"Диета сайын семіре бердім". Тамақтан бас тарта алмайтындардың анонимді тобы қалай жұмыс істейді?
Информбюро тілшісіне сұхбат берген топ мүшесі бүгінде булимия мен қант диабетіне шалдыққан.Тамақ жеуден өзін тоқтата алмайтын адамдар бар. Бұл да – тәуелділіктің бір түрі. Тура маскүнемдік не нашақорлық сынды. Қоғамдық дерттің асқынғаны сондай, Алматы мен Нұр-Сұлтанда тамақты көп жейтіндердің анонимді топтары құрылған. Адамдар осы топқа келіп, өзінің шерін тарқатады, бір-біріне артық салмақтан арылуға көмектеседі. Олардың әлеуметтік желілерде ортақ чаты да бар. Сол чатта Женя есімді жігіт бізге өзінің әңгімесін айтып берді. Ол шамадан тыс тамақ ішу, булимия және екінші типті қан диабетінен емделіп жүр.
"Диета ұстаған сайын семіре бердім"
Бала кезімнен бері шамадан тыс тамақ жеуден зардап шегіп келемін. Артық салмақтан құтыламын деп жүріп булимияға шалдықтым. Менің түсінігімде булимия – жеген тамақ пен калориядан дәретхана, жаттығу жасау, аш жүру арқылы арылу және тамақты көп жегенің үшін өзіңді жазалау.
Үнемі әрі-сәрі күйде жүретінмін. Не таңнан кешке дейін өмірімде соңғы рет тамақ ішіп отырғандай тойып аламын немесе, керісінше, қатаң диета ұстап, салауатты өмір салты туралы айтып, айналамдағылардың мазасын аламын.
Екі күйде де басым мең-зең болады, өзімді түсіне алмайтынмын. Мұндай жағдайда өзіме қарау, шынайы сезімдерімді және қажеттіліктерімді тыңдау мүмкін емес еді. Ең бастысы, осы екі күй арқылы жан азабынан құтылмақ болдым. Ал шынында азап шегуімнің негізгі себебі де солар еді.
Оқи отырыңыз: "Арақты қою үшін бармаған жерім жоқ". Анонимді алкоголиктер тобындағы әйелдің хикаясы
Кейін мен сияқты тамақ көп жейтіндердің анонимді тобы туралы және сол арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізген адамдар туралы естідім. Бірден іске кірістім. Әдебиеттерді оқып, жиналыстарынан қалмадым, демеушімен бірге бағдарламаны орындай бастадым және қатаң диетаға отырдым. Осындай күшті қолдау тауып, аурудың рухани жағы да болатынын біліп, ішімдегі қорқыныштар мен реніштерді жеңе бастағандықтан ба, осы жолы диетаны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ұзақ ұстадым. Қатты қуандым. Салмағым да азайды.
Бірақ, біраз уақыттан кейін құлшынысым азайды, ұзақ диетадан шаршаған ағзам қарсылық көрсете бастады. Қайтадан тамақ жесем, тоқтай алмайтын күйге түстім. Кейін оның орнын қатаң диета арқылы толтыруға тырыстым. Осылайша салмағым бірте-бірте арта берді. Ал өзімді онсыз да бағалай алмайтын мен үшін бұл өте ауыр жағдай еді. Көз алдымда тіпті төмендеп кеттім. Салмағым бұрынғыдан да ауырлап кеткен кезде мүлде үмітімді үздім.
Қай жерде қате жібердім? Сөйтсем, мәселенің мәнін дұрыс түсінбеген екенмін. Салмақ пен дене бітімін бірінші орынға қойыппын. Мәселе артық салмақта не тамақтың сапасы мен мөлшерінде емес, тамаққа деген қарым-қатынасымда екенін түсінбеппін.
Ең қиыны – өзімнің компульсивті тамақтанатын адам екенімді мойындау болды. Маскүнемдерден айырмашылығым – ауру физикалық тұрғыда басқаша әсер етеді. Тәбетім де басқаша. Мысалы, тәбетімнің ашылуы үшін кез келген нәрсені жей салу жеткіліксіз. Ал тез арықтау және салмақты басқару туралы ойлау бірден тәбетімді ашады.
Бұл ерекшелікті байқауға анонимді топтағы бағдарлама көмектесті. Оның бірінші қадамы бойынша, өзім туралы егжей-тегжейлі жаздым. Салмақ тастау кезінде не ойладым, не сезіндім, не күттім, нәтижесі қандай болды – бәрін тіздім. Салмағымның өзгеру кестесін жасадым. Онда қай жылы қандай диета ұстағанымды көрсеттім.
Қарасам, бала кезімнен бері әр диета ұстаған сайын семіре беріппін! Құрдымға кету деген осы шығар. Арықтауға тырысқан сайын семіру деген не сұмдық! Сол кезде психологиямда түбегейлі өзгеріс болды. Онсыз мен қайта-қайта қайталана беретін циклді тоқтата алмас едім.
Бұл – менің тәжірибем. Әркім мұқият жұмыс істеу арқылы осылай өз циклін анықтауы қажет. Мен бұдан былай арықтаудың қажеті жоқ екенін түсіндім, өйткені диетадан кейін салмағым өсе береді. Оның орнына бар назарымды тамақтану режимімді басқаруға аудардым. Қалай артық тамақ жеп қоятынымды, тамақ жеп отырған кезде не ойлап, не сезінетінімді, жалпы қандай тамақтың өмірімде және жақын адамдарыммен қарым-қатынаста қандай рөл атқаратынын, қандай үрей, қорқыныш, үмітім бар екенін байқадым.
Ағзамды қинаудың орнына, оған ауру баладай күтім жасауды үйрене бастадым. Қажеттіліктерімді, қашан және не жегім келетінін ажыратуды үйрендім. Алайда диетология, фитнес және тәжірибелі адамдардың кеңесінен де бас тартпадым. Бірақ бұдан былай ас мәзірін құру кезінде біреудің жеке пікіріне ғана сүйенбей, өзіммен де кеңесуді үйрендім. Сондай-ақ, емделу кезінде булимияны да ескердім.
Оқи отырыңыз: Нейропсихолог: Ертегі тыңдамаған баланың тілі кеш шығады, өзі жасқаншақ боп өседі
Содан бері өзімнің арықтауға деген қатты құлшынысымның пайдасынан гөрі зияны көп екенін түсіндім. Ол да тура артық ішіп-жеу сияқты зиян екен. Сөйтіп салмағыммен алысып, диета ұстауды қойдым. Мұнымен бірге қомағайлығым да азая бастады. Бірнеше жыл бойы диета ұстамадым, көп және жиі тамақ жедім, бірақ режимім өте сирек бұзылатын болды.
10 жылға жуық уақыт өтті. Көптеген қателік жібердім, жаңалық та аштым. Сондай-ақ, осы уақыт ішінде көп тамақ жегім келетін немесе диета ұстағым келетін кездер де болды. Алайда олар ұзаққа созылмады және денсаулығыма зияны да азайды, бұрынғыдай басым ауырмайтын болды. Булимия басылды. Өзімді бірте-бірте қалай бармын, солай қабылдай бастадым.
Қазір салмағым соңғы сәтсіз диетаны аяқтаған кездегі салмағымнан ондаған келіге аз. Мен енді диета ұстамаймын және калорияларды есептемеймін. Велосипед сатып алдым, қыста спорт клубына барамын. Қант диабеті толығымен бақылауда. Ары қарай не боларын білмеймін. Біз ешқандай уәде бермейміз және бір күнмен өмір сүреміз. Бір күні бәрін жоққа шығарып, қайтадан құзға құлауым да мүмкін. Бірақ тамақ көп жейтіндердің анонимді тобындағы аға-әпкелерім мені қолдайтынын және айыптамайтынын, қандай жағдайда да мені қабылдайтынын білемін. Демек, өмір жалғаса береді. Қазір таразыға тартылғанда белгілі бір сандарды көруді армандамаймын. Басқа, одан да маңызды мақсаттарым бар.
Оқи отырыңыз: Темекі, ішімдік және есірткіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?
Көп тамақ жейтіндердің анонимді тобы (Overeaters Anonymous) – өзіне және басқаларға шамадан тыс тамақтануды қоюға көмектесетін және бір-бірімен тәжірибе алмасатын адамдардың қауымдастығы. Топқа қосылаудың бірден-бір шарты – көп мөлшерде тамақтанудан арылуға деген ұмтылыс.
Қазір мұндай топтар Алматы және Нұр-Сұлтанда бар. Олар, сондай-ақ, онлайн да жұмыс істейді. Топтардың жұмыс кестесі сайтында көрсетілген.