Халықаралық Nomad Stunts тобының каскадері Әлия Ысқақова Канаданың дәрежелі киномарапатына қол жеткізді. Оның қатысумен "Кунг-фу" сериалында түсірілген жекпе-жек қойылымы ең үздік каскадерлік жұмыс деп танылды. Әлия Қарағанды қаласында туып өскен. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде билолог мамандығы бойынша білім алған. Гимнастика, жеңіл атлектика, би, таеквондо және спорт туризмімен, құзға өрмелеумен айналысқан. Informburo.kz тілшісінің Әлиямен құрған сұхбатын ұсынамыз

– Каскадер мамандығына қалай келдіңіз? Жақсы каскадер болу үшін не істеу керек?

– Шынымды айтсам, каскадер деген мамандықтың бар екенін де білмедім. 15 жасымнан бастап кәсіби түрде құзға өрмелеумен шұғылдандым. Алматыға жарыстарға жиі барып жүріп Бақытжанмен таныстым. Ол маған Nomad Stunts атты каскадерлер тобы туралы айтып, жаттығуларына ертіп апарды. Ол кезде 22 жаста едім, спорттық құзға өрмелеуден халықаралық класстағы спорт шеберімін. Сол себепті физикалық дайындық тұрғысынан мәселе болмады. Бірақ Nomad Stunts сапына қосылу оңай емес. Бір жыл үздіксіз жаттығулардың арқасында Nomad Stunts жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов командаға алды.

"Аттың астында" трюгі. Фото: Әлия Ысқақованың жеке архивінен

– Сіз үшін қандай трюк қауіпті? Өзіңізге ұнайтын трюгіңіз бар ма? 

– Қазір атпен сирек жұмыс істеймін, бірақ атқа мініп жасайтын трюктер ұнайды. Ең қауіпті трюк те осы атпен байланысты.
Трюк "Аттың астында" деп аталады. Аттың сайманынан ұстап, астына түсіп шоқырақтап шабасың. Бұл трюктің қауіптілігі оны жасағанда ешқандай сақтық шарасын не төсеніш қолдана алмайсың. Трюкті жасау керек, болды.


Оқи отырыңыз: Канадада Nomad Stunts каскадерінің жұмысы ең үздік деп танылды


– Каскадерлік қауіпті мамандық екенін білеміз. Түсірілім кезінде ауыр жарақаттар алмадыңыз ба?

– Әрине, қауіпті мамандық. Ең бастысы, дайындық пен түсірілім кезінде алаңдағы қауіпсіздік. Саған сенетін және өзің сенім артатын адамдармен жұмыс істеу өте маңызды. Қуанышқа орай, ауыр жарақаттар алмадым. Каскадерлер үшін дененің көгеруі, соғып алу – қалыпты нәрсе. 

"Кунг-фу" сериалының түсірілім тобы. Фото: Әлия Ысқақованың жеке архивінен

– Каскадер мамандығында ең бастысы не? Бұл іспен айналысуға сізді не шабыттандырады?

– Каскадер жаңа нәрсені үйрену үшін ынта мен табандылық танытып, қате жасаудан және сүрінуден қорықпауы керек. Айналамдағы энергия мен креативке толы, мені қолдайтын және маған сенім артатын жандар шабыттандырады.

– Қандай жобаларға қатыстыңыз? Түсірілім алаңында кімдермен жұмыс істедіңіз? 

– Қазақстандық "Жаужүрек мың бала", "Рекетир-2", "Қазақша тонау", "Кенже" фильмдерінде, шетелдік "Тобол" (Ресей), "Manikarnika" (Болливуд), "Marco Polo" (1-2 маусым), "Deadly class" (1-маусым), "Snowpiercer" (1-маусым), "Legends of tomorrow" (5-маусым), "The 100" (7-маусым), "Batwoman" (1-2 маусым), "Motherland" (2-маусым), "The Flash" (7-маусым), "Kung Fu" (1-2 маусым) сериалдарының түсіріліміне қатыстым.

"Марко Поло" сериалының түсірілімінде Мишель Йеоны қайталау бақыты бұйырды. Карьерамда ең есте қаларлық сәт осы және мұндай аңыз адаммен жұмыс істеу арман! 

Фото: Әлия Ысқақованың жеке архивінен

– Канадада айтулы киножүлдеге ие болдыңыз. Осы туралы айтып өтсеңіз. 

– Сериалдың түсіріліміне 2020 жылдың қыркүйегінде қосылдым. Түсірілім 7 айдай жүрді. Осы шоу сәтті болды, өйткені командадан күн сайын жаңа дүние үйрендім. Өте көңілді, креатив команда, ал актерлер – өте тату, еңбекқор. 

– Туыстарыңыз бен жақындарыңыз каскадер болғаныңызға қалай қарайды? 

– Олар әрдайым барлық нәрседе қолдайды. Каскадер болғың келе ме? Алға! (күлді). Әкем Орынбай мен анам Сәуле Алматыға, одан кейін Канадаға қалай жібере салды деп әлі күнге дейін таң қаламын. Бірақ олар менің арманым екенін біледі. Олардың қолдауы мен маған деген сенімін әрдайым сеземін. 

Фото: Әлия Ысқақованың жеке архивінен

– Карантиндік шектеулер жұмыстарыңызға қалай әсер етті? Алдағы жоспарларыңыз қандай? 

– Пандемия әлемде барлық салаға әсерін тигізді. Біздің жұмысымызға да, әрине. Бір уақыттары бәріміз жұмыссыз қалдық. Одан кейін бәрі қайта орнына келді, бірақ жаңа талаптар, шектеулер, апта сайын Covid-19 тестін тапсыру қосылды.

Қазір жұмыс істеп жатқан жобаны аяқтауым керек. Одан кейін Қарағандыға барып, жақындарымды құшақтап, жай ғана үйде болуды жоспарлап отырмын. Каскадер кәсібі жаңа, күтпеген нәрселерге толы. Келесі жоба қайда болатынын, қанша мерзімге созылатынын біле алмайсың. Сол себепті жоба біте сала әрдайым туып өскен Қарағандыма, ата-анама, үйіме асығамын.