Жәмилә Серкебаева: Халқымыз бойына Еуропа мәдениетін сіңіргенін қалаймын
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, танымал скрипкашы Жәмилә Серкебаева Informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында шығармашылығына коронавирус пандемиясы қалай әсер еткенін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Бір жыл бұрын Праймеризге қатыстыңыз. Сол кезде берген сұхбатыңызда "Қазақстанда саясат, мәдениет және экономиканың жағдайы мәз емес" деген болатынсыз. Ойыңыз өзгермеді ме?
– Біздің мәдениетіміз, экономикамыз бір орында тұрып қалды. Алға жылжымайды, дамып жатқан жоқ. Кез келген елде, тіпті әлем бойынша жағдай осы. Мәдениет құлдырап барады. Бұл факт, менің бұл сөзіммен бәрі келіседі. Мәдениет құлдырамас үшін қандай да бір күш салу керек. Біздің салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді болашаққа жеткізетін жаңа буынға, балаларға бар білгенімізді үйретуіміз қажет. Мәдениетті көтерудің жолы – осы.
Біз – өркениетті елміз. Қазақстан ұлттық қайталанбас бояуларымен ерекшеленеді, мұны әлемнің ешқандай жерінен таба алмайсың. Халқымыз бойына Еуропа мәдениетін сіңірсе екен деймін. Балалар шетелге барғанда өз мәдениетімен қатар сол елдің мәдениетін біліп тұрса, ғажап емес пе? Оны айтатын кім? Әрине, өнер адамдары, журналистер, блогерлер.
– Балаларды мәдениетке баулу идеясын үнемі айтып жүресіз...
– Иә, бұл өте маңызды. Депутат болуға үміткер кезімде де осы жайлы айтқан болатынмын. Ел экономикасын, медицина секілі кез келген саланы дамыту үшін ең алдымен мәдениетті көтеру керек. Мәдениетті адам кез келген саланы ілгерілете алады. Өйткені, ол жастайынан мәдениетпен сусындап өскен. Бұл қисынды және қарапайым дүние.
– Музыка болмаса, қай саланы таңдар едіңіз?
– Мүмкін медицина шығар, өйткені анам медицина саласында жұмыс істеді. Кейін жұмыстан шығып, өмірін өз отбасына арнады. Алайда, қазір өзімді мәдениет, өнер саласынсыз елестете алмаймын. Вокалмен шұғылданбағаныма аздап өкінемін. Классика ма, джаз ба – қандай жанр екені маңызды емес. Сол себепті келесі өмірімде міндетті түрде классика жанрының орындаушысы, әнші болар едім. Вокалмен шындап жұмыс істер едім. Осы мүмкіндікті жіберіп алған сияқтымын. Дегенмен, бар өмірімді, күшімді скрипкаға арнадым.
– Талантты, атақты адамдар шыққан әулеттенсіз. Сізге кімнің ықпалы күштірек болды?
– Атам Бекмұхамед Серкебаев ағартушы, жазушы болған кісі. Классикалық шығармаларды қазақ тіліне аударған. Өзі де кітап жазған. Ермек Серкебаев үйімізге күнде келетін, себебі анасы үйдің кенжесі – әкемнің қолында тұрды. Кіл музыканттар бас қосатын шаңырақтағы атмосфера маған қатты әсер етті. Ал әкем Мұрат Серкебаев – дирижер, халық артисі. Бүгінде Алматы қаласы әкімдігінің концерттік оркестрінің жетекшісі. Мені музыка мектебіне берді. Ең басты ұстазым әкем болды.
Опера әншісі Ермек Серкебаев та, әкем де шығармашылықты скрипкадан бастады. Фортепиано мен скрипка – негізгі классикалық музыкалық аспаптар. Екеуінсіз классикалық музыка жасау мүмкін емес. Әкем скрипка сыныбына берген кезде өзінің маған әрдайым көмектесе алатынын білген.
– Былтыр пандемия кезінде өнер адамдарының қатысуымен онлайн-концерттер жиі өткізілді. Қателеспесем, сіз де қатыстыңыз. Қандай әсер алдыңыз?
– Онлайн концертте сіз екеуіміз сөйлесіп тұрғандай байланыс жоқ. Адамның көзіне қарап та үнсіз байланыс орнатуға болады. Сіз маған өз энергияңызды бересіз, мен сізге өз энергиямды беремін. Ал онлайн-концерт мұны бере алмайды.
Елімізде басшылар онлайн-концерттің не екенін түсінбейтін сияқты. Онлайн-концерттің ақысы төленбеуі керек деп ойлайды. Қандай форматта болса да, барыңды саласың, энергияң мен уақытыңды бөлесің. Басқа елде онлайн-концерт ақысы төленетін шығар. Пандемия кезінде өнер адамдары қатты зардап шекті, өйткені жұмыс та, концерт те болған жоқ. Үкіметтен ешқандай қолдау көрмедік. Мәдениет басқармасындағыларға, осы саланың бас-қасында жүргендерге ұнамаса да, былтыр музыканттарға ешқандай қолдау болмады деп батыл түрде айта аламын. Олар, тіпті, бізді белгілі бір деңгейде "пайдаланды". Онлайн концерт өткізуге келіп, одан кейін жаппай ауырдық. Өйткені, бәрібір де ғимарат ішінде адамдармен байланыста боласың. Бізді рухани тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да қолдамады. Қиын шақта музыканттарды, өнер адамдарын кімдер қолдамағанын естеліктерімде міндетті түрде жазамын. Біз де – дәрігерміз. Ақ халаттылар адам тәнін емдесе, біз жанын емдейміз. Музыка арқылы адамдарға жылу беріп, үміт сыйладық.
– Өнер адамдарының еңбегі бағаланбай жатады. Жан бағу үшін басқа салаға ауысып жатқандар көп. Бұл мәселені Сіз қалай шешер едіңіз?
– Иә, әлі күнге дейін жалақы көтерілмеді. Музыканы тастап, басқа салаға ауысу үшін де күш-жігер қажет. Мысалы, мен олай жасай алмаймын. Мейрамханада аспаз бола алатын шығармын, бірақ карантин деп олар да бір ашылып, бір жабылып жүр. Басқа мамандыққа ауысатын өнер иелеріне қол шапалақтауға болады. Көптеген музыканттар бұлай жасай алмайды, өйткені біз бар өмірімізді музыкаға арнадық. Шынымды айтсам, бұл мәселені қалай шешу керек екенін білмеймін. Еуропадағыдай ашық аспан астындағы концерттер, іс-шараларды көптеп ұйымдастыру керек шығар. Сол кезде өнер адамдары жұмыссыз, табыссыз қалмайды.
– Жоспарларыңыз қандай? Қашан концерт бересіз?
– Ең басты жоспарым – пандемия салдарнан былтыр болмай қалған мерейтойлық концертімді өткізу. Биыл өткізуге болушы еді, бірақ залдың 30 пайызын ғана толытруға рұқсат етті. Бұл шартпен келіспедім. Аз аудиторияға барлық күшіңді, қаржыңды беруің керек. Келер жылы көрермендерім төрт жылдан бері дайындалып жүрген үлкен жобамды – жеке концертімді тамашалайды. Ерекше оқиға болатынына уәде беремін. Үлкен жобалар жасау қолымнан келеді.