тапсырған, бірақ допинг қабылдамаған

ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы осылай деп мәлімдеді. "Оның Германияда дәрігерге барып, қан тапсырғаны дәлелденіп отыр. Спортшының кінәсі – допинг пайдалану емес, оны пайдалануға әрекеттену. Бас жаттықтырушы да оның қан құйдырмағанын айтып отыр. Австриялық полиция қызметі де осыны ресми мәлімдеді", – дейді министр. Бұл ретте ведомство басшысы министрліктің допинг қабылдауға қарсы екенін, мүдделі мекеме ретінде спортшыны қорғауға тиіспіз дегенді баса айтты.

Қазақстан әлемдегі ауасы ең лас елдердің тізімінде 20 орында

Әлемнің 73 елінің арасында жүргізілген рейтинг нәтижесінде Қазақстан 29,8 µg/m³ көрсеткішпен 20 орынға жайғасты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасына сай бұл көрсеткіш 10 μg/m3 болуы тиіс. Рейтингте орталық азия елдерінің ішінен Өзбекстан ғана Қазақстаннан алға шығып, 16 орыннан көрінді.

Ауасы лас елдердің тізімінде көрші Ресей 58, ал Украина 49 орында. Ауасы ең таза ел Исландия (5 μg/m3). Антирейтингтің көшбасында Бангладеш (97,1 μg/m3).

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігі жобаны ашық үкімет порталының сайтында жариялады. Онда атаулы әлеуметтік көмекті алуға үміткер тұлғалардың жиынтық табысын есептеу ережесіне қатысты өзгерістер келтірілген. Құжатта отбасының жиынтық табысын есептеуде мүгедектік бойынша жәрдемақыларды, көп балалы аналардың да ("Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері,"Батыр ана", І, ІІ дәрежелі Ана даңқы иегерлері) ай сайынғы жәрдемақыларын, студенттер, аспиранттар мен докторанттардың стипендияларын есептемеу ұсынылып отыр.

Алматылықтарды сыбайлас жемқорлықтан гөрі экология мәселесі алаңдатады

"Страгегия" қоғамдық қоры жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. Қазақстанның 14 облысынан сауалнамаға 4 мыңнан астам адам қатысып, пікір білдірген. Халықтың 58 пайызы азық түлік бағасының өсуіне, 54 пайызы жалақының деңгейіне қатысты, 47 пайызы тұрғын үй проблемасына алаңдайды. Қылмыс пен жемқорлыққа қарағанда алматылықтар экология мәселесіне (44%) жиі бас қатыратынын айтқан.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұмауға қарсы жаңа стратегия әзірледі. Дүниежүзінде жыл сайын 1 млрд адам тұмаумен ауырады. 3-5 млн адам оның ауыр түріне шалдығады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) тұмауды жаһандық ауқымдағы қауіпті індеттердің бірі деп атап, қауіпті вирусты емдейтін және алдын алатын жаңа стратегияны ұсынды. Ол 2030 жылға дейінгі кезеңге есептелген. Жаңа стратегияны жүзеге асыру үшін жыл сайын 4,5 млрд доллар қаржы керек.

24.kz: Апта сайын 400 адам қызылша жұқтырып жатыр. Еліміздің Бас санитар дәрігері Ж.Бекшиннің айтуынша, ағымдағы жылы өзгеше инфекция екпе салатын жасқа толмаған 12 айлық балаларға жұғып жатыр. Осыған байланысты балаларға 9 айында екпе салынбақшы. Екінші кезекте науқастармен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлерге, сонымен қатар вакцинаның негізгі бөлігі екпе салдыруды қалаған адамдарға салынады. 2018 жылдың қарашасынан бері Қазақстанда қызылшамен аурудың 4 мыңнан астам дерегі тіркелген.