Саясаткер: Мемлекет мықты болса, ықпалды парламент президентті бақылайды
Саясаткерлер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауына қатысты пікір білдірді.Президент Қазақстан халқына жолдауында жаңа саяси реформалардың тұжырымдамалық негіздерімен таныстырды. Оның ішінде суперпрезиденттік басқару формасынан парламенті мықты президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту туралы сөз болды. Сайлау процесін жетілдіру мен азаматтық институттар, сөз бостандығы мәселесі де бар.
Informburo.kz тілшісі саясаткерлермен тілесіп, жолдауда айтылған реформалардың қоғамға ықпалы туралы сұрады.
– Президент бүгінгі жолдауында суперпрезиденттік басқару формасынан парламенті мықты президенттік республика тәсіліне түбегейлі өту туралы айтты. Бұл еліміздің саяси өмірі үшін қаншалықты маңызы қадам?
– Бұл қадамның нақты бүгінгі Қазақстандықтар үшін әсері болмайды. Бұл болашақ ұрпаққа, Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейін болатын үшінші, төртінші, бесінші, жалпы болашақ президенттерге айтылған аманат. "Ертең президент болып жатсаңдар, айналаға туыстарыңды тартпаңдар, туыстарыңа жоғары лауазымды қызмет бермеңдер. Суперпрезидент болмаңдар. Халықты ойлаңдар. Халықтың жүйкесіне тимеңдер, халыққа зақым келтірмеңдер" деген сөз. Сіз бен бізге айтылған сөз емес.
– Саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету сайлау жүйесін қаншалықты өзгерте алады?
– Бізде көп партия болуы керек. Егер де біреудің сөзінің салмағы, беделі болып, партия құрамын десе, неге құрмасқа? Құрсын, жасасын, жинасын, елге пайдасын тигізсін. Халық таңдасын. Мысалы, біреуге "Ақ жол" ұнайды, біреуге "Ауыл" ұнайды, біреуге "Аманат" ұнайды деген сияқты адамдарда таңдау болуы керек. Пікір сыйластығы болса, бұл қоғам дамиды.
– Жолдауда депутаттардың санын қысқарту туралы да сөз болды.
– Депутаттар санын қысқарту туралы мәселені, неге қысқарту керек екенін президент бізден жақсы біледі. Бұл қысқартудың елге пайдасы болса, қысқарту керек.
– Азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдерінің рөлін арттыру, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау туралы да айтылды. Қайтсе, азамттық қоғам институттары мен БАҚ-тың рөлі артады?
– Азаматтық қоғам институттарын дамыту керек. Заңның алдында барлық адам бірдей болуы керек дегеннің бәрі дұрыс. Есі дұрыс мемлекеттің барлығында осындай. Біз, өкінішке қарай, отыз жыл артта қалып қалдық.
Ал БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізуге келсек, қоғамда ашық, еркін БАҚ болуы керек. Бірақ, менің ойымша, журналистер өзінің жазғанына да жауап беруі керек. Егер журналист шындықты жазса, оған рахмет айтуымыз керек. Ал журналист өтірік айтса, ол журналист жазалануы керек.
Оқи отырыңыз: Президенттің саяси реформалар бағдарламасының 10 бағыты қандай?
– Президент бүгінгі жолдауында суперпрезиденттіктен бас тарту және «Мықты президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» формуласын іс жүзінде орындауды ұсынды. Бұл формула еліміздің саяси өмірін қаншалықты өзгерте алады?
– Бұл өте маңызды. Мысалы, осыдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген Рим империясын алайық. Ол бес жақсы императордың арқасында өте күшті империя болды. Бірақ алтыншы император Коммод өте жаман басшы болғандықтан, Рим империясы құлады. Суперпрезиденттік республика президент өте жақсы басшы болса – өте маңызды, пайдалы жүйе. Ал билікке жаман адам келсе, өте қауіпті нәрсеге айналады. Сондықтан бізге суперпрезиденттік республика керек емес. Мықты президенттік республика болса, ықпалды парламент президентті бақылайды. Бұл болашақта өте маңызды баланс болады.
Бірнеше тарихи мысал бар. Франциядағы XIV Людовик немесе Ресейдегі І Петр, Германиядағы Отто фон Бисмарк ұлтқа өте пайдалы басшы болды. Ал Сталин, Гитлер, Пол Пот немесе басқалар жаман басшы болып, халқына өте көп зиян шектірді. Сондықтан суперпрезиденттік республика өте қауіпті.
– Жолдауда саяси партияларды тіркеу процедурасын жеңілдету туралы айтылды. Бұл қазіргі партиялық жобалардың тіркелуіне жол ашуы мүмкін бе?
– Мен мұны толықтай қолдаймын. Бізге тек қана алты емес, тағы да алты, мүмкін тағы жиырма партия керек.
– БАҚ жұмысы туралы айтылған сөздермен келісесіз бе?
– Сөз бостандығы – ең маңызды нәрсе. Бізде әлі толық 100 пайыз сөз бостандығы жоқ. Әлі де цензура бар. Сондықтан бізге өте қарапайым сөз бостандығын қорғайтын заңдар керек. Егер бір шенеунік редакцияға қоңырау шалып, мақаланы алып тастауды талап етсе, бұл қылмыс ретінде саналуы керек. Мысалы, бір олигархтар немесе сыртқы күштер біздің қоғамымызға әсер еткісі келсе, бұған қарсы аталған заңның ішінде нақты баптар болуы керек. Бірақ, біздің ішкі саясатымызда толық сөз бостандығы болуға тиіс.
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құру қаншалықты тиімді?
– Бұл ғылымда делиберативті демократия деп аталады. Делиберация – ақылдасу. Қоғамдық кеңестер мен Ұлттық құрылтай – делиберативті демократияның құралдары. Менің ойымша, әр деңгейде толық ақылдасу жасау керек. Қоғам белсенділері бірігіп, әр мәселені талқылап, ымыра жасауы керек. Оларда ешқандай саяси мандат, өкілеттілік болмайды. Олар тек талқылайтын орган. Бұл халықаралық тәжірибе. Францияда, Ұлыбританияда, Моңғолияда, Канадада осындай органдар бар.