"Өгей шешем суға тұншықтырды". Елордада тұрмыстық зорлық тақырыбында көрме жұмысы басталды
Күн сайын әлемде 137 әйел жақын туыстарының қолынан қаза табады. Әр үшінші әйел өмірінде кем дегенде бір рет жыныстық немесе физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайды.
"Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді әрекеттің 16 күні" акциясы аясында Канада елшілігі, Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестіруші кеңсесі, ЮНФПА, "БҰҰ-әйелдер" және STEPPE интернет-басылымы ҚР ІІМ қолдауымен "Кәдімгі заттар" көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің шынайы оқиғасы назарға ұсынылған. Қауіпсіздік үшін кейіпкерлердің есімі өзгертілген.
"Күйеуім қыздарымды шашынан сүйреп, тепкілейтін"
– Әмина және Кәусар есімді екі қызымды жалғыз тәрбиелеп өсірдім. Кез келген ана секілді оларға бар жақсыны бергім келді және сүйікті әкесі бар, толық отбасыда өскенін қаладым. 8 жыл бұрын Қайратқа тұрмысқа шыққанымда қатты қуандым. Кейін одан тағы екі бала дүниеге әкелдім.
Бірақ жолдасым қыздарыма нағыз әке бола алмады. Оның орнына ол өмірімізді құртты. Мен табалдырықтан аттаған бойда, Қайрат қыздарымды шашынан сүйреп, басынан ұрып, тепкілей бастайтын. Оларды қорғағанымда мені де ұра жөнелетін. Қайрат ақша бермей, бір үзім нанды сөгіп беретін, тіпті қытай кеспесі мен қытырлақ нан жеп күн көретінбіз.
Балаларды алып, күйеуімнен кетпек болдым, бірақ жүкті екенімді біліп, оралдым. Балаларымның менің тағдырымды қайталап, әкесін білмей өскенін қаламадым. Оларды қорғай алатыныма сенемін және өскенде мені түсінетініне үміттенемін.
"Өгей шешем тегештегі лас суға басымды батырып, тұншықтырған"
– Ата-анам ажырасқанда сіңлім Аяжан екеуіміз әкемнің қолында қалдық. Көп ұзамай ол Гүлчехра есімді әйелге қайта үйленді. Әбілқайыр бауырымыз туғаннан кейін өгей шешеміздің бізге көзқарасы өзгерді. Түнде анам бізді алып кетуін тілеп, жылап алатынмын.
Әкеміз үйде жоқ кезде өгей шешеміз бізге тамақ бермейтін, қыста киімсіз далаға қуып жіберетін. Гүлчехра шашымнан сүйреп, кітаппен құлағымнан ұратын. Бірде ол тегештегі лас суға басымды батырып, тұншықтырған, кейін қабырғаға басымды соғып, жұдырықпен кеудемнен ұрған. Бірнеше рет үйден қашып кеттім, бірақ сіңлімді жалғыз тастай алмай, қайтып келетінмін.
Әкем ештеңе білмеген кейіп танытады. Гүлчехра ұрысқанда, бізді қорғауға тырыспайды. Тезірек есейіп, сіңлімді жаныма алып, олардан алысқа кетуді армандаймын.
"Әпкелерім мені үйден қуып жіберді"
– Сегіз жасымда көршіміз мені зорламақ болды. Осыдан кейін қорқынышты түс көріп, түнімен мазам қашатын. Көрші шабуыл жасап, бастаған ісін аяқтай ма деп қорықтым. Күйзеліс пен үнемі қорқу салдарынан менде қояншық ауруы (эпилепсия) пайда болды.
18 жасымда мені алып қашып кетті, бірақ енем ауруымды білген соң ұлының менімен бірге тұруына рұқсат бермей қойды. Ата-анамның үйіне оралғанымда ішімде бала болды. Бұл сәбиді өмірге әкелгім келді, бірақ әпкелерім жалғызбасты әрі мүгедек ана отбасымызды ұятқа қалдырады деп шешті. Олар түсік жасату үшін мені ыстық моншаның буынына отырғызып қойды.
Әлі күнге дейін оларды сол әрекеті үшін кешіре алмаймын. Сол кезде баламмен бірге менің де бір бөлігім жоғалды. Бірнеше жылдан кейін миома пайда болып, жатырымды алып тастады. Дәрігердің маған "Сіз енді ешқашан балалы болмайсыз" дегені есімде.
Анам қайтыс болғаннан кейін әпкелерім мені үйден қуып жіберді. Туыстарымның үйінде қаңғып жүрмін, әр үйде екі-үш ай тұрамын. Әлі де ана болуды армандаймын, бірақ маған бала асырауға рұқсат бере ме екен?
"Баланың қандай адам болып өсетіні оның жолында кездескен адамдар мен жағдайларға тәуелді"
"Біздің дәстүрлі танымымызда, мәдениетімізде үй – жан тыныштығының, қаупсіздіктің, ұрпақ өсірудің ошағы. Өкінішке қарай, кейде үй ең қауіпті жерге айналып кете алады. Мен адамдардың қатыгез болып тумайтынына сенемін. Баланың қандай адам болып өсетіні оның жолында кездескен адамдар мен жағдайларға тәуелді. Ол мейірімді, жақсы адам болып өсе ме, әлде деструктивті маргинал болып өсе ме, бізге байланысты. Қазақстанда жыл сайын 25 мыңнан астам әйел дағдарыс орталығына жүгінеді. Әр әйелдің жанында кем дегенде екі-үш баласы бар екенін елестетіп көріңіз. Қазір 7 мыңнан астам әйел дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Мұндай акциялар өте маңызды. Аз дегенде жылына он алты күн болса да, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет етудің өзі үлкен өзгерістерге бастама бола алады", – деді БҰҰ Қазақстандағы халық қоныстану қорының (ЮНФПА) құрметті елшісі Ақмаржан Көшербаева.
"Бұл өте қорқынышты. Адамдар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда, не істеу керек екенін, қайда хабарласу керек екенін білуі керек", – деді Мария Доценко.
Зорлық-зомбылықтың белгілері қандай?
- Зорлық көрсетуші сіздің әр әрекетіңізді бақылайды. Сіздің қайда, кіммен жүргеніңізді қадағалап отырады. Достарыңызбен, отбасыңызбен сөйлесуіңізге қарсы болады. Жұмысқа немесе мектепке баруға кедергі келтіреді.
- Оның хабарламасына, электрон хаттарына, қоңырауына бірден жауап беруге міндеттейді. Әлеуметтік желі және басқа да аккаунттарыңыздың құпиясөзін оған айтуын талап етеді.
- Сізге қатысты кез келген шешімді өзі қабылдауға тырысады. Тіпті не ішіп-жейтініңізді, киіміңізді, ішкен дәрі-дәрмегіңізді қадағалайды.
- Зорлық көрсетуші кенеттен және тез ашуға беріледі.
- Ол сізді жеке тұлға ретінде сыйламай, кемсітеді және физикалық күш көрсетеді.
- Сізді "көзге шөп салдың" деп жиі айыптайды, жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлейді.
Бұл мысалдардың кейбірі ғана. Егер сіз өз пікіріңізді қорықпай айта алмайтыныңызды сезсеңіз, онда бұл зорлық-зомбылыққа тап болғаныңыздың белгілері.
Зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда қайда хабарласу керек?
- 102 нөмірі арқылы полицияға ауызша арыз немесе qamqor.gov.kz порталына онлайн түрде арыз беріңіз;
- Жарақат алған жағдайда 103 нөмірі бойынша жедел жәрдем шақырыңыз. Полиция қызметкерінен сот-медициналық куәландыруға жолдама алыңыз;
- 150 тегін нөмірі немесе +77081060810 нөмірі (WhatsApp),www.telefon150.kz сайты арқылы тәулік бойы жұмыс істейтін Балаларға, жастарға және зорлық-зомбылық көріп отырған адамдарға арналған ұлттық бірыңғай сенім телефонына хабарласыңыз;
- Елдің әр аймағында жұмыс істейтін тұрмыстық зорлық-зомбылықтан өткен адамдарға арналған дағдарыс орталықтарына және Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясына жүгінуге болады.