Нейропсихолог: Ертегі тыңдамаған баланың тілі кеш шығады, өзі жасқаншақ боп өседі
Балаларға мультфильм көрсеткен дұрыс па, әлде ертегі тыңдатқан жөн бе? Көрінісі анық, дауысы тұнық мультфильмнің балаға әсері әлбетте жоғары, дегенмен психологиялық тұрғыда оның дамып-жетілуіне зияны аз емес. Бұл тақырыпты балалар клиникалық психологы, нейропсихолог Айнұр Алдашева Информбюро тілшісіне берген сұхбатында кеңінен тарқатты.
– Қазіргі технология дамыған заманда балаға ертегі оқып берудің маңызы қандай? Оның қандай пайдасы бар?
– Ертегі оқып берудің пайдасы орасан зор. Ең негізгі үшеуін айтып өтейін. Біріншісі – ертегі бала тілінің ерте шығуына көмектеседі. Қазір балалардың тілі кеш шығатын болған. Неге? Өйткені, біз балаға ертегі оқып берудің орнына "Маша мен аюды" немесе басқа ертегілердің мультфильм нұсқасын қосып бере саламыз. Ал шынында балаға 4-6 айлық кезінен бастап ертегі тыңдату керек. Сол кезде бала анасының артикуляциясын көріп отырады, интонациясын естиді. Бұл оның тілінің ерте шығуына өте жақсы әсер етеді.
Екіншіден, бала өскен сайын әр жасқа тән қорқыныштар пайда болады. Мысалы, үш жаста балалар жабық кеңістіктен, қараңғы жерден, жалғыз қалудан қорқады. Бес-жеті жас аралығындағы балалар өлімнің не екенін түсініп, содан қорқа бастайды. Ал біз ертегі оқып беру арқылы осы қорқыныштарды табиғи жолмен жеңуге көмектесеміз. Мысалы, балаға "Қызыл телпекті" оқып берейік. Ертегіде Қызыл телпек жалғыз өзі қараңғы орманда қорқып келе жатады. Оны тыңдап отырған бала бұл эмоцияның бәрін сезінеді. Бірақ, ертегінің ең соңында не болады? Қызыл телпек бәрін жеңеді. Демек, бала да сол жеңіс эмоциясын сезінеді. Яғни, қорқыныштарды жеңуге болатынын ұғады.
Үшіншіден, ертегі баланың эмоционал интеллектін дамыту үшін қажет. Мысалы, анасы баласына "Бауырсақ" ертегісін оқығанда интонациясы мен мимикасын да соған бейімдейді. Қоянның дауысын жіңішке етеді, қасқырдыкі жуан шығады. Сол арқылы ертегіні тыңдап отырған бала неше түрлі эмоцияларды жеткізуді үйренеді.
Оқи отырыңыз: Балаларды кибербуллинг құрбаны болудан қалай құтқарамыз?
– Баланың әр жасына тән қорқынышы болатынын айттыңыз. Ал әртүрлі жасқа арналған ертегілерді қалай ажыратамыз?
– Негізі, үш жасқа дейін мазмұны өте қарапайым, ішіндегі іс-әрекеттері қайталанатын, өлеңмен, әнмен айтылатын ертегілерді таңдаған дұрыс. Ондай ертегілерді кумулятивті ертегі деп айтады. Бұл санатқа "Бауырсақ" ертегісі, "Қуырмаш" өлеңі жатады. Сюжеттің қайталанып отыруы баланың психикасын тыныштандыру үшін маңызды.
Кейін неше түрлі сюжеті бар, қиындатылған ертегілерді таңдай беруге болады. Жалпы, Ганс Христиан Андерсен, ағайынды Гриммдердің шығармалары, сонымен қатар өзіміздің қазақ ертегілері балаға өте пайдалы деп айтар едім. Бала өсе келе оларға күрделі кітаптарды ұсына аламыз, шығарманы баланың өзіне таңдатуға да болады.
– Егер бала өз жасына сай емес ертегі тыңдаса, мультфильм көрсе, ол психикасы мен дамуына қалай әсер етуі мүмкін?
– Қазірде ата-ана үшін баланың не көріп, не ойнайтынын қадағалап отыру маңызды. Өйткені, 3-4 жастағы кей балалар басы дәретханаға, дыбыс ұлғайтқышқа ұқсайтын кейіпкерлері бар мультфильм (туалетоголовый, сиреноголовый. – ред.) көретін болды. Ең қызығы, бала оны көріп отырғанда қорықпауы мүмкін, алайда ол қорқыныштар басқа кезде шығады. Ол басқаша көрініс береді. Балада мазасыздық, үрей пайда болады. Өзі жалғыз жатқысы келмейді, жарық сөнсе, жылайды, бір жаққа барудан қорқа бастайды.
Оқи отырыңыз: Спортшы болғысы келетін ерекше қажеттілігі бар балалар оқуға құжатты eGov арқылы тапсыра алады
– Алайда көп ата-ананың "Балама ертегі оқып берсем, қызықпайды, тыңдамайды" деп, қолына телефон беріп қоятынын байқаймыз.
– Кішкене кезінен бастап баланың қолына гаджет ұстатып, теледидар қосып берсек, әрине, ертегіге мүлдем қызықпай қалады. Өйткені, қазір көп мультфильмдердің бояуы қанық, музыкасы қатты. Баланы бірден баурап алады. Адамда дофамин деген гормон болады, қазақша оны бақыт гормоны деп атаймыз. Мультфильм көрген кезде баланың бойында дофамин, нейромедиаторлар бөлінеді де, бұл күйге химиялық деңгейде тәуелді бола бастайды. Яғни, бақыт гормонын ешқандай еңбексіз алып үйреніп қалады. Мұндай баланың таным белсенділігі төмендейді, оқуға, сабаққа деген ынтасы жоғалады. Ертегі тыңдау да қызықсыз болады. Алайда, баласымен сапалы уақыт өткізуді қалайтын ата-анаға теледидарды сөндіріп, оған ертегі оқуға кеңес беремін. Бала оған да үйреніп кетеді. Ең бастысы, ертегі оқуға ешқашан кеш емес екенін ұмытпаған жөн. Өйткені, 8-9 жасқа дейінгі балаға анасымен бірге уақыт өткізу маңызды. Ол бірге кітап оқу не ойнау болуы да мүмкін.
– Сіздің балаларыңыз қандай ертегілерді жақсы көреді?
– Мен балаларымның кішкентай кезінде өте көп ертегі айтатынмын. Қазір үлкен ұлым 8-де. Ертегіге қызығушылығы төмендеп бара жатыр. Қызым әлі де ертегі тыңдағанды жақсы көреді. Кейде өзі де ойдан құрастырады. Яғни, ертегі баланың қиял әлемін, шығармашылық қабілетін дамыту үшін де маңызды рөл атқарады.