Мүсірепов театрының сахнасында – Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романы
Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жазушы Әзілхан Нұршайықовтың әйгілі романы "Махаббат, қызық мол жылдар" сахналанды.
- Режиссер – қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали.
- Композитор – Ербол Нариманұлы.
- Қоюшы-суретшісі – Айдана Бисембаева.
- Хореограф – Шырын Мұстафина.
- Хормейстер – Ғалымжан Берекешов.
Ербол рөлін – Дархан Сүлейменов, ал Меңтайды Гүлбаһрам Байбосынова ойнады. Режиссер Фархад Молдағали романды түгел қамтуға тырысқан. Спектакль қазіргі заманға бейімделсе де, сюжеті, кейіпкерлердің сөзі роман желісінен ауытқымайды. Ерболдың оқуға келіп, қыздармен танысуынан бастап Меңтаймен бірге болуына дейін сахналанған. Режиссер шешімі – оқиғаны автор сөзімен баяндау. Автор рөліндегі бірнеше актер кезек-кезек шығып, роман желісінен үзінді оқып, көрініске сай әнмен жалғастырады.
Режиссерге бес жыл бұрын осы спектакльді қою идеясы келіп, сол кезден бері оның сахналық нұсқаларын жасап келген.
"Шығарманы қою барысы қиын болды. Үлкен роман болғандықтан кейіпкерлер образын жоғалтып алмай сахналап, халыққа тартуды мақсат еттік. Екі жарым сағатқа созылған қойылымды көрермен тапжылмай тамашалады. Театрда антрактсіз спектакль болмағалы көп болды. Табиғилық бар болған соң ХХ ғасырда болған оқиғаны қазір өтіп жатқандай сезінді. Роман кейіпкерлері сол қалпында суреттелді. Актерлер рөлін қалай сезді, тура солай ойнап шықты. Премьераға төрт ай дайындалдық. Көремен мен актер арасында байланыс орнатқымыз келді. Қойылым Әзілхан атамыздың рухына арналады. Сол кісінің ойларын барынша жеткізуге тырыстық", – деді Фархад Молдағали.
Қойылымды музыкамен сүйемелдеген – композитор Ербол Нариманұлы. Бұрын жарық көрген "Таңғы блюз", "Туған үй" және "Тағдыр солай" әндері шығармамен үйлесім тапқан. Ал қалған музыканы бір айдың көлемінде жазып шыққан.
"Толық үлкен қойылымға арнап алғаш рет музыка жаздым. Қойылымда бұрын шыққан үш әнім қолданылды. Меңтай мен Тұмаржанның сахнасындағы және басқа да фондағы музыка қойылымға арнап жазылды. Көпшілікке таныс шығарма болғаннан кейін музыка жазу қиынға түсті деп айта алмаймын. Қойылымның халықтың жүрегіне жетіп жатқанына шын қуаныштымын. Репетицияларда үзінділерді қойғанда кейде көзіме жас келетін. Премьерада толқыдым. Дайындықты қанша көрсем де, әлі тоя алар емеспін", – деді композитор.
"Махаббат, қызық мол жылдар" спектаклінің премьерасы театр сахнасында 19 маусымнан бері қойылып жатыр.