Оқу жылы, халық санағы, әскерге шақыру науқанының басталуы. 1 қыркүйектен бастап не өзгереді?
Ертеңнен бастап карантин шектеулері жеңілдейді, сондай-ақ, оқу жылы, әскерге шақыру науқаны, халық санағы және қызметкерлерді екпе алуын тексеру басталады.Халық санағы
Қазақстанда 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жалпыұлттық халық санағы өтеді. Санақ Қазақстан халқы бойынша нақты ахуалды біліп қана қоймай, демографиялық, әлеуметтік және саяси өмір аспектілері бойынша ахуалды болжауға мүмкіндік береді.
Алғаш рет халық саны туралы мәліметтерді жинау процесі екі жолмен жүзеге асырылады:
- Sanaq.gov.kz сайтында интернет-сауалнама жүргізу. Сайт виртуалды көмекшінің көмегімен респонденттерге қай жерде орналасқанына қарамастан дербес санақтан өтуге және өзіне мен отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Сайт 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады.
- Үйлерді аралау. Белгіленген мерзімде онлайн-режимде санақтан өтпеген респонденттер арасында өткізілетін болады. Үйді аралау 2021 жылғы 1-30 қазан аралығында өтеді. Сонымен қатар, деректердің қамтылуын және дұрыстығын тексеру мақсатында респонденттердің 10 пайызын тексеру жүргізіледі.
Санақты онлайн режимінде өткізу кезеңінде мобильдік және стационарлық нөмірлерден сall-орталықтың 1446 тегін бірыңғай телефон нөмірі бойынша санақ мәселелері бойынша Халыққа консультациялар өткізу көзделген.
Білім берудің дәстүрлі форматы
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушылар 1 қыркүйектен бастап дәстүрлі форматта білім алатынын айтты.
"Оқушыларды, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта оқыту ұсынылып отыр. Жаңа оқу жылы 34 аптаға созылады. Жаңа оқу жылының басталуы туралы бұйрық пен әдістемелік нұсқаулық өңірлерге жіберілді. Жаңа оқу жылында балалардың денсаулығын сақтау үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптар барлық мектеп пен колледжде, ЖОО-да сақталады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Егер оқушының ата-анасы немесе өзі коронавируспен ауырса, не болмаса денсаулығы бойынша тәуекел топқа жатса, олар уақытша қашықтан білім алады. Сонымен қатар балабақшаларда 20-25 баладан аспайтын топтарға штаттық режимде жұмыс істеу ұсынылды.
"Барлық ғимаратта дезинфекциялау тұрақты жүргізіледі. Оқушылар мен студенттер, педагогтар мен басқа қызметкерлер ғимараттарға Ashyq жүйесі арқылы кіреді. Жұмыскерлердің вакцина алуына да ерекше көңіл бөлінеді. Оған қоса мектептерде қосымша ауысымдар ұйымдастырылып, "бір сынып-бір кабинет" жүйесі жұмыс істейді. Барлық бұқаралық шараға тыйым салынады", – деді министр.
Асхат Аймағамбетов егер отбасы баланы формамен қамтамасыз ете алмаса, оған классикалық қара-ақ киіммен сабаққа баруға болатындығын нақтылады.
Сондай-ақ, 1 қыркүйектен бастап апталық нормативтік оқу жүктемесі өзгерді. "Педагог мәртебесі туралы" заң бойынша орта білім беру ұйымдары үшін енді аптасына 16 сағат оқу жүктемесі белгіленеді.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жаңа оқу жылында оқыту форматы бойынша ұсыныстарын айтты:
"2021 жылдың 5 тамызында білім беру нысандарына қолданылатын жаңа санитарлық ережелер бекітілді. Бұл ережелер: оқыту форматтарына, тамақтандыруды ұйымдастыруға, корпустардағы, аудиториялардағы, спорт және акт залдарының толуына (жобалық қуаттың 40-50 пайызынан аспайтын), зертханалық, практикалық және студиялық сабақтарға, сондай-ақ жатақханалардағы бөлмелердің толтырылуына қойылатын талаптарды қамтиды".
Денсаулық сақтау министрі өз сөзінде елімізде мұғалімдер мен мектеп қызметкерлерін вакциналау аяқталғанын, 18 жастан асқан студенттерді вакциналау басталғанын айтты.
Күзгі әскерге шақыру
1 қыркүйектен бастап азаматтарды мерзімді әскери қызметке күзгі шақыру басталады. Шақыру науқаны жыл соңына дейін жалғасады. Биыл шақырылғандар саны артады. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату үшін негізі жоқ 18-27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық жас толықтырады.
Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді қызметтен шығару әскерге шақырылған күннен бастап 12 ай өткен соң жоспарлы тәртіппен жүзеге асырылады.
Алдыңғы кампаниялардағыдай, әскерге шақырылушыларды ПТР-тексеру екі рет: шақыру кезінде құрама пункттерде және жас буын келгеннен кейін әскери бөлімдерде жүзеге асырылады.
Биыл әскери қызметшілер үшін азық-түлік ұлттық тағамдардың ерекшеліктерін ескере отырып жақсартылады. Әскери қызметшілердің тамақтану рационына жылқы еті, қой еті, түйе еті, үйрек, қаз және балықтың әртүрлі түрлерін қосымша қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, қосымша құрт, қымыз, шұбат сияқты дәстүрлі тағамдарды қосу жоспарлануда.
Қызметкерлердің екпе паспорттарын тексеру
Қызметкерлерден:
- вакцинациялау паспорты немесе вакцинаның бірінші компонентін алғаны туралы анықтама;
- соңғы үш айда тұрақты медициналық қарсы көрсетілім немесе Сovid-19 ауруы туралы анықтама;
- вакцина алмаған қызметкерлер үшін ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі туралы анықтамалар.
Айыппұлдар ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі және ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша салынуы мүмкін.
462-баптың 3-бөлігінде: мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары берген заңды талаптарды немесе қаулыларды орындамау немесе тиісінше орындамау (...), айыппұл салуға әкеп соғады:
- Жеке тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде-14 585 теңге,
- лауазымды тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде - 43 755 теңге,
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 100 АЕК мөлшерінде-291 700 теңге,
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК мөлшерінде - 583 400 теңге,
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК мөлшерінде - 1 458 500 теңге, рұқсаттың қолданысын тоқтата тұрумен немесе онсыз не қызметті немесе жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұрумен немесе онсыз.
425-баптың 1-бөлігінде былай делінген: халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқпай бұзу айыппұл салуға әкеп соғады:
- Жеке тұлғаларға 30 АЕК - 87 510 теңге,
- лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 230 АЕК мөлшерінде - 670 910 теңге,
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне 310 АЕК мөлшерінде-904 270 теңге,
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1600 АЕК мөлшерінде-4 667 200 теңге.
Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов мәлімдегендей, жұмыс беруші COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған жұмыскерге, егер мұндай мүмкіндік болса, қашықтықтан жұмыс түріне ауысуды ұсына алады.
Қашықтықтан жұмыс істеуден бас тартқан не жұмысты қашықтықтан орындау мүмкіндігі болмаған кезде жұмыс беруші қызметкерді Еңбек кодексінің 48-бабының 1-тармағына сәйкес жалақысы сақталмай шеттете алады. Бұл ретте жұмыс беруші уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындау үшін басқа қызметкерді қабылдауға құқылы болады.
Карантиннің жеңілдеуі
Қазақстанның бас санитар дәрігері карантинді жеңілдету туралы жаңа қаулыға қол қойды.
Құжатта "Қорғас" халықаралық трансшекаралық орталығы Ashyq жобасы шеңберінде жұмысын бастайды делінген. Тек жұмысшылар мен келуішілерде "Жасыл" мәртебесі болуы керек.
Сондай-ақ 12 жастан асқан балалардың компьютерлік клубтарға, цирктерге, кинотеатрларға, сауықтыру орталықтарына Ashyq жобасы арқылы кіруіне рұқсат етілген.
Енді Алматы қаласын қоспағанда барлық кәсіпкерлік нысандарға жұмыс істеуіне рұқсат етілді.
- Ashyq жобасына қатысатын барлық кәсіпкерлік объектілер – 00.00 -ге дейін;
- Ashyq жобасының көшбасшылары – "жасыл" статус болған жағдайда 2.00 дейін;
- сенбіде – қоғамдық көліктер қатынайтын болады.
Алматыда карантин шектеулері басқа қалаларға қарағанда кешірек, 4 қыркүйектен басталады. Себебі, қалада Covid-19 жұқтырғандар әлі де көп.
Президенттік кадр резервіне жаңа іріктеу
1 қыркүйекте Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады. Қорытындысы бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктелетін болады. Негізгі талаптар, бұрынғыдай, Қазақстан азаматтығы, жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және еңбек өтілі 5 жылдан кем емес.
Алдыңғы іріктеуден айырмашылығы, жалдау процесі қазір талап етілетін білімді, дағдыларды анықтауға ғана емес, сонымен қатар кандидаттардың шынайы мотивтері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған.
Резервте болу мерзімі – 3 жыл.
Электр энергиясы
Алматы мен Алматы облысында 1 қыркүйектен бастап бизнесмендер үшін электр энергиясы қымбаттайды.
- I топ: электр энергиясын тауарларды, жұмыстарды өндірумен (сатумен) және қызметтерді көрсетумен байланысты емес өз тұрмыстық мұқтаждары үшін пайдаланатын тұрмыстық тұтынушылар – ҚҚС-сыз сағатына 1 киловатт үшін 16,86 теңге (ҚҚС-мен сағатына 1 киловатт үшін 18,88 теңге);
- II топ: электр энергиясын тұрмыстық емес мұқтаждар үшін пайдаланатын тұтынушылар-ҚҚС-сыз сағатына 1 киловатт үшін 20,79 теңге (ҚҚС-мен сағатына 1 киловатт үшін 23,28 теңге);
- III топ: мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғалар – ҚҚС-сыз сағатына 1 киловатт үшін 27,23 теңге (ҚҚС-мен сағатына 1 киловатт үшін 30,50 теңге);
- IV топ: әлеуметтік маңызы бар азық – түлік тауарларын (ӘМАТ) өндіретін тұтынушылар-ҚҚС-сыз сағатына 1 киловатт үшін 19,74 теңге (ҚҚС-мен сағатына 1 киловатт үшін 22,11 теңге).
Тарифтің көтерілуінің жеке тұлғаларға қатысы жоқ.