Қазақстандық оқушылар қалай Amazon мен Google мамандарын таң қалдырды?
Алматылық 7-9 жастағы Диар, Даниал, Дэниел және Демид тауар жеткізуді жеңілдететін дрондары бар пойыз әзірледі.Биыл АҚШ-тың Хьюстон қаласында робототехникадан First Lego League әлем чемпионаты өткен болатын. Бұл байқауда қазақстандық жас техниктер Challenge Solution Award – "Ең үздік жобалық шешім" номинациясын жеңіп алды. Ұсынған жобалары Google, Amazon секілді алпауыт компаниялардың өкілдерін таң қалдырған.
Informburo тілшісі Ustem Robotics компаниясының өкілі, балаларды халықаралық жарысқа дайындаған тренер Қажымұқан Рейнбаевпен сұхбат құрды.
– Оқушылар халықаралық чемпионатқа қалай іріктелді?
– Ақпан айында Сулейман Демирель университеті базасында Ustem Robotics қоры Қазақстан чемпионатын өткізді. Оған қатысқан 7 мыңға жуық оқушының ішінен 700 бала ұлттық кезеңге жолдама алды. Чемпионатта әр санаттан бір командадан іріктеп алдық. Жасы үлкендеу балалардың командасына екі жолдама берілді. Жеңіске жеткен командалардың халықаралық жарыста жақсы өнер көрсетуі үшін біз де дайындадық. Қазақстаннан алпысқа жуық адам барып келдік. Олармен бірге ағасы, ата-анасы да барды.
Бұл бағдарлама 30 жылдан бері жұмыс істейді. Жыл сайын өтетін байқаудың тақырыбы да әртүрлі. Биыл оқушылар логистика тақырыбында инновациялық шешімдер ұсынуы керек болды. Қызығы, әлем чемпионатына қазақстандық оқушылар бірінші рет қатысты. Жарыс өте қызық өтті. Көптеген жоба әзірленді.
– Чемпионат нәтижесі қандай?
– Чемпионатқа үш жас санаты бойынша төрт команда апардық. Әр командада 4-5 бала бар. 14-18 жас аралығындағы First Tech Challenge санатына екі команда өтті. Бірі – Назарбаев зияткерлік мектебінің, екіншісі – Quantum STEM School оқушылары. FIRST LEGO League Challenge санатында Robotek деген робототехника мектебінің командасы First Lego League Challenge санатында 16-орын алды. First Lego League Explore санатында бақ сынаған командамыз жарыстағы ең беделді "Ең үздік жобалық шешім" номинациясына ие болды. 7-9 жастағы Диар, Даниал, Дэниел және Демид төрттігі – LEAS орталығында робототехника курсын оқып жүрген оқушылар.
Байқауға алғаш рет қатысқан ұлттық құрама үшін бұл – тамаша көрсеткіш. Қарсыластары тәжірибелі бола тұра, намысты қолдан бермеді. Балалар жарысқа қатысқанына қуанышты.
Оқи отырыңыз: BilimLand, Daryn.Online, Opiq және өзге онлайн оқу платформалары. Қолдану нұсқаулығы
– Балалар ең кішкене тобы қандай жоба ұсынды?
– Оқушылар шағын қалаларға тауар жеткізуді жеңілдету үшін дрондары бар пойыз жасады. Пойыз белгілі бір станцияға жақындағанда дрондар одан ұшып шығып, арнайы "дрон қабылдау базасына" барады. Сол жерге сәлемдемелерді қалдырып, одан ары пойызға оралады. Бұл сәлемдемелерді жеткізуді және өңдеуді тездетеді.
Сайыс кезінде қазылар алқасы лего конструкторлары бар тақия киген балалардың жанынан шықпады. First Lego League Explore командасының жобасына Google, Amazon, Lego секілді көптеген компания өкілдері қызығып, қабілетті балаларды көріп таң қалды. Жоба қаттты ұнағаны сонша, оқушылармен әрі қарай жұмыс істеуге ниет білдірді.
Бұл идеяға америкалық Google корпорациясы да қызығушылық танытып отыр. Корпорация өкілдері қазақстандық чемпиондарды болашақта Google-ға жетекші инженер болуға шақырды.
– FIRST байқауына қатысу туралы ой қалай келді?
– Robocon жарысына СДУ атынан қатысып, Қазақстан бойынша бірінші орын алдық. Үндістанда тамыз айында өтетін халықаралық жарысқа дайындалып жатырмыз. Ол жерде робот қана жасап, программалау, конструкция секілді дағдыларды дамытпаймыз.
Ал FIRST жарысын бекер таңдамадық. FIRST философиясы – #morethanrobots, яғни бұл – роботтардың ғана бәсекелесетін жері емес. Оқушыларымыз робот жасап қана қоймайды, сонымен бірге жобаларын қорғап, таныстыруы да керек. Өзге елдерден келген қатысушылармен сөйлесіп, дос тауып, бірге жаңа жобалар бастайды. Көпшілік алдында сөйлеуді үйренеді.
Ustem Robotics компаниясы оқушыларды робототехникаға баулумен айналысады. Бірақ робототехника курстарын ұйымдастырмаймыз. Миссиямыз – FIRST-ті жекеменшік мектептер ғана емес, барлық мектептің қатысуына жағдай жасау. Халықаралық жарыстарға оқушыларды дайындаймыз. Жалпы мақсатымыз робототехниканы мейлінше оқушыларға тарату.
Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов: Балалардың қиялын дамыту үшін ғылыми фантастикаға көңіл бөлуіміз керек
– Робототехника балаларға не үшін қажет?
– Мен өзім бала кезден IT саласына қызықтым. Мектепте негізгі сабақтардан бөлек робототехника секциясына қатысып, әртүрлі жарыстарда бақ сынадым. Робототехникада ең қиыны программалау болғандықтан соны дамыту үшін программист мамандығына түстім. Еліміздегі инженерлік тұрғыдан алда тұрған университетті таңдадым. Қазір СДУ-дың 2-курсында ақпараттық құралдар мамандығында оқимын.
Бірнеше жылдан бері осы салада жүргендіктен балаларға пайдасын бес саусақтай білемін. Робототехникамен айналысқан бала кез келген технологияны еркін әрі тезірек меңгеруге икемді. Ноутбук не телефон бұзылса өзі жөндеп көруге тырысады. Болып жатқан физикалық, химиялық құбылыстарды бұрынғыдан гөрі жақсырақ түсіне бастайды. FIRST жарысқа қатысу арқылы робототехниканы қолданып, адамдарға ойын жеткізуді меңгеріп. Мүдделес орта тауып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
– Қазақстанда робототехника қаншалықты дамыған?
– Дәл қазір қарқынды түрде дамып жатыр. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин жақсы жарыстардың өтуіне атсалысып жүр. Сондай адамдардың арақсында Қазақстан "нағыз Цифрлық Қазақстан" болып келе жатыр.
Дәл eGov порталынан, тіпті банк қосымшаларынан қажет құжаттарды онлайн ала аламыз. Дәл осындай мүмкіндік Еуропа елдерінде жоқ. Демеушілердің арқасында өте көп стартап жобалар жүзеге асырылып жатыр. Алпауыт Азия елдерінің қатарына жақын арада қосыламыз.