Дәстүрлі садақ атудың классикалық садақ атудан айырмашылығы қандай? Ұлттық спорт түрі қалай дамып келеді? Informburo.kz тілшісі Қазақстанның дәстүрлі садақ ату құрамасының мүшесі Айым Тлепбергенмен сұхбаттасты.

Қызығушылықтан – ұлттық құрамаға

Айым Тлепберген, фото кейіпкердің жеке архивінен алынды.

Айым Тлепберген 37 жаста, Нұр-Сұлтан қаласында туып-өскен. Мамандығы – археология-этнология. Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетін бітірген. Қазір подкаст саласында жұмыс істейді. Жақында Megogo-мен бірге қазақ хандарына арналған аудиожоба жасаған. Садақ атумен үш жылдан бері айналысып келеді.

"Тарихқа, мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге деген қызығушылығым бұрыннан бері бар. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен олимпиада ойындарында спортшыларымыздың қалай садақ атқанын көріп, қызығып кеттім. Бірден классикалық садақ ату үйірмесіне жазылдым. Аптасына бір рет, хобби түрінде барып тұратынмын", – дейді Айым Тлепберген.

2019 жылы желтоқсан айында дәстүрлі садақ атудан республикалық үлкен турнир өтті. Сол кезде Айым федерацияның қазіргі вице-президенті Диас Ахметовпен танысып, ұйымдастыру жұмысына көмектесе алатынын айтқан.

"Сол кезде бір қызық байқадым. Классикалық садақ атуда спортшылар мектептегі сияқты ақ-қара болып, бәрі бірдей киінсе, дәстүрлі садақ атуда әркім өз аймағына сай ұлттық киім киіп келеді екен: біреу шашбау таққан, екіншісі тымақпен келген, аяғында саптама етік, қолында дәстүрлі садақ дегендей. Садақтың да түр-түрі болады екен. Оқтары да әртүрлі. Қатты қызықтым. Сол күні ұлттық спорт үздіктеріне арналған "Алтын тұғыр" марапатын табыстау кеші болды. Сол жердегі қазақи рух, қазақи орта мені баурап алды. Содан бері садақ атумен тұрақты айналыса бастадым", – дейді Айым Тлепберген.

Айымның ұлттық садақ ату жарысына қатысу сәті. Фото кейіпкердің жеке архивінен алынды.

Ыстанбұлдағы жарыс

Айым Тлепберген жақында Ыстанбұл қаласына Х Фетих кубогы халықаралық жарысына барып келді. Бұл жарыс 1453 жылы 29 мамырда Мехмет екінші сұлтанның сол кездегі Константинополді жаулап алуымен байланысты. Сол күні жыл сайын халықаралық жарыс өткізіліп тұрады. Биыл 32 мемлекеттен 500-ден астам спортшы қатысқан. 

"Оның ішінде дәстүрлі садақ атудан 65 әйел спортшы қатысты. Оның үшеуі біздің құрамадан болды. Ал ер адамдардан 124 спортшы бақ сынады. Оның 11-і – біздің спотшылар. Олардың қатарында жасы 60-тан асқан Мұхтархан Абаған деген үлкен ағайымыз бар. Алматы қаласында тұрады. Яғни, бұл спорт жас ерекшеліктеріне қарамайды. Егер Қазақстандағы жарыста жақсы нәтиже көрсетсеңіз, ұлттық құрамаға кіре аласыз", – дейді Айым.

Айым садақ ату түрлерін көліктерге ұқсатады. 

"Егер машинамен салыстырсақ, олимпиадалық садақ ату механика сияқты, өзіңіз тартасыз, атасыз. Ал компаунд деген түрі "коробка автомат" сияқты, көздеуіші бар болғандықтан аса қиналмайсыз. Ал дәстүрлі садақ атуды арбаға теңеуге болатын шығар. Себебі, бәрін өзіңіз реттейсіз, ауа райын ескересіз, садақ пен жебені сезіне білуіңіз керек", – дейді Айым Тлепберген.


Оқи отырыңыз: "Балаларды атбегілікке баулимыз". Оралдық ұстаздар қалай ұлттық ат спортын дамытып отыр?


Садақ ату да – ғылым

Дәстүрлі садақ ату спорты жақында ғана Ұлттық спорт қауымдастығының олимпиадалық емес спорт түрі бойынша тіркеуінен өткен. Спортшылары әзірге тек 18 жасқа дейінгі балалар мен 18 жастан асқан ер және әйел спортшылар деген санатқа бөлінген.

"Әзір тек осы екі санат қана бар. Бірақ, алдағы уақытта елде дәстүрлі садақ ату үйірмелері неғұрлым көп ашылған сайын, соғұрлым көп спортшы шыға бастайды. Сондықтан алдағы уақатта санаттарды да өзгертеміз деген ойдамыз. Себебі, насананы көздеу қашықтығы әртүрлі. Мысалы, 70 метрлік қашықтыққа ату үшін салмағы ауырлау садақ қолдану керек. Ал 50 жастан асқан кісілерге ол ауырлау болуы мүмкін. 25-30 жастағылар болса, оп-оңай көздеп, садақты да жеңіл ата алады. Сондықтан бәріне тең мүмкіндік жасау үшін белгілі бір санаттарға бөлу қажет.  Бірақ, дәл қазір осылай бөліп тастайтын болсақ, спортшылардың аздығына байланысты әр санатта екі-үш адам ғана қалады", – дейді Айым.

Сондықтан федерация спортшы санын көбейтуді жоспарлап отыр. Ол үшін қалада дәстүрлі садақ ату орталығы, үйірмелер ашылған. Айымның айтуынша, үйірмеге балаларын әкеліп, кейін өзі қызығып қалып қойған ата-аналар көп. Бір кісі үш ұл, бір қызымен бірге қатысады екен.

Фото кейіпкердің жеке архивінен алынды.

"Дәстүрлі садақ атудың бірнеше түрі, санаты бар. Қыста 30 метрлік, жазда 50, 60, 70 метрлік қашықтықтағы нысананы көздеуге болады. Қырғызстанда 35, 40 метрлік қашықтықтар бар. Сонымен қатар, теріс қарап тұрып ату, бір аяққа отырып ату сынды түрлері бар. Ресейде өтетін жарыстарда арбаның астынан, үстінен ату сынағы қарастырылған. Кореяда, Жапонияда да әртүрлі дистанцияьлар бар. 100-150 метрге дейінгі дистанциялар да болады екен. Бұл дә әр халықтың дәстүріне, климатына байланысты", – дейді Айым.


Оқи отырыңыз: Бүркітші қыз Айшолпан: Ұлттық киім киіп, шашымды өрсем, біртүрлі қарайтындар бар


Айымның айтуынша, дәстүрлі садақ ату спортында әр халық өзінің дәстүрлі садағын пайдаланады. Оның ұзындығы, салмағы да әртүрлі.

"Мысалы, ағылшындарда 2 метрлік садақ бар. Оны жерге тіреп тұрып атады. Бізде көбі түріктердің қысқа садағын жақсы тартады. Себебі ол 120 см ғана, шетелге шыққанда жүк ретінде алып жүруге де қолайлы. Ал қазақ садағы 130 см-ден ұзындау. Менде екі садақ бар. жақында жеңіл венгр садағын алдыртқанмын. Салмағы 33 фунт болғанымен, 60 метрге атқан кезде жел тұрса, оғын ұшырып әкетеді екен. Сондықтан  жарысқа екі апта қалған кезде 37 фунттық, ескі қысқа садағыма ауыстым. Себебі әр жарыстың өту жеріне, ауа райына байланысты садақты таңдау керек болады", – дейді Айым.

Спортшының айтуынша, садақ атудың өзі – ғылым. Желдің жылдамдығы, ауа райы, садақ пен оқтың салмағы – бәрі физика.

"Фетих кубогінде қашықтыққа ату жарысы бар. Алдағы жылдары соған да қатысып көргіміз келеді. Онда оқты қаншалықты алысқа жеткізе алатының сыналады. Оның өзінің садағы мен оғы болады. Мысалы, мен өзімнің 60 метрлік қашықтыққа қолданып жүрген 37 фунттық садағыммен оған қатыса алмаймын. Себебі, оның оғын көп дегенде 200-250 метрге жеткізе аламын. Ал ол жердегі ең төмен көрсеткіштерідң өзі 400 метрден асады. Оған өте ауыр, салмағы шамамен 90 фунт болатын садақтар, ауырлау оқтар, физикалық дайындық керек", – дейді Айым.

Фото кейіпкердің жеке архивінен алынды.

Ұлттық спортқа қаржылай қолдау қажет

"Бүгінгі күнге дейін өзіміз осы федерацияны құрып, жұмыс істеп келе жатырмыз. Осыдан екі-үш ай бұрын Ұлттық спорт ассоциациясының аккредитациясын алдық. Енді осыдан бастап жақсы қаржыландыру болады деп ойлаймыз. Себебі біз осы уақытқа дейін өтіп жатқан жарыстардың бәріне өз қаражатымыздан қатысып, өз қалтамыздан ұйымдастырып келеміз", – дейді Айым.

Айымның айтуынша, сол себептен спортшылар халықаралық жарыстардың кейбіреуіне қатыса алмай қалады екен.  Себебі, кәсіби садақтардың құны 120-150 мың теңгеден жоғары тұрады. Оның сыртында оқтар бар. Садақ пен оқты Түркия, Қырғызстан, Ресей, Венгрия, Украинадан алдырады, Қазақстанда да жасатуға болады.

"Негізі садақ пен оқты өз өлшемдеріңізге сай жасатқан жақсы. Бірақ ол қымбатқа түседі. Мысалы, менің садағым мен12 оғым 200 мың теңгенің айналысында болды. Сол 12 оқтың қазір жетеуі ғана қалды", – дейді Айым.

Биыл тамыз айында Түркияның Кония қаласында ислам мемлекеттерінің ойындары, күзде Түркияда көшпенділер ойындары өтеді.

"Қырғызстанда да бірнеше жарыс жоспарланған. Былтыр біз ол жақта өткен жарыстан екінші орын алып келдік. Екінші рет барғанымызда екі спортшымыз табақ атудан алтын және күміс жүлде иеленді. Бұл біз үшін өте жақы жетістік. Жалпы садақ атудан қырғыз ағайындарымыз өте нәтиже көрсетіп жүр. Фетих кубогінен үнемі орын алып қайтады. Сондықтан, егер біз қырғыз бауырларымызбен неғұрлым көп тәжірибе алмасып, солардың деңгейіне шықсақ, әлемдік деңгейде де жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз деген сөз", – дейді спортшы.