Гагарин бейнеленген марка құны – 350 доллар. Қазақстанда марка жинап табыс табуға бола ма?
Бүгінде поштамен хат жазып, хабар алатындар некен-саяқ. Пошта арылы негізінен сәлемдемелер мен құжаттар ғана жөнелтіледі. Сәйкесінше, пошта маркасына деген қажеттілік те азайған. Алайда "Қазпошта" АҚ марка шығару қызметін тоқтатқан жоқ. Тек санын ғана кеміткен. Дегенмен, пошта маркаларына деген сұраныс коллекционерлер – филателистер арасында жоғары.
"Қазпошта" АҚ жыл сайын түрлі тақырыпта пошта маркаларын шығарады. Бұрынғыша шығарылым ауқымы кең болмағанымен, шығармашылық ауқымы бәсең тартқан емес. Әрбір марка – суретші-дизайнерлер, ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, мәдениет қызметкерлері, одан қалды, қарапайым коллекционерлердің де басын біріктіретін арнайы топтың шығармашылық еңбегінің нәтижесі. Эмиссиялық саясатқа сәйкес, "Қазпошта" АҚ жылына 30-40 марка түрін шығарумен шектеледі.
Қазақстандағы марка тарихы
Қазақстан Тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бастап пошта маркаларын өзі шығара бастады. Ал оған дейін маркалар Мәскеуде әйгілі "Гознак" полиграфиясында ғана басылып келген. Қазақстанның алғашқы маркасы 1992 жылы 20 наурызда жарыққа шықты. Онда Есік қорғанынан 1969 жылы табылған Алтын адам бейнеленген. Республика атауы қазақ және ағылшын тілдерінде жазылды. Марка авторы – суретші Герман Комлев. Марка Мәскеуде басылды, себебі ол кезде марка басу ісі Қазақстанда жолға қойылмады.
Қазақстанның алғашқы стандартты маркалары 5 сериямен 1993 жылы 24 қаңтарда шығарылған. Олардың төртеуінде қазақ үйі мен ғарыш кемесі бейнеленсе, бесіншісінде Қазақстанның туы салынған.
Пошташылар Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы маркаларды бірнеше рет шығарды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған 9 маркадан тұратын марка парағы жарық көрді.
Астана – көп басылатын тақырыптың бірі. 2005 жылы жарық көрген марканың бірінде Бейбітшілік пен келісім сарайы бейнеленсе, 2010 жылы "Хан шатыр" көрініс тапты.
Биылғы тақырыптық жоспар — Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Абылай хан, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы, Қазақстанның қызыл кітабы, медицина қызметкерлері, Олимпиада ойындары, Алтынемел және т.б.
Отыз жылда "Алтын адамнан" бастап, биылғы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған маркалар арасында түрлі тақырыпта маркалар айналымға енгізілді. Оның қатарында Ұлы Отан соғысы, Қазақстанның табиғаты, тарихы, экологиясы, саясаты, мәдениеті мен спорты, еліміздің белгілі тұлғалары, мемлекеттік мерекелер мен ғарыш, дін, ұлттық символдар және өзге де көптеген тақырыптар бар.
Марка шығару ісіне филателистер де атсалысады
"Қазпошта" АҚ Пошта төлем белгілері басқармасының бастығы Диас Әбілдаевтың айтуынша, интернеттің қарқынды дамуына орай, бүгінде сәлемдемелер не іскери құжаттар болмаса, қарапайым халықтың хат жазысуы әбден сиреген. Сәйкесінше, марка шығаруға деген сұраныс төмендеген.
"Марка – мемлекеттік пошта төлемінің белгісі болып есептеледі. Ол ұлттық оператор, яғни "Қазпошта" АҚ-тың пошта қызметі ақысы төленгенін растайды. Алайда хат алмасу сирегендіктен, марканы қажет ететіндер де азайды. Дегенмен, пошта маркаларын жинақтайтын филателистер үшін оның маңызы азаймағанын байқаймыз. Бізбен тұрақты байланыс ұстап, жаңа маркалардың шығуын тағатсыздана күтіп жүретін коллекционерлер аз емес", – дейді Диас Әбілдаев.
"Қазпошта" өкілінің сөзінше, марка шығару ісі – 2-3 адамның ермек қылатын шаруасы емес. Бұл – кемі жарты жыл бұрын жоспарланып, үлкен жұмыс тобының атсалысуымен іске асырылатын ауқымды процесс. Ең алдымен уәкілетті орган Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге келер жылға тақырыптық жоспар жасалып, соған орай материалдар жинақталады. Бұдан кейін бірқатар суретшілер мен дизайнерлер іске кірісіп, концепциясын әзірлейді. Бұл концепция уәкілетті министрлік пен "Қазпошта", тиісті мемлекеттік органдар өкілдері, ғылыми-зерттеу институттары, кітапханалар мен мұражайлардың мамандарының қатысуымен егжей-тегжей талқыланады. Әбден пісіп-жетіліп, кем-кетігі түзеліп, Пошталық эмиссия комиссиясының келісімін алғаннан кейін ғана маркалар типографияда басып шығарылады.
"Комиссия құрамына филателистерді де тартамыз. Жылдар бойы маркаларды жинаумен айналысып келе жатқан коллекционерлер бұл іске белсене араласатыны қуантады. Олар үнемі орынды идеялар айтып, келелі кеңес береді", – дейді Диас Әбілдаев.
Филателистер әулеті
Николай Дивисенко бала кезден марка жинайды. Жасы 52-де. Мамандығы – жылу энергетика инженері. Атасы да, әкесі де марка жинаған. Ол жылдар бойы жинаған маркаларын өзгелерге көрсете бермейді.
"Бала кезімізде бәрі марка жинады, тіпті балалар да. Күйбең тіршілікке ілесемін деп әуестігімді тоқтатқан кезім де болды. Кейін қызығушылығым оралып, коллекция жинауды қайта бастадым. Бүгінде марка жинау бұрынғыға қарағанда қолжетімді бола түсті. Бағасы арзан. Бұрын Кеңес маркаларын ғана жинайтын едік, қазір коллекиционерлер кез келген елдікін жинай алады. Қазір филателистер біршама азайды, өйткені бәсеке төмендеді. Балалар маркадан гөрі киндер-сюрприз сатып алып, ішіндегі ойыншықты жинағанды жақсы көреді. Қазір филателиямен жасы үлкендер ғана айналысады", – деді филателист Николай.
Оның сөзінше, марка өндірісі өзгерген. Маркалар аз тиражбен шығады. Басып шығару технологиялары дамып, маркалардың түпнұсқалығын белгілейтін нышандар күшейген. Марка құны сұранысқа емес, пошта тарифіне тәуелді. Пошта картасын жіберу 140 теңге болса, марка да сонша теңге. Ол жылдық коллекцияны жинауға орта есеппен 150-160 АҚШ доллары кететінін айтады.
Коллекционерлер өз елінің тарихын көрсететін маркаларды жинауға тырысады. Маркалар көбінесе сол елдегі оқиғаларды, атаулы күндерді бейнелейді. Николай Қазақстан хронологиясы және ғарыш тақырыбында шыққан маркаларды жинайды. Филателистер "Қазпоштаға" хабарласып, маркалардың қашан шығатынын сұрап тұрады.
"Әркімнің қызығушылығы әртүрлі, біреу мотоцикл айдайды, біреу саяхаттайды, енді біреу шаңғы тебеді. Ал мен марка жинаудан ләззат аламын, өзіме қызық. Биыл Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл, коллекцияма сол марканы қосқым келеді. Одан бөлек ғарыш тақырыбындағы маркаларды жинаймын. Қазақстанда әлемдегі бірінші ғарыш айлағы – Байқоңыр орналасқан. Неге бұл коллекцияны жинамасқа? Коллекционерлер маркадан ерекшелік іздейді, сол кезде коллекция қызық бола түседі. Маркаларды үйде альбомда сақтаймын. Кейбір коллекционерлер қымбат маркаларын банкте сақтайды. Қазақстанда маркаларды көрмеге қою жолға қойылмаған. Ал Еуропада, басқа елдерде бұл іс дамыған. Өзім Оңстүстік Кореяда өткен көрмеге барып көрдім. Өте жақсы ұйымдастырылған. Өкінішке қарай, қазақстандық коллекционерлер шетелдік көрмелерге қатысты дегенді естімедім", – деді Николай Дивисенко.
Марка жинап ақша табуға бола ма?
Филателистер қайда болмасын бір-біріне марка сатады не маркамен алмасады. Интернет арқылы қалаған маркасын іздеп тауып, иесімен байланысады. Николайдың өзі жақында Мексикаға, Австралияға, Бразилияға қазақстандық маркаларды жіберген. Оның сөзінше, қазақстандық маркаларға әлем қызығады.
Ол сирек кездесетін маркаларды алуға тырыспайды. Оның коллекциясындағы ең сирек кездесетін Гагарин бейнеленген марка 300-350 АҚШ доллары тұрады. Маркаларды қолдан жасап сататындар болғандықтан филателистер тексерілген сертификаты бар маркаларды алуға тырысады. Арнайы мамандар маркалардың жалған не түпнұсқа екенін анықтап, қорытынды жасап сертификат береді.
Марка сатып ақша табатындар жоқ емес. Арнайы фирма ашып осы іспен айналысатындар бар. Алайда ақша табу үшін ең алдымен марканы сатып алып, содан кейін оны сату керек. Поштада маркалар екі-үш жыл ғана сақталатын болған соң шыққан кезде көптеп алып қою керек. Бірін қалдырмай алып, үстіне қыруар ақша қосып сататындар табылады.
"Филателияға деген қызығушылық арта береді. Маркалар өзгеріп жатыр, мысалы, қазір өзі желімделетін маркалар шығады. Алайда коллекционерлерге өзің желім жағып жапсыратын маркалар ұнайды. Марка басып шығарудан бас тартып жатқан елдер де бар. Пішіні әртүрлілері де шығып жатыр. Балаларыма марканы қалай сақтауды, альбомға қалай қоюды, қайдан қалай сатып алуды, қандай каталог пайдалануды айтамын. Менен кейін марка жинай ма, білмеймін. Адам мәңгі өмір сүрмейді. Өмір бойы марка, ақша жинап, өзі өлген соң оларды туыстары болмашы тиынға сатып жіберуі мүмкін. Ондайлар жоқ емес, бар. Көп адамға филателия дарақылық секілді көрінеді. Мен олай деп есептемеймін. Қалап жүрген бір марканы Франциядан жүз еуроға сатып алдым. Қазір ол Еуропада 300-400 еуро тұрады. Ресейде танысым өмір бойы марка жинайды. Мұны бизнеске айналдырып бірнеше пәтер сатып алды. Мұның несі дарақылық?" – дейді ол.
Ол филателияға енді қызыға бастаған коллекционерлерге алдымен қандай тақырыпта, қай аймақтың маркасын жинайтынын шешіп алуға кеңес береді. Осыған дейін шыққан маркаларды табу және сатып алу біршама қиын болуы мүмкін, сол себепті осы сәттен бастап шығатын маркаларды жинаған жөн. Қандай маркалар барын білу үшін каталогтар қарау керек, оларды интернеттен де көруге болады. Бір тақырыпта біртіндеп емес бәрін бірден жинап бастаса уақыт өте қызығушылық азаяды. Оның сөзінше, адамдар көбінесе фауна (құстар, жабайы жануарлар, көбелектер) және ғарыш тақырыбындағы маркаларды жинауға әуес.
Алматыда коллекционерлер әр жексенбі Максим Горький атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында бас қосады. Маркаларға "Қазпошта" АҚ интернет-дүкенінде тапсырыс беріп, сатып алуға болады. Ыңғайлы сервис тез арада қажет марканы таңдап, тапсырыс беруге, төлем жасауға мүмкіндік береді.