Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 4 мамырдан бері нығайып келеді. Бүгінгі, 11 мамырдағы баға: 1 АҚШ доллары – 434 теңге. Теңгенің бұлай құнды бола түсуіне не себеп? Informburo тілшісінің экономист Мақсат Халықпен сұхбатын ұсынамыз.  

Экономист Мақсат Халық. Фото Мақсат Халықтың жеке мұрағатынан алынды

– Мақсат мырза, теңгенің нығаюына не себеп?

– Ұлттық қордан аударымдар көлемін арттыру туралы шешім шыққаннан кейін теңге құнды бола бастады. Әр ай сайын шамамен 1 миллиард АҚШ долларына жуық қаражат Ұлттық қордан ел бюджетіне аударылып жатыр. Барлығы қор нарығы арқылы өтіп, сол қаражатқа кейін теңге сатып алынады. Түптеп келгенде бұл долларға деген ішкі тапшылықты жойып, теңгенің құнын аттырады. 

Ұлттық банк сәуір айында ешқандай интервенция жасалмады деп мәлімдеді. Наурыз айында теңгені ұстап тұру үшін интервенция жасауға 1 миллиард АҚШ доллары жұмсалды. Ұлттық қордан 800 млн АҚШ долларына жуық аударым жасалды. Сонда наурыз айында теңгені тұрақтандыруға 1,7 млрд АҚШ долларынан астам қаржы кетті. Ұлттық банк алтын қорынан артық ақша жұмсамаса да, Ұлттық қордан ақша аударылып жатыр. Бұл да теңгені нығайтады.

Теңге құнының артуының тағы бір себебі – базалық мөлшерлеменің ұлғаюы. Теңгелік депозиттердің құны артып, адамдар көптеп ақшасын салып жатыр. Ол да теңгеге деген сұранысты арттырады.

Тағы бір фактор – рубльдің құнды болуы. Ресей Ұлттық банкінің саясаты рубльді күштеп қолмен құнын арттырып отыр. Ресейге сатқан мұнай-газ ақшасы түсіп жатыр. Алайда ол қаржыға Ресей үкіметі өзіне қажет техниканы, бөлшектерді, компьютерлік технологияларды сырттан сатып ала алмай отыр. Ресейге долларлар жиналып, рубльдің уақытша құнды бола бастаған фазасы орын алып тұр. Бұл да теңгемізді құнды қылып жатыр.

Мұнай барелінің 100 АҚШ долларынан асуы да теңгенің нығаюына әсер етті. Мұны уақытша құбылыс деп айтар едім. Ресей рублі осылай тұрақты болады деген нақты талап жоқ. Ресейге сыртқы қарыздарының есебін жүргізу керек. Ресей билігі рубльмен қайтарамыз деп мінез көрсетіп отыр. Әлемдік қауымдастық ондай қадамға бармайды, дефолт жариялауы мүмкін. Әлі де Ресейге салынған санкциялардың салдарын көреміз. Доллар индексі көтеріліп жатыр. Жыл ішінде Федералды резервтер жүйесі тағы да өсіреді. Әлемде доллар қымбаттап, валюталар құнын жоғалтып жатыр. 


Оқи отырыңыз: Мақсат Халық, экономист: Банктер қолдауға шын мұқтаж емес, тек тегін көмекке бой үйретіп алған


– Сіз бізге бұрынырақ берген сұхбатыңызда 1 АҚШ долларының бағамы 600 теңгеге барады деп айтқан едіңіз...

– Ол кезде қазіргі баға 600 теңге болуы керек, бірақ бағаны ұстап тұр дедім. Интервенцияның күшімен оған бармады. 1,7 млрд АҚШ долларынан астам қаражат теңгені ұстап тұру үшін нығайтуға жұмылдырылды. 

– Бұл дұрыс болды ма?

– Иә, дұрыс болды деп айтуға негіз бар. Олай болмаса, теңге 600-ден асып кетер еді. Алайда, бір миллиард АҚШ долларын жоғалттық. Ұлттық банк Алтын резерв қорында ақша жеткілікті екенін мәлімдеді. Мен "Қазір теңге күшті болып тұр, неге кері интервенция жасамайсыздар" деп Ұлттық банктен сұрадым. Арзан бағамен көбірек доллар сатып алып, алтын қорын толтыруға болатынын айтқанымда "қазір оның қажеттілігін көріп тұрған жоқпыз" деп жауап берді. Теңге одан әрі күшейсе, бағамын қатты түсірмей осылай ұстап, кері интервенция арқылы халықтан артық долларды сатып алатынын айтты. 

– Доллар бағамы түскенімен, тауар бағасы түскен жоқ қой...

– Кәсіпкерлер доллар өскен кезде тауарларын қымбатқа сатып алды. Сәйкесінше әлі қымбатқа сатып жатыр. Өйткені, доллар бағасы түскенімен, әкелген тауарлары әлі таусылмады. 

Келесі партия тауарларын төмен бағамен алып жатқан шығар. Демек, алдағы уақытта белгілі дәрежеде тауарлардың бағасы реттеледі. Күрт арзандамайтыны түсінікті. Дегенмен сәл төмендеп, тұрақталуы мүмкін. Көбінесе кәсіпкерлер бағаны өсірген соң қайтадан оңайлықпен түсіре қоймайды. Кейбір кәсіпкерлер көбірек табыс тапсам деген жеке құлқын ойлайды. Ондай адамдар ешқашан бағаны түсірмейді, тек қана өсіруді көздейді.


Оқи отырыңыз: Экономист ең төменгі жалақыны есептеу тәртібі ескіргенін айтты


– Мемлекет бағаны қадағалай алмай ма?

– Мемлекет қатаң қадағалай алмайды. Қолынан келетін бар дүние – арадағы бағалық келісімді жою. Олигополиялық нарықта бірнеше компания бірігіп алып үстемдік құрып жатса, арада делдалдар көп болып кетсе, жолын кеседі. Шаруамен тікелей келісіп, өнімін тікелей тұтынушыға жеткізу тізбектерін ұйымдастырады. Халықпен көбірек коммуникацияға шығып, осы экономикалық жағдайды көбірек баяндап, түсіндіреді.

Газдың бағасы әзірге 50 теңге болып тұр. Ертең, сөз жоқ, тағы қымбаттайды. Оның экономикалық негізін түсіндіре алуы керек. Осы мәселелерді дұрыс шеше алса, қатты қымбатшылық болмайды. Үкімет осы жерде атсалысуы керек.

– Мұны нақты кімдер жасайды?

– Бағаға бірінші кезекте Индустрия министрлігі жауапты. Одан бөлек, Ұлттық экономика және ауыл шаруашылығы министрліктерінің маңызы жоғары. Жалпы экономикада өнімді өндіруге, оны халыққа жеткізуге жауапты болатын министрліктердің рөлі өте жоғары.

– Украина мен Ресей арасындағы жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер етті?

– Бізге теріс жағы көп болды. Көптеген тауар тапшы бола түсті. Оған қоса қымбаттап, бағасы екі есеге дейін өсіп кетті. Дәрі-дәрмек құны шарықтап жатыр. Оның барлығы халықтың төлем қабілеттілігіне кері әсерін тигізіп, әлеуметтік жағдайын нашарлатып жатыр. Бұл мәселеге көңіл бөлу керек. Теңгенің қатты құнсыздануынан да біраз зардап шектік. Қазір қарқынды инфляция байқалады.

Ресей тауарларын Еуропаға жеткізе алмай қалды, өйткені олар бас тартты. Босап жатқан нарықтарды өзіміз өндіретін тауарлармен толтыруға мүмкіндік туды. Қандай тауралар өндіре аламыз, соны ойлануымыз қажет.