Тәуелсіздіктің алтын бесігі – Алматы қаласын қандай тың өзгерістер күтіп тұр?
Архитектор Сайран Фазылов Алматы қаласын абаттандыру жұмыстарына оң бағасын берді. Оның айтуынша, қаладағы тарихи ғимараттар мен саябақтарға тұрғындар таза ауамен серуендеп бара алуы керек. Бұл үшін қала әкімдігінің жауапты басқармалары Алматыны көріктендіріп, жасыл желек отырғызғанда осы жағын ескеруі тиіс. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен қалада бірнеше жолақты жолдардың орнына жүргіншілерге арналған тротуарлар салынады. Оған қоса, Республика алаңы да өзгеріске ұшырайды.
Алматының жалпы аумағының 40 пайызы – саябақтар, скверлер мен азаматтардың серуендеуіне арналған орындар. Тәуелсіздік алғалы бері қаланың жасыл желегі барынша артып келеді. Қалалық жоспарлау және урбанистика мен жасыл экономика басқармасы аталған кеңістікті тағы кеңейтуді жоспарлап отыр. Мәселен, Сәтбаев, Луганский мен Байзақов көшелерінің арасы да көркейіп өзгермек.
"Республика алаңы қазіргі уақытта тұрақ ретінде қолданылады. Бірақ, қасында сауда орталығын жасағанбыз. Енді бұл жерде қоғамдық кеңістік бар. Біз оны қазір жобаға кіргізіп, қала тұрғындарының демалуына жағдай жасауды қарастырып жатырмыз. Жоба дайын болғанда назарға ұсынамыз", – деді Алматы қаласы жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахметжанов.
Бастамашылардың сөзінше, келесі жылы бұл алаңда көліктер қаз қатар қаңтарылып тұрмайды. Оның орнына тұрғындар серуендейтін орын пайда болады. Яғни, жүргіншілер ыңғайлы болуына жағдай жасалады.
"Қалада көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесінде халықтың демалып, серуендеуіне арналған жаңа орындар жасалады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қаланы дамыту стратегиясының басым бағыттары – "жасыл қала" және "шетсіз қала" болып табылады. Тұрғындарға Алматының кез келген жерінде серуендеу үшін жағдай жасалады", – деді Алматы қаласы жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.
Жауапты мекемелер қоғамдық кеңістікті ұлғайту жұмысын бастады. Қазір әл-Фараби даңғылын кесіп өтетін Үлкен Алматы көпірінің асты абаттандырылып жатыр. Жарық жүргізіліп, әткеншектер орнатылуда. Халық қазірден бастап жаңа демалыс орнында серуендеп жүр. Мұндай өзгеріс ел егемендігінің 30 жылдығына сый болары анық.