Atlas Entertainment кинокомпаниясы "Патриоттар уақыты" көркем фильмінің түсірілім жұмыстарының аяқталуына орай режиссер, продюсер, актерлердің қатысуымен онлайн-конференция өткізді. 

Фильмде Қазақстан қарулы күштерінде адал қызмет атқарып жүрген, бірақ араларында отбасылық кикілжің орнаған ағайынды Сұлтан мен Бекзат Ибраевтардың оқиғасы баяндалады. Сұлтан – айбынды барлау офицері, ал Бекзат – талантты жойғыш-ұшқыш. Халықаралық лаңкестік ұйым елдегі стратегиялық маңызды нысандарға мұқият жоспарланған шабуыл ойластырып жатқанда, бауырлар өлім қаупін сезініп қана қоймай, қайтыс болған әкесіне қатысты текетіреске тап болады. Ел басына төнген қауіп оларды адам өмірін сақтап қалу үшін бірігуге мәжбүр етеді. Бауырлар соңында туған жер мен отбасы бәрінен де қымбат екенін түсінеді.

Түсірілім тобы:

  • Режиссер: Серікбол Өтепбергенов;
  • Бас продюсер: Акбар Құрманбаев;
  • Қоюшы опреатор: Қайрат Темірғалиев;
  • Қоюшы суретші: Қуат Тілеубаев;
  • Сценаристер: Акбар Құрманбаев, Дмитрий Алейников;
  • Композитор: Әлім Заиров;
  • Рөлдерде: Данияр Әлшінов, Санұржан Сүлейменов, Дастен Шакиров, Зарина Хаджиметова, Асқар Ілиясов.

Фильм 2022 жылы жарыққа шығады. Түсірілім командасы үш жылдан бері осы жобамен айналысып келеді. 2020 жылы басталған түсірілім жұмыстары биыл қазан айында аяқталған. Қазіргі таңда "Қазақфильм" киностудиясында дубляждау, дыбыстау, компьютерлік графикамен өңдеу, музыка жазу секілді жұмыстар жүргізіліп жатыр.  

Фильм жанры – әскери экшн. Режиссер Серікбол Өтепбергенов бұл жанрдың шарттарын барынша ұстанғанын айтады.

"Алғаш рет 3D графика форматында жұмыс істедім. Фильмнің 40 пайызы арнайы эффектілерден, компьютерлік графикадан тұрады. Мұны "жансыз туынды" деуге болмайды. Атыс-шабыс, жарылыстан бұрын ең бірінші кезекте адами қарым-қатынасты баяндаймыз. Олар да адам, өз араларында да қақтығыс болады", – деді режиссер.

Кинокартина әскери дайындықты, қақтығысты көрсету үшін бірнеше жерде түсірілген: Алматы, Алматы облысы, Талдықорған, Ақтау, Үстірт, шетелде Баку (Әзербайжан) мен Хатай (Түркия) қалалары. Фильм режиссері Бозжыра секілді Қазақстанның көз тартар табиғатын, әсем жерлерін кадрға қосуды жөн деп тапқан. 

Бас продюсер Акбар Құрманбаевтың сөзінше, түсірілім кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталған. Нағыз қару-жарақ қолданылмаған. Олардың оқталмағаны алдын ала тексерілген. Кадрдан жойғыш ұшақтан бастап, алып кемеге дейін әскери техникаларды көруге болады. 

Басты рөлдегі Данияр Әлшінов түсірілім процесінен жаңа тәжірибе жинағанын айтады. Сондай-ақ, алғаш рет ауқымды деңгейде әскери-патриоттық фильм түсірілгендіктен Қазақстан киносында таңбасы қалатын картина деп сенеді.

"Декорация, дыбыс, жекпе-жектерді қоюға дейін заманауи фильмнің барлық талабына сай келеді. Патриоттық рухты көтеруге бағытталған фильм болған соң байыппен қарадым. Кино бірінші кезекте көрерменге қызық болуы керек деген ұстаныммен көңіл көтеру кинос элементтерін қостым. Түсірілім ауада, суда, жерде, тауда, қыста, жазда, тіпті шетелде өтті. Қақаған суықта түсірілген сахналар қиынға соқты. Бос қалған ғимарат іші сырттан да суық болды, пешке жылындық. Өзімді әлсізбін деп ойласам, тоңған әскери барлаушыларды көріп шынымен суық деп ойладым. Десе де жақсы кадрлар шықты. Аптап ыстықта да жұмыс істедік. Ашық тікұшаққа міну қорқынышты көрінгенімен, керісінше қызық болып шықты", – деді Данияр Әлшінов. 

Дастен Шакиров кәсіби режиссер әркез жанына табылғандықтан рөлді сомдап шығу қиынға соқпағанын айтады. Арабша мәтіндерді жаттауға бір ай дайындалғаны соншалық, бір жыл өтсе де әлі күнге дейін бәрін жатқа біледі. 

"Түсірілім кезінде шынайы дүниелерден шабыт алуға тырысамын. Жобада көп уақыт нағыз әскерилермен бірге жұмыс істедім. Кейбірімен жақын араласып кеттік. Хикаяларын тыңдадым. Оларға қарап "не үшін Отан қорғау жолын таңдады?" деген сұраққа жауап іздедім. Мұны ойланбастан жасайтындар бар. Олар да кәдімгі адам, жақсы дайындалған сарбаздар. Бұйрық келсе елі үшін өмірін қиюға дайын. Мен олай жасай аламын ба? Осы сұрақ мені жиі мазалады", – деді Данияр Әлшінов.

Фильм режиссері Серікбол Өтепбергенов түсірілім тобына "нағыз патриоттар" деген баға берді. Осы фильмді көрген көрермен Отан қорғаймын, әскери оқуға түсемін, ұшқыш боламын деп шешсе мақсаттың орындалғаны дейді ол.