"Оқуға тұрарлық ешкім жоқ емес, оқитын адам жоқ". Жазушы Бақытгүл Сәрмековамен сұхбат
Жазушы Бақытгүл Сәрмекова жақында лондондық Tilted Axis Press баспасымен "Ақындары құрысын" (To hell with poets) атты кітабын басып шығаруға келісімшартқа отырды. Кітапты ағылшын тіліне Миргүл Қали аударған. Баспа кітапты 2000 фунт стерлинг және он жыл бойы сатылымнан түскен қаржының 8 пайызына бағалаған.
Informburo тілшісі Қазақстанда Муракамидің кітаптарын он орап кететін жақсы шығармалар бар деп есептейтін жазушы Бақытгүл Сәрмекованың өзімен сұхбаттасты.
– Кітабыңыз ағылшын тілінде шығайын деп жатыр. Бұл сіз үшін қандай оқиға?
– Бұл мен үшін елеулі оқиға, шынымен де мен осыған лайықтымын ба, жазуға аса еңбек сіңірмедім ғой деген күдік басым. Бірақ жолымның болғыштығын, жолымда жақсы адамдар жолығатынын үнемі айтып жүремін. Әдеби аудармашы Миргүл Қали менің бағыма жолыққан шығар деп ойлаймын.
– Өзге тілдегі шығармалардың әлемге танылуына аударманың рөлі орасан зор. Әуезовтерден кейін әдеби шығармалардың аударылмауына аударма ісінің тұралап қалуының әсері бар ма? Басқа қандай фактор бар?
– Әрине, аударманың, сапалы әдеби аударманың рөлі орасан зор. Бұл жерде Миргүлдің әдебиетті жақсы көретіні, шығарманың жанымен түcіне алатын қасиеті үстем болып тұр. Менің кітабым бір емес шетелде екі мәрте жетістікке жетті. Бірі халықаралық Pen America қорының Pen Heim translation номинациясы бойынша грант ұтты. Одан кейін ғана Лондондағы Tilted Axis Press баспасымен 10 жылдық келісімшартқа отырдық. Бұл жерде шығарманың бояуын жоғалтып алмай аса шеберлікпен аудара алған Миргүлдің еңбегі зор.
Аударма ісінің тұралап қалуына қандай себептер бар екенін білмеймін. Бұған мемлекеттік қолдаулардың жеткіліксіздігін, немесе аудармашыларды дайындау мектептерінің жоқтығын не басқа да жалпылама себептерді айта алмаймыз. Аударма да, әдеби шығарма да жеке адамдардың бастамасымен, жанашырлығымен, махаббатымен жасалатын дүние деп ойлаймын. Әр іс науқандық емес, сүйікті іс ретінде қараластырылғанда ғана жемісін беретінін көзіміз көріп жатыр ғой. Әдебиетті дамытуға арналған көп науқандық жұмыстар жүрді, қаржылар бөлінді. Өз орталарында өз қазандарында қайнап жатыр деп ойлаймын.
Алдында Жазушылар одағына қатысты жас жазушылардың сыны айтылды. Соларға қосылған пікіріме орай, әдебиеттегі аға буын өкілдерінің бірі маған телефон соғып дүрсе қоя берді. "Талай ақын жазушыларымыздың жұмысын ТМД елдерінің тілдеріне аудардық, әдеби өлкетану жұмыстарын ұйымдастырдық" дегендей. Әрине, дым істемей отырғанға қарағанда әйтеуір бірдеме істеген жақсы ғой, бірақ науқандық жұмыс көбі. Кітабы мемлекет қолдауымен әзірбайжан, түрік тілдеріне аударылған ақын-жазушылардан сұрап көріңіз, қандай табыс әкелді, қандай бақыт сыйлады, қазір ол кітаптарды кім оқып жатыр, кім талқылап жатыр? Сондықтан, бұл жерде аударма ісінің де, әдебиеттің де тұралап қалуына факторларды іздеу ақылға сыйымсыз, тек әр іс шынайы қызығушылықпен, жеке бастамамен жасалса жемісін береді деп ойлаймын.
– "Ақындардан жеріну" әңгімеңізде ақындарға деген мысқыл көрініс тапқан. Бұл сізге жолыққан ақындарға деген реакцияңыз ба, әлде расымен де қазақ қоғамындағы ақындардың келбеті сондай ма?
– "Ақындардан жеріну" менің фишкама айналды. Шыны керек, мен оны көркем шығарма ретінде жазған емеспін, жай әлеуметтік желіде кезекті бір жырқылдап, мысқылдап отыратын әдетіммен пост ретінде ғана жаздым. Ол кезде әлеуметтік желіде аса белсенді едім, жазушы емес. Бірақ тез таралып, талқыға түсті. Жеке басыңнан өткен бе деген сұрақтар көп қойылады. Мен ол әңгімедегі кейіпкер сияқты боркемік, аңғал адам емес екенім белгілі. Бірақ қоғамның келбеті сондай екенін мен де, сіз де білесіз. Жалпы бұндай жағдай тек ақындардың ортасында ғана емес, кез келген ортада да табылуы мүмкін, тіпті тек қазақы ортада деп те айта алмаймыз. Әйел мен еркек, надандық, даңғойлық, білімсіздік, мәдениетсіздік бар жердің барлығында да кездесетін харрассмент. Оған ешкім де кінәлі емес, адам болған соң әртүрлі болмыс болады ғой.
– Бала кезіңізде нені армандадыңыз? Жазушы боламын деп ойладыңыз ба?
– Бала кезімде нені армандағанымды анық білмеймін, әйтеуірі ақшам көп, атақты болсам, кинодағыдай өмір сүрсем деген арманым болғанын білемін. Жазушы боламын деп армандаған жоқпын, бірақ кітап оқуды, жазуды, қиялға берілуді ұнаттым.
– Қазір қазақ әдебиетінде оқуға тұрарлық ешкім жоқ деп жатады. Жарнаманың әлсіздігінен бе? Әлде жазылып жатқан шығармалар оқырман талғамына сай келмей ме? Жалпы жазушыларға не жетіспейді?
– Оқуға тұрарлық ешкім жоқ емес, оқитын адам жоқ дегім келеді. Біздің қоғамның құндылықтары қазір басқа жақта жүр, сұраныс болмаған соң кім оқылады, ешкім де оқылмайды. Қазір қоғам алаңдаулы бала сияқты, сырттан келген қызықтарды, мына дамыған заманның жетістіктерін игере алмай, қорыта алмай, қызығып әр затқа жабысып жатырмыз. Уақыт өте тұрақталады деп ойлаймын, батыс елдеріндегідей кітап оқу мәдениеті, рухани толысу орнаған кезде біздің жазушылар оқылатын шығар.
Менің таңғалғаным, Лондондық баспамен келісімшарт жасасқан бойда, қаламақымның көрсетілген бөлігін шотыма аударып жіберді. Кітап толық аударылып бітпеді, әлі шықпады, бірақ олар кітапты сата алатындарына өте сенімді болып тұр ғой. Мен мысалы базарда іш киім сатамын, алып сатармын, "оптовиктерден" ойланбастан заттарды сатып аламын, себебі өтетінін білемін, сұраныс көп. Біз киім, тамақ, жалпы материалдық тауарларды тұтынатынымыз сияқты, олар да моральдік тауарларды солай қажет ететін болып тұр ғой.
– Сіз секілді ағылшын тіліне аударылып, шетелдіктер де оқуға лайық санайтын қазақ қаламгерлерінен кімнің шығармасын атар едіңіз?
– Жақсы жазушылар көп, бірақ әркім өзінің талғамына сай келетіні болады ғой, Ерболат Әбікеннің "Министр" шығармасын атар едім.
– Мемлекеттік қызметте жұмыс істегеніңізді, одан кетіп кәсіппен айналысып жатқаныңызды оқыдым. Мемлекеттік қызметтен жеріну секілді хикаяңыз болса ол не жайлы болар еді?
– Мемлекеттік қызметтен жеріну деген шығарма жазсам, креслоға жабысып қалу, жұмысты жеке меншігі ретінде қарау, басшыларға жағыну, жарты бет хатты бір күн бойы жазып, қол байлау, бір кабинетте отырып, бүкіл уақыттың, әлемдегі қызықтардың өтіп кететінін байқамай қалатын жанкешті қызметкерлер туралы айтар едім.
– Жазудың нақты формуласы жоқ, бірақ сізге кейіпкерді суреттегенде, хикая құрастырғанда не көмектеседі?
– Шығарманы қалай жазасың деп сұрақ қою мен үшін интимді болып көрінеді. Қалай жазатынымды өзім білмеймін деп жауап беремін әдетте.
– Жоспарыңыз қандай?
– Жоспарларым бар, жалпы менің ойлаған заттарым, жоспарларым жүзеге асатын жолым ашық адаммын, көз тимесін. Кішкентай жетістіктердің өзі ойлаған армандарыма әкеле жатыр.