Жапонияда туып, Ақтаста жерленген Ахико жайлы фильмнің түсірілім алаңынан репортаж
Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы "Ақтастағы Ахико" (шартты атауы) тарихи фильмінің түсірілімін қайта қолға алды. Фильм Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай түсіріліп жатыр.
Шынайы оқиғаға негізделген ауқымды тарихи киножобада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кеңес әскеріне тұтқынға түсіп, кейін Қазақстандағы түрме лагеріне жабылған Жапонияның әскери училищесінің курсанты Ахико Тецуроның өмір жолы мен тағдыры баяндалады.
Фильм сюжеті бойынша лагерьде жас жапон жігіті нағыз соғыс қаһарманы, "өз" соғысын ерлікпен бастан кешкен, Кеңес әскері қатарында қызмет еткен және Берлинге қарсы шабуылға қатысқан қазақ Ақажанмен кездеседі. Содан кейін ол Жапон соғысына жіберіліп, жараланған соң сонда тұтқынға алынады. Елге оралғанда Ақажан "сатқын және халық жауы" ретінде сотталады. Екі тағдыр, екі әлем, бір соғыстың екі жауынгері лагерьде бетпе-бет келеді.
Фильмнің продюсері Әлия Уәлжанова Ахико Тецуро туралы фильмді түсіру идеясы осыдан 14 жыл бұрын пайда болғанын айтады. Ал түсірілім жұмыстары 2019 жылдың басында басталған.
"Бұл жобаға өте ұзақ дайындалдық. 2007 жылы архивтегі газеттердің бірінен Жапонияның императорлық әскери училищесінің курсанты Ахико Тецуроның 15 жаста тұтқынға түскені жайында оқыдым. Сол заманда Карафута аталған аралда тұтқынға түседі. Сосын оны Қазақстанға жер аударады. Ең алдымен жас баланың тағдыры қызықтырды. Біз Ахиконы тауып, 2007 жылы Қарағандыдағы Ақтас ауылына бардық. Ол туралы деректі фильм түсірдік. Өз тағдыры туралы әңгімелеп берді. Нәтижесінде осы көркем фильмнің синопсисі дүниеге келді. Авторлық құқық алдым. Бірнеше жыл бойы Мәдениет министрлігіне толықметражды фильм шығару туралы өтінім жібердік. Әртүрлі жағдай болып, идея жүзеге аспады. 2018 жылы министрліктен "Қазақфильм" киностудиясының қолдауымен толықметражды кинокартина түсіру туралы ұсыныс түсті", – деді Әлия Уәлжанова.
2019 жылы кинокартинаның 30 пайызы түсірілген. Түсірілім командасы Жапонияға бара алмағандықтан қоюшы суретшілер мен құрылысшылар Қапшағайда Карафуто аралының соғыс жылдарындағы көрінісін дәлме-дәл көшіріп салған. 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты түсірілім жұмыстары тоқтап, биыл қайта жалғасты.
Картина Қазақстан мен Жапонияныкі болғандықтан жобаға продюсер Сано Синдзю қосылған. Ол бірнеше жыл Қазақстандағы Жапония консулдығында жұмыс істеген. Ахико Тецуромен дос болған. Өкінішке қарай, Ахико былтыр қайтыс болды. 2019 жылы продюсерлер Әлия Уәлжанова, Сано Синдзю және Ахиконы сомдайтын актер Эйсаку Огасавара Ақтасқа барып кейіпкермен жүздескен.
Сано Синдзюге Әлия Уәлжанова Ахико туралы фильм түсіру идеясын айтып хабарласқанда қуана-қуана келіскен. Алдымен деректі фильмнің, содан кейін толықметражды фильмнің сценариін жаза бастаған. Ол бұл фильмде өзге елде тұтқынға түскен шетелдіктің өзін қалай сезінетінін көрсеткісі келеді.
Эйсаку Огасавара – кикбоксингтен әлем чемпионы. Кино саласында басты рөлдегі алғашқы рөлі. Бет әлпеті, физикалық мүмкіндіктеріне қарап таңдалған. Продюсер Әлия Уәлжанова актердің Ахикоға өте қатты ұқсайтынын айтады. Ақтасқа кездесуге барғанда Ахико өзінің жас кезін сомдайтын актер Эйсаку Огасавараны көргенде толқып, көзіне жас алған.
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Сырым Қашқабаев фильмде Ақжанның рөлін сомдайды. Бұл оқиға туралы "Ақтастағы Ахико" қойылымынан кейін естіп білген. Продюсер Әлия Уәлжанова басты рөлге шақырған соң Ахико туралы мағлұмат жинай бастаған.
"Кейіпкерім немістермен, кейін жапондармен соғысып, сонда тұтқынға түседі. Кейін Кеңес өкіметі елге алдыртады. Бірақ халық жауы деген айыппен лагерьге түседі. Ахикомен кездескенде алғашында оны жақтырмайды. Оның жас та болса, қайтпас қайсарлығы, айтқанынан қайтпайтын өр мінезі ұнап Ахикомен достасып, оны қорғаштап жүреді. Фильмде осы барақтағы оқиғалар, соғыс кезінде қазақ халқының өзге елге берген көмегі, жанашырлығы, барақ ішінде қаншама ұлт құртты бөлісіп жегені көрсетіледі. Ахиконын көзін көргенде, сұхбаттасқанда сол заманда жағдай қалай болғанын, атмосферасына терең үңілер ме едік. Ахиконың Жапонияда жүргенде Қазақстанды, қазақ халқының кеңпейілдігін сағынғаны жүректі тебірентеді", – деді Сырым Қашқабаев.
"Ақтастағы Ахико" – әскери драма, шытырман, экшн жанрындағы әлеуметтік маңызы бар көрерменге арналған фильм. Ол бірнеше тілде түсіріліп жатыр, өйткені лагерьде көптеген ұлт өкілдері отырған. Шетелде көрсетілетін болса, сол елдің тіліне дубляжданады. Қазақстанда қазақ тілдегі дубляжбен шығады.
"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға алғаш рет барғанда Қазақстанда Жапонияның әскери тұтқыны өмір сүретінін айтқан еді. Жапония үшін бұл ауыр тақырып. Олар тізе бүгу, жеңіліс тақырыбын ұнатпайды. Десе де, олар бұл оқиғаға құрметпен қарап, фильм түсіреміз дегенде қолдау білдірді. Ахико Тецуро өзі туралы фильм түсірілетінін біліп кетті. Бізге батасын берді. Түсірілімді ерте бастауға не кедергі болғанын білмеймін. Авторлық құқық менде болғанымен спектакльді қойғанда ештеңе жоқ деп ойладым. Театрдың өз өмірі бар, бірақ шектеулі. Ал киноның мүмкіндігі өте көп. Спектакльмен гастрольге шығу керек болса, кинокартина стриминг платформаларға, экранға шыққаннан кейін әрі қарай өзі өмір сүре береді", – дейді Әлия Уәлжанова.
Фильм режиссері – Елдар Қапаров. Жас режиссердің сөзінше, кинокартинада Ахиконың жас кезі, екінші дүниежүзілік соғыз кезінде жүйеге қалай тап болғаны суреттеледі. Ол тарихи киноның Мқхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қойылған "Ақтастағы Ахико" қойылымынан ерекшеленетінін айтады.
"Фильмде кейіпкер өте жас бала Кішкентай адам қалай үлкен соғысқа тап болды және қалай ол тірі қалды дегенге жауап іздейміз. Бір лагерьден екіншісіне аударғанда да аман қалады. Кішкентай болса да қайсар, ішкі дүниесі мықты адам. Ахико өмірде өте кішкентай болған деп жазады. Лагерьге келгенде арық болған. Ішкі қайсарлығының арқасында тірі қалып, кейін Жапонияға барып келеді. Соңында Қазақстанға оралып, өмірінің соңына дейін елімізде өмір сүрді. Өкінішке қарай, өзімен кездесе алмадым. 2018 жылы фильмның дайындығы алдында жобаға қосылдым. Архивті ақтарып, биографиясын оқыдым. Кинокартинада бас кейіпкердің Жапонияда қалып қойған махаббатын, Қазақстанға келгенде ылғи да көз алдына елес боп оралатын бейнесін, Қазақстанның қандай ашық екенін, оны қалай қолдағанын көрсетеміз", – деді Елдар Қапаров.
Продюсер Сано Синдзю да киноның қойылымнан өзгеше екенін айтады. Ол фильмде Ахиконың нағыз мінезін көрсеткісі келеді.
"Бұл оқиға ең алдымен жастарға түсінікті болса деймін. Соғыс кезіндегі оқиға, тағдыр қазіргі заманғы кино тілімен түсіріледі. Оператор жұмысы, визуал, режиссура, актерлердің жұмысы оы уақытқа дейін түсірілген фильмдерден кішкене айырмасы бар. Кинокартинадағы жүректі шымырлататын нәрсе – бұл адамдардың арасын ажыратпайды, керісінше біріктіреді. Жапония тарабы сценарийге араласқысы келді, бірақ мемлекет қаржысына түсіріліп жатқандықтан оған жол бермедік. Қилы замандарда көп жапа шеккен еліміздегі оқиғаны көрсеткіміз келді. Бізден тұтқындарды қабылдайсыңдар ма деп сұрамады, лагерьлерді салды, атом бомбасын сынады. Біз де осы тағдырлы оқиғаның тұтқынымыз, сондықтан ең алдымен Қазақстанға басымдық бердік. Продюсер Сано Синдзю мені қолдады. 25 драфт сценарий жаздық. Кастинг директор өте тамаша жұмыс атқарды. Өзге ұлт өкілдерінің рөлін өңірлерден шақырылған талантты актерлер сомдайды. Фильмнің түсірілім жұмыстары аяқталуға жақын. Желтоқсанда өткіземіз, қашан прокатқа шығатынын "Қазақфильм" шешеді", – деп сөзін түйіндеді кинокартинаның продюсері Әлия Уәлжанова.
"Қазақфильм" киностудиясы тарихи кинотуынды 2022 жылдың соңында көрерменге ұсынылатынын мәлімдеді.
Өндірісі: Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша);
Сценарий авторлары: Лейла Ақынжан, Әлия Уәлжанова, Мадина Омарованың қатысуымен;
Қоюшы режиссері: Елдар Қапаров;
Тең қоюшы режиссерлері: Әлия Уәлжанова, Сано Синдзю;
Қоюшы операторы: Самат Шарипов;
Қоюшы суретші: Нұрболат Жапақов;
Продюсерлер: Әлия Уәлжанова, Сано Синдзю;
Басты рөлдерде: Сырым Қашқабаев, Эйсаку Огасавара.