Қазақстанда пандемияға қарамастан 300 мың жас шетелге кетті. Қазақстандық жоғары оқу орнын бітіргендердің 41 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Дипломды сандыққа сала, жоғары жалақы ұсынатын шет мемлекеттерге асығады. Оңтүстік Кореяда он мыңдаған отандасымыз гастербайтер болып жүр. Ал түлектердің 60 пайызы Ресейге кетіп жатыр. Шетел асқан жастардың болашағы қандай? Бұл мәселе бүгін кешке сағат 22.00-де 31-арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" бағдарламасында талқыға түсті.

Жастар неге шетелді аңсайды?

Халықаралық миграция ұйымының тапсырысымен жүргізілген "Кәсіби жас қазақстандықтардың миграциялық көңіл-күйі" деп аталатын зерттеуде елден кетіп жатқан әр үш азаматтың біреуі қазақ екені айтылған. Ал шетелге кетушілердің 25 пайызы 15-28 жас аралығында. Олардың 77 пайызы – жоғары білімді.

Журналист, ағылшын тілі маманы Талғар Дәлелғазының айтуынша, жастардың шетелге кетуінің себебі көп. Елдегі жұмыссыздықтан, айлықтың төмендігінен немесе білім алу мақсатында кетіп жатқандар бар.

Оның ойынша, Қазақстанда мектептегі білім өте жақсы болғанымен, жоғарғы білім беру сапасы сын көтермейді. Ал Сәтбаев университетінің тәрбие ісі жөніндегі департамент директоры, блогер Мақсат Мамадияр шетелге кеткен жастардың көбінен Қазақстан айырылып қалып жатқанына тоқталды. Бұлай болмас үшін оларға Қазақстанда жағдай жасау керек. Өйткені, жат жердің идеологиясы мүлде басқа. Шетелге барған жас саяси, діни фанатизмдік және дүниетанымдық идеологияның бірін қалайда сіңіріп қайтады.

"Қазақстандық" қырғыздар

Жазушы Аягүл Мантай Ресейде қара жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны көбейгеніне алаңдаушылық білдіріп, құрбыларымен бірге жасаған зерттеу нәтижесін алға тартты.

"Мәскеуде тұратын қырғыздардың өз ауызынан естідік, қырғыз азаматтары Қазақстанға келіп қара жұмыс істеп, біздің елдің паспортын алады екен. Себебі, Ресейдің талабы бойынша Кедендік одаққа кірген Қазақстан және Беларусь азаматтары бірінші кезекте жұмысқа алынады. Сондықтан, қырғыздар Қазақстанның азаматтығын алады да, Мәскеуге жұмысқа барады. Статистиканың көбеюнің бір себебі осы", – деді жазушы.

"Адамды бір елге байлап қою дұрыс емес"

Медиасарапшы Нұрбек Матжанидың сөзінше, Қазақстан халқы қанша жыл "Туған жерге туыңды тік", "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" деген сияқты қазақтың мақалдарымен өмір сүріп келді. Кеңес үкіметі кезінде мемлекет жабық болып, қазақстандықтардың ең алыс барған жері – Мәскеу не өзге посткеңестік елдердің қалалары.

"Қазір шекара ашық, адамдар басқа елде жағдай жақсы екенін көре бастады. Еңбектің жаманы жоқ. Жастар шетелге саналы түрде қара жұмысқа салынатынын біле тұра барып жатыр. Себебі, таныс-тамыры жоқ. Бірақ, "бала-шағаның болашағы үшін мен қара жұмысқа салынайын, есесіне ұрпағым жақсы өмір сүреді" деген сеніммен барады. Шекара ашық заманда адамды бір елге байлап қою меніңше дұрыс емес. Адамның жеке таңдауы болу керек", – деді ол.

Оңтүстік Кореяда қазақ жастары немен айналысады?

Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандық Фархат Ибадулла хабарға тікелей эфирде қосылып, елдегі қазақстандықтардың жайы туралы әңгімеледі.

"Жастар негізінен қара жұмыспен айналысады. Зауыт, құрылыс немесе басқа өндіріс компанияларында қара жұмыс көп. Жалақы Қазақстанмен салыстырғанда жоғары. Менің күндік жалақым шамамен 50 мың теңгенің үстінде. Кезінде анаммен тұрдым, қазір ол Қазақстанда. Дегенмен, отбасымен келген не осы жақта отбасын құрып жатқан адамдар аз емес. Бұрын полиция тарапынан іздеу салынып, депортация жасау жиі болушы еді. Қазір пандемия жағдайында саябырсыды. Дегенмен, тек қазақтар емес, Орталық Азиядан келген азаматтар бірден көзге түсеміз", – деді Фархат.

Оның айтуынша, бүгінде Оңтүстік Кореяда қазақтардың қауымдастықтары қалыптасып үлгерген.

Ауған жастары Қазақстанда неге орыс тілінде білім алады?

Қазақстаннан білім іздеп кетіп жатқан жастардың 90 пайызы Ресейге бағыт алады. Ең қызығы, бұл елде Қазақстан мен Беларусьтің, яғни, одақтас мемлекеттердің студенттеріне өз жастарымен бірдей жағдай жасалады. Нұрбек Матжани Ресейдің өз елі үшін мұны дұрыс істеп отырғанын айтады. Өйткені, талантты қазақ жастары Ресейдің ғылымы мен экономикасы үшін жұмыс істейді.

"Неге? Себебі, бізде ондай мүмкіндік жоқ. Егер біздің мемлекет күшті болғанда, үндістер мүхит асып Гарвардқа емес, біздің университеттерге ағылатын еді. Біздегі білім жүйесі нашар болғандықтан, ешкім келмейді", – деді ол. Бұл ойды әрі жалғаған жазушы Аягүл Мантай Қазақстанға келетін Ауғанстан жастарына оқу тілін таңдау мүмкіндігі берілгенін сынға алды:

"Ауғанстаннан, шет келден келіп оқып жатқан студенттерге біздің мемлекет тілді таңдау еркін берген. Әрине, аясы кең болғаннан кейін олар орыс тілін таңдайды. Неге біз қаншама ақша төлей отырып, оларға орыс тілінде білім алуға жағдай жасаймыз?! Сонда біздің мемлекеттігіміз қайда?"

Шетелде оқығандар бірден шен сұрайды

Нұрбек Матжани әңгіме барысында Канадаға көшіп кеткен танысын тілге тиек етті. Атыраудағы университет ректоры қызметін тастап, мұхит асқан ол бар болғаны 2 жыл ішінде үй алып үлгерген. Сарапшының сөзінше, Қазақстанда ол әлеуметтік жағдайын бұлайша тез жақсарта алмас еді.

Мақсат Мамадияр болса, өзі үшін шетелде оқып келген азаматтардың бір ғана кемшілігі бар екеніне тоқталды.

"Олардың түсінігі бойынша, шетелде оқығаннан кейін өз елінде жақсы бір қызметте отыруы керек. Бірақ, сол білімін неге елінің өркендеуі жолында жұмсамайды? Мұндай түсінік оларда жоқ. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ, менің түйгені осы", – деді ол.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 24 шілде күні сағат 22.00-де көруге 31-арна эфирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.