Бұған дейін мультфильмдер көркем фильмдермен қатар негізгі номинация бойынша бәсекеге түсетін немесе арнайы жүлдеге ие болатын. Мысалы, "Су перісі", "Сұлу мен құбыжық", "Аладдин", "Арыстан патша" және тағы басқа мультфильмдер де "Оскар" жүлдесін алған.  

Informburo.kz тілшісі "Үздік толықметражды анимациялық фильм" номинациясын жеңіп алған туындылардың топтамасын жасады.

Шрек (Shrek)

  • АҚШ, 2001 жыл
  • Қиял-ғажайып комедия
  • Ұзақтығы: 90 минут

Оқиға "адамжегіш" құбыжық Шрек пен ханшайым Фионаның танысуы туралы. Сонымен қатар мультфильмде әлемге танымал ертегі кейіпкерлері біріктірілген.

Бұл "Оскар" сыйлығының "Үздік толықметражды анимациялық фильм" номинациясын жеңіп алған алғашқы мультфильм. Dreamworks Pictures киностудиясының туындысы. Уильям Стейгтің балаларға арналған "Шрек!" кітабының желісінде түсірілген. Режиссері – Эндрю Адамсон мен Вики Дженсон. Туынды 60 млн АҚШ долларына түсіріліп, 484 млн АҚШ долларынан астам қаражат түсірген.

Елес ерткендер (Sen to Chihiro no kamikakushi)

  • Жапония, 2001 жыл
  • Қиял-ғажайып
  • Ұзақтығы: 125 минут

Тихиро есімді қыз бен оның ата-анасы үйге қайтар жолдан адасып, елестер ордасына тап болады. Қыздың әке-шешесі сонда дәмді тағамнан ауыз тиемін деп шошқаға айналып кетеді. Ал қыз ата-анасын қайта адам қалпына келтіру үшін көптеген қиындық пен қорқынышты еңсереді.

Хаяо Миядзакидің Ghibli студиясында түсірілген анимесі 274 млн доллар касса жинап, Жапония тарихындағы ең табысты туынды атанды. Сонымен қатар Internet Movie Database құрастырған тарихтағы ең үздік мультфильмдер рейтингінде 1-орын алған.

Немоны іздеу (Finding Nemo)

  • АҚШ, 2003 жыл
  • Қиял-ғажайып, шытырман оқиғалы комедия
  • Ұзақтығы: 101 минут

Немо есімді бала балықтың оң жақ жүзбеқанаты жаралы, сол себепті дұрыс жүзе алмайды. Бір күні ол әкесінен адасып қалады. Қайта қауышу үшін небір қиындықтан өтеді.

Pixar анимация студиясының бесінші толықметражды анимациялық фильмі. Режиссері – Энрю Стэнтон. Туынды фильмнің шығуына жеті ай қалғанда, яғни 2002 жылдың қазан айында меланомадан қайтыс болған аниматор Гленн Маккуинге арналған. Фильм 940 млн АҚШ долларынан астам қаражат жинады. Араға он үш жыл салып, 2016 жылы фильмнің жалғасы "Дориді іздеу" фильмі жарыққа шықты.

Суперотбасы (The Incredibles)

  • АҚШ, 2004 жыл
  • Шытырман оқиғалы атыс-шабыс
  • Ұзақтығы: 115 минут

Туындыда супер қаһармандардың өмірі туралы баяндалады. Олардың әрқайсы ерекше қабілетке ие. Сол арқылы қоғамды жаман пиғылдылардан қорғайды. Алайда олардың да жауы бар.

Pixar студиясының 2004 жылы шыққан толықметражды компьютерлік анимациялық фильмі. Режиссері және сценарий авторы – Брэд Берд. Фильм 633 млн АҚШ долларынан астам қаражат жинаған.

Уоллес пен Громит: Құбыжық-қоянның қарғысы (Wallace & Gromit: The Curse of the Were-Rabbit)

  • Ұлыбритания, АҚШ, 2005 жыл
  • Шытырман оқиғалы комедия
  • Ұзақтығы: 85 минут

Туындыда ел-жұрттың көкөнісін жеп кететін қояндарды ұстау туралы баяндалады. Бас кейіпкер Уоллес иті Громитпен бірге ұсталған қояндарды көкөністен бас тартқызып, басқа тамақ жегізу үшін тәжірибе жасайды. Алайда тәжірибеде бір қателік кетеді.

Туынды ең көп табыс әкелген қуыршақ мультфильмдерінің тізімінде 2-орында. Шығарушылар туындыны өндіру үшін 42 түсті 2,8 тонна пластилин, түсірілімнің әр айы үшін шамамен 20 кг желім қолданған. Кейіпкерлердің эмоциясы мен тұлғасын ашу үшін бірнеше нұсқасы жасалған. Мысалы, 15 Тоттингтон ханым, 16 Виктор Куартермейн, 35 Уоллес және 43 Громит мүсіні болған. Мультфильмдегі барлық фон қолмен сызылған. Нәтижесінде мультфильм 192 млн АҚШ долларынан астам қаражат жинаған. Режиссерлері – Ник Парк пен Стив Бокс.

Аяқты қимылдат (Happy Feet)

  • АҚШ, Аустралия, 2006 жыл
  • Шытырман оқиғалы, музыкалық комедия
  • Ұзақтығы 104 минут

Мультфильм Мамбыл есімді пингвин туралы. Ол басқа пингвиндер секілді ән сала алмайды, бірақ аяғымен ырғақты дыбыс шығарудың шебері. Ата-анасы осы үшін қатты алаңдайды.

Аустралиялық режиссер Джордж Миллердің анимациялық музыкалық мелодрамасы. Warner Brothers студиясында түсірілген. Толығымен дерлік motion capture технологиясы арқылы түсірілген. Кейіпкерлердің биі мен мимикасы кәсіби бишілердің, сондай-ақ кейіпкерлерді дыбыстаған актерлердің қимылынан жасалған. Әлем бойынша 384 млн АҚШ долларынан астам қаражат жинаған.

Рататуй (Ratatouille)

  • АҚШ, 2007 жыл
  • Шытырман оқиғалы комедия
  • Ұзақтығы: 111 минут

Егеуқұйрық Реми тумысынан аспаз. Алайда өзін түсінбейтін және оның тамақ дайындауға құштарлығын қабылдамайтын туыстарымен тұрады. Бір күні байқаусызда мейрамхананың асүйіне тап болады да, аспаз ретінде мүмкіндігін сынап көруге тәуекел етеді.

Анимациялық фильм – режиссер Брэд Бердтің "Оскар" алған екінші туындысы. Pixar шығарған сегізінші толықметражды фильм. Туынды Empire журналының 500 үздік фильм топтамасында 379-орынға ие болған. 620 млн АҚШ доллар табыс түсірген.

УӘЛЛ-И (WALL-E)

  • АҚШ, 2008 жыл
  • Қиял-ғажайып, шытырман оқиғалы туынды
  • Ұзақтығы: 98 минут

Адамдар Жерді жетерінше ластап, ғарышқа көшіп кеткен. Олардан қалған қоқысты УӘЛЛ-И атты робот тазартады. Бір күні робот жұлдызға ұшып барып, отанын ұмытқан адамдармен кездесуді шешеді.      

2008 жылы Pixar анимация студиясы шығарған толықметражды анимациялық ғылыми-фантастикалық фильм. Режиссері Эндрю Стэнтонның "Оскар" алған екінші туындысы. Фильмді түсіруге дайындық кезінде Pixar студиясының суретшілері әртүрлі қоқыс үйінділерін аралап, барлық машина мен құрылғылардың жұмысын бақылаған. Еңбек зая кетпеді, туынды 533 млн АҚШ доллар табыс түсірді.

Көкке (Up)

  • АҚШ, 2009 жыл
  • Шытырман оқиғалы комедия
  • Ұзақтығы: 96 минут

Карл Фредриксен есімді қария жұбайынан айрылған соң өте қатты қамығады. Бірақ кішкентай бір бала оның ұмытылған арманын есіне түсіреді. Карл жас кезінде Жұмақ сарқырамасын көргісі келетін. Қария енді жаңа досымен әуе шарына отырып қиындығы мен қаупі көп саяхатқа аттанады.

2009 жылдың мамыр айында Канн кинофестивалі алғаш рет мультфильм көрсетілімімен ашылды. Көрермендер Pixar студиясының "Көкке" анимациялық фильмін тамашалады. Туынды "Оскар" жүлдесін "Үздік анимациялық фильм" және "Үздік әуен" номинациялары бойынша жеңіп алды. 735 млн АҚШ долларынан астам қаражат жинады.

Ойыншықтар хикаясы 3 (Toy Story 3)

  • АҚШ, 2010 жыл
  • Қиял-ғажайып шытырман оқиғалы комедия
  • Ұзақтығы: 103 минут

Энди есейіп, колледжге аттанбақшы. Ал оның ойыншықтары балабақшаға өткізіледі. Ойыншықтар балалардың қатыгездігін көрген соң қашуға бел байлайды.

Туынды жылдың ең көп табыс әкелген фильмі және бір миллиард доллардан астам табыс тапқан алғашқы мультфильм атанған. Сонымен қатар алғаш рет Dolby Surround 7.1 форматында шығарылған өнім. "Оскар" жүлдесін "Үздік анимациялық фильм" және "Үздік әуен" үшін алды.

Ранго (Rango)

  • АҚШ, 2011 жыл
  • Шытырман оқиғалы қиял-ғажайып туынды
  • Ұзақтығы: 107 минут

Ранго – террариумда тұратын хамелеон. Ол өзін батыр санайды, бірақ мұны дәлелдеудің жолын таба алмай жүреді. Бір күні ол тағдырдың жазуымен айдалаға тап болады. Сол кезде өзін әділдік үшін күресуші деп жариялайды. Алайда алда қандай қиындықтар күтіп тұрғанынан хабарсыз.

Paramount Pictures студиясының туындысы. Режиссері – Гор Вербински. 245 млн АҚШ долларынан астам табыс түсірген. Түпнұсқада Рангоны Джонни Депп дыбыстаған.

Батыл жүрек (Brave)

  • АҚШ, 2012 жыл
  • Шытырман оқиғалы қиял-ғажайып туынды
  • Ұзақтығы: 93 минут

Мерида ханшайым атқан жебесі нысанаға дәл тиетін мерген. Бір күні ол ойламаған жерден басына бәле тілеп алады. Орманда жарқырауық қуып жүріп әлдебір мыстан кемпірдің арбауына түседі. Анасы аюға айналып кетеді. Ханшайым жағдайды түзеу үшін барын салады.

Pixar және Walt Disney Pictures компаниясының мультфильмі 2011 жылы 5 қазанда ұйқы безінің қатерлі ісігінен қайтыс болған Apple басшысы Стив Джобске арналған. Бұл студияның Джобс қайтыс болғаннан кейінгі алғашқы мультфильмі, сондай-ақ Pixar-дың басты кейіпкері қыз болған алғашқы туындысы. 500 млн АҚШ долларынан астам қаражат жинаған. Туындының ұраны – "Тағдырыңды өзгерт".

Мұзды өлке (Frozen)

  • АҚШ, 2013 жыл
  • Шытырман оқиғалы қиял-ғажайып туынды
  • Ұзақтығы: 102 минут

Ханшайым Анна әпкесі Эльзаны табу үшін Кристофф есімді жігіт, бұғы Свен және аққала Олафты ертіп, қауіпті сапарға аттанады. Олар байқаусызда өз патшалығына зиян келтіріп, мәңгі қыс орнауына себеп болады.

Бұл Walt Disney студиосының елу үшінші толық метражды анимациялық фильмі. Көрсетілімдерден 1,2 млрд АҚШ доллар қаражат түскен.

Қайтпас қайсар (Big Hero 6)

  • АҚШ, 2014 жыл
  • Қиял-ғажайып, атыс-шабыс комедия
  • Ұзақтығы: 105 минут

Хиро Хамада есімді жас ғалымның бастан кешкен хикаясы. Ол достарымен бірге робот жасаумен айналысады. Күндердің күнінде қаскөймен бепе-бет қалады.

2014 Walt Disney Animation Studios шығарған анимациялық көркем фильм. Marvel комикстеріне негізделген, алайда түпнұсқадан айтарлықтай ерекшеленеді. Режиссері – Дон Холл және Крис Уильямс. Фильм 650 млн АҚШ долларынан астам қаражат жинаған.

Сезімдер таласы (Inside Out)

  • АҚШ, 2015 жыл
  • Комедия, драма
  • Ұзақтығы: 95 минут

Мультфильм 11 жастағы Райлидің бойындағы эмоциялардың таласы жайлы. Райлидің өмірінде тек қуанышты сәттер қалдыруға тырысатын Қуаныш, жақындап кетсе қайғыға салатын Мұң, бәріне байыппен қарайтын Жиіркеніш, қит еткеннен төбе шашы тік тұратын Қорқыныш, ашуға тез бойы алдыратын Ыза қызды бес жаққа тартады.

Pixar студиясының өнімі. Режиссер Пит Доктердің идеясына негізделген туынды 850 млн АҚШ долларынан астам қаражат жинаған.

Аңдар шаһары (Zootopia)

  • АҚШ, 2016 жыл
  • Детектив, шытырман оқиға
  • Ұзақтығы: 108 минут

Жануарлар өмір сүретін қала Аңдар шаһары деп аталады. Мұнда сүтқоректілер мен жыртқыштар тату тәтті өмір сүреді. Шаһар жануарлардың өмір сүру ортасына сай түрлі аудандарға бөлінген. Қалада жаңа полиция офицері пайда болады, ол – көңілді қоян Жуди Хоппс. Өзін жақсы қырынан көрсетуге тырысқан қоян қу түлкі Ник Уайлдпен бірге аса күрделі істі тергеуге кіріседі.

Бұл Walt Disney студиясының анимациялық классика сериясындағы 55-ші туындысы. Әлемде 1 млрд АҚШ долларынан астам қаражат жинады. 2016 жылдың 18 наурызында әлемдік прокатта жарты миллиард АҚШ долларынан астам табыс жинаған үшінші "Дисней" өнімі болды, ал 2016 жылдың 5 маусымында кинематография тарихындағы табысы миллиард АҚШ долларынан асатын төртінші мультфильм атанды.

Коконың құпиясы (Coco)

  • АҚШ, 2017 жыл
  • Фантастика, шытырман оқиға
  • Ұзақтығы: 105 минут

12 жастағы Мигельдің арманы – Мексикада аты аңызға айналған әнші Эрнесто де ла Крустың ізін жалғастыру. Ал оның отбасында музыкаға тыйым салынған. Алайда Мигель "Өлілер күні" мейрамында әлдеқашан о дүниелік болып кеткен ата-бабаларын кездестіріп қалады.

Pixar студиясының толықметражды компьютерлік анимациялық музыкалық фильмі "Оскар" жүлдесін екі номинация бойынша жеңіп алған. Бірі – "Үздік анимациялық фильм", екіншісі – "Үздік әуен". Картина 800 млн АҚШ долларынан астам қаражат жинаған. Туындыны шығаруға мексикалықтардың "Өлілер мейрамы" ой тастаған. Pixar командасы кейіпкерлер шынайы шығуы үшін Мексикаға бірнеше рет барған. Режиссер Ли Анкрич ол туралы: "Мен өлілер күні туралы көбірек білген сайын, соғұрлым тереңірек әсер етті", деп айтқан.

Өрмекші адам: Әлемдер арқылы (Spider-Man: Into The Spider-Verse)

  • АҚШ, 2018 жыл
  • Фантастика, шытырман оқиға, атыс-шабыс
  • Ұзақтығы: 117 минут

Майлз Моралес қарапайым мектеп оқушысы. Бір күні оны радиоактивті өрмекші шағып алады. Бір қарағанда өрмекші адам хикаясының классикалық желісі сияқты. Алайда ол ғаламдағы жалғыз өрмекші адам емес екен.

Columbia Pictures және Sony Pictures Animation шығарған туынды Marvel Comics кейіпкері Майлс Моралеске негізделген. Көрсетілім кезінде 375 млн АҚШ долларынан астам қаражат әкелген.

Ойыншықтар хикаясы 4 (Toy Story 4)

  • АҚШ, 2019
  • Шытырман оқиғалы комедия
  • Ұзақтығы: 100 минут

Энди мектепке барғаннан кейін сүйікті ойыншықтарын кішкентай Бонниге береді. Ал Бонни балабақшада өзіне асүй құралдарынан Форки деген ойыншық жасап алады. Күндіз-түні жанынан тастамайды. Бірде Форки жоғалып кетеді. Ал басқа ойыншықтар оны іздеуге шығады.

Бұл туынды "Ойыншықтар хикаясы" сериясының соңғы бөлімі болды. Оны Pixar Animation Studio шығарған және Walt Disney Pictures таратқан. Фильм 1 миллиард АҚШ долларынан астам табыс тауып, 2019 жылдың ең көп табыс әкелген 6-шы фильмі, барлық уақыттағы ең табысты фильмдер арасында 43-ші болды.

Жан (Soul)

  • АҚШ, 2020
  • Шытырман оқиғалы, қиял-ғажайып комедия
  • Ұзақтығы: 100 минут

Туынды Джо Гарднер есімді ән-күй сабағы мұғалімі туралы. Ол сахнаға шығып джаз орындауды армандайтын. Бұл арманына қол жеткізер күн де келеді. Бірақ, оқыс оқиғадан кейін оның жаны екі әлемнің ортасында қалады. Бұл жерде әлі өмірге келмеген балалар мен жансақтау бөлімінде жатқандардың жаны мекендейді. Джо өмірге қайту үшін қолынан келгеннін бәрін сынауға дайын.

Мультфильм пандемияға байланысты көп жерде көрсетілмеді. Соған қарамастан "Үздік әуен" және "Үздік анимациялық фильм" аталымдары бойынша 93-ші "Оскар" сыйлығын жеңіп алды.