Коронавирусқа қарсы екпе туралы қоғамда қауесет көп. Соның бірі – екпе алған адам ұрпақ өрбіту қабілетінен айырылуы мүмкін екен. Алайда пульмонолог Абзал Малбасқанов мұны жоққа шығарды. Керісінше, оның ойынша, вакцинация – генофондты сақтаудың бірден-бір тәсілі. Өйткені, коронавирус адам қанын қойылтып, органдарға оттегінің жеткілікті мөлшерде баруына кедергі келтіреді. Бұл созылмалы ауруларға әкеледі, сондай-ақ, ұрық сапасын да әлсіретеді. Ал екпе мұны болдырмайды. Екпе алған адам вирус жұқтырған жағдайдың өзінде қан қойылмайды. Міне, бұл – бүгін кешке сағат 22.00-де 31-арнаның эфирінен көрсетілетін "Неге?" бағдарламасында анық-қанығы айтылған көп қауесеттің бірі. 

Вирус мутацияланғанымен, геномы бір

Қазақстанда төрт вакцина салынып жатыр. Олар: Спутник V, QazVac, CoronaVac және Hayat-Vax. Бұлар соңғы күндері елде жедел тарап бара жатқан коронавирустың үнділік штамынан аман алып қала ма? Фтизиохирург, пульмонолог, инфекционист Абзал Малбасқанов мұны вирустың сыртқы келбеті өзгергенімен, яғни мутацияға ұшырағанымен, өңіезі немесе геномы ауыспайтынымен түсіндірді. Демек, вакцина вирус қанша мутацияға ұшыраса да, әсер етеді деген сөз. Жоғарыда аталған екпелердің бәрі зерттеуден өтіп, ДСҰ ғалымдарының мақұлдауын алған.

Неге екпеге қарсы қауесет көп?

Бағдарлама қонақтары мұны бірауыздан "аузым бар деп сөйлей беретіндердің" әрекетіне балап отыр. Сондықтан, өкілетті медицина ғалымдары мен мамандарының сөзіне құлақ түру қажет.

"Денсаулық жүйесінің мамандары әнші не блогерлер сияқты халық алдынажиі шыға бермейді. Бірақ, біз оларға "нотаны былай орындау керек" деген сынды ескерту айтпаймыз ғой. Өйткені, олар кәсіби мамандар, өз ісін біледі. Сол секілді, әркімнің өз орыны болуы керек", – дейді дәрігер.  

Түрлі штамды емдеу тәртібі бірдей ме?

Пульмонолог Абзал Малбасқановтың айтуынша, 2020 жылы вирус келген кезде емдеу тәртібін ешкім білген жоқ.

"Дәрігерлерде ұлт, шекара болмайды, олар бір бірімен хабар алмасып отырады. Осының арқасында бізбірігіп ортақ жүйеге келдік. Сол арқылы біз бұл ауруды зерттедік. Қалай жүретінін, ағзаға қалай енетінін, қай органдарды құртатынын – бәрін зерттеп білдік. 100% болмасада, 80-90%  ақпаратқа иеміз. Рас, вирус мутацияға ұшырады, бірақ негізгі жүйесі өзгерген жоқ. Дегенмен, сырқат өзгерген соң біздің де емдеу протоколымыз өзгерді, өзгере береді", – деді Абзал Малбасқанов.

Санитарлық-эпидемиялогиялық сараптама және мониторинг ғылыми практика орталығының директорының орынбасары Манар Смағұлдың айтуынша, індет басталған уақыттан дереу вакцина әзрлеу мәселесі күн тәртібіне көтерілген. Ал дәрі жасау үшін әлі тексеру-зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.  Ал дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев болса, бұл аурудың дәрісі – қолданыстағы вакциналар екенін айтады.

"Бұлар да дәрі, бірақ, аурудың алдын алатын дәрі. Вирус ағзаға еніп кеткеннен кейін өлтіретін дәрі болмаса да, вирус енген кезде адамды дайындап қоятын дәрілер: Оларды пайдаланбау – аманатқа қиянат етумен тең", – дейді ол.

Екпе вирустан 100 пайыз қорғай ма?

Мамандардың сөзінше, екпенің өзі адамды 100% қорғайды деп ойлау – қате. Вирус жұқтырып қайтыс болып жатқандардың көбінің өлім себебі – түрлі созылмалы аурулар. Ал оған вирустың ықпалы қандай. Коронавирус қанды ұйыту арқылы ағзадағы өзге ауруларды өршітеді. Қазіргі таңда қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары ауруларының саны артып кеткенінің бір себебі де осы. Сондықтан екпе алғандар да сақтық шараларын ұстануы тиіс.

Мыңжылқы Бердіқожаев алғашқы екпе алған мерзімнен алты ай уақыт өткенде үшінші рет вакцина алу керектігі деген мәлімет шыққанын тілге тиек етті. Алайда оның қаншалықты дұрыс екені әлі мәлім емес.


Бағдарламаның толық нұсқасын бүгін, 3 шілдекүні сағат 22.00-де көруге 31-арна эирінен не YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.