Журналист Нұрбек Әмишаның Украинаның Одесса қаласында білім алып жатқан қазақстандық студент Асылмен сұхбатының шағын мәтінін ұсынамыз.

Асыл Одесса қаласындағы Мечников атындағы университеттің екінші курс студенті. Ақпараттық технологиялар мамандығында оқиды. 24 ақпанда Ресей Украинаға әскери операция бастаған күні Одесса қаласында болған.


– Ұйқыдан таңғы бесте жарылыс дауысынан шошып ояндым. Екі мәрте дүмпу болды. Көліктердің дабылы ойнап, көше шу болып кетті. Арада сағат өтпей, достарым «соғыс басталды, тез бізге қарай кел» деп жаңалықтарды жаза бастаған соң, тек құжаттарымды алдым да, солардың үйіне бардым.

Telegram, WhatsApp арқылы басқа да достарымыз Украинадан шығып кету үшін Молдоваға бет алып жатқандарын жазып жатты. Біз не істерімізді білмей, әлде де Одессада қаламыз ба деп отырғанда түскі он екіде тағы да жарылыс болды. Осыдан соң дереу шешім қабылдап, біз де бес адам болып шекараны бетке алдық.

– Достарыңыз қазақстандықтар ма?

– Жоқ, олар жергілікті студенттер, украиндер. Қалаға шыққанымызда дүкендерде су не азық-түлік болмады. Көлік көп. Жанармай құю бекеттерінде шақырымға созылған ұзын-сонар кезек. Біз жолға шыққанда Молдованың бізге жақын шекарасында блокпост қойылғаны туралы хабар келді. Сөйтіп, біз Молдова мен Румынияның шекарасына жақын Измаил қаласына қарай бет алдық.


Оқи отырыңыз: Украинадағы қазақстандық студент: Харьковта халық өз-өзімен қалды


– Қазақстандықтарды Польша арқылы эвакуация жасадығой. Елшілікке хабарласып па едіңіз?

– Иә, елшіліктің Киев және Одесса қалаларындағы бөлімдеріне хабарластым. Бірақ, 24 ақпан күні олар әлі ештеңе білмейтін. Қай қалада, қай уақытта жиналу керектігі белгісіз еді. Маған Польшамен шекараға жақын Львов қаласына баруға кеңес берді. Бірақ, Одесса мен Львов қалаларының арасы өте алыс, 800 шақырымдай. Мен бір өзім жете алмас едім.

– Одессада сізден басқа қазақстандықтар бар ма еді?

– Мен танитын төрт адам бар, Бірақ, олардың бәрі сол уақытта Қазақстанда болатын.

– Румынияға қала өттіңіз?

– Молдова шекарасына жеткенде Румыниядағы Қазақстан елшілігіне хабарласып көмек сұрадым. Өйткені, достарым украиналықтар болғандықтан, оларға Румынияға визасыз кіруге рұқсат. Ал маған виза қажет. Консул виза мәселесін 15 минутта шешіп берді. Осылайша, бірінші Молдоваға барып, қайта Украинаға өтіп, кейін Румынияға кірдім. 25 ақпан күні Галац қаласында болып, кейін елшіліктің көмегімен ел астанасы Бухарестке жеттім. Үш күннен соң Түркияның Ыстамбұл қаласы арқылы Алматыға, одан әрі Нұр-Сұлтанға ұштым. Осылай елге қайту сапарым өте ұзақ болды.


Оқи отырыңыз: Украинадағы қазақ диаспорасының жетекшісі: Ресей басып кіреді деп күтпедік, дайын болмадық


– Одессаға қайта оралсақ. Тұрғындар мұндай жағдайға қаншалықты дайын болды?

– Бәрі мен сияқты оқуда, жұмыста жүрген адамдар. Ешкім соғыс басталып кетерін білген жоқ. Білсе, бейқам отырмас еді ғой.

– Әскери жағдай туралы ешқандай нұсқаулық болмады ма?

– Мен ұрыстың бірінші күні-ақ қаладан кетіп қалдым. Оған дейін сирена ойнағанымен, бұл жағдайда не істеу керектігін білген жоқпыз. Қазір Одессада қалған группаластарым бомбапанада отыр. Өзге қалаларға, үйлеріне кеткендері де бар. Кейбірінде байланыс жоқ. Университет жабық. Әрі қарай оқудың не боларын білмеймін. Бірақ, жағдай дұрысталып, оқуымды Украинада аяқтаймын деген үмітім бар. Одесса мен үшін ең әдемі қала. Тұрғындары да ұнайды. Украин достарым, профессор оқытушыларым амандығымды сұрап, хабарласып жатыр. Олар мен үшін өте жақын, ыстық.