Бүгін тұмауға қарсы екпе алу науқаны басталды. Оны коронавирусқа қарсы вакцинамен қатар алуға бола ма?
Елімізде "Гриппол плюстен" басқа 3 өндірушінің тұмауға қарсы тағы 4 вакцинасы тіркелген.Бүгін Қазақстанда тұмауға қарсы екпе егу басталды. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, 2021 жылы бюджет қаржысы есебінен 2,5 млн доза "Гриппол плюс" вакцинасы сатып алынғанын жеткізді.
"Екпе Ресейде өндірілген. Вакцинада алдағы тұмаудың штамы бар. 15 қыркүйекте тұмауға қарсы екпе салу басталады. Бас санитар дәрігердің қаулысы қабылданған", – деген болатын бірінші вице-министр.
Тұмауға қарсы екпе келесі топтардағы азаматтарға жоспарлы түрде салынады:
- медицина қызметкерлері;
- медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар;
- жасы 6 айдан асқан әрі жиі ауыратын балалар;
- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері;
- қарттар мен мүгедектер үйін мекендеушілер;
- жүктіліктің екінші не үшінші триместріндегі жүкті әйелдер;
- жүрек-қан тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар.
- Сонымен қатар, жұмыс беруші мен екпе салдырушының өз жеке қаражаты есебінен де вакцинациялау жүргізіледі.
Тұмауға қарсы екпе түрлері
Биыл бюджет қаражатына Ресейде өндірілген "Гриппол +" вакцинасының 2,5 миллион дозасы сатып алынды, одан өзге Қазақстанда 3 өндірушіден тұмауға қарсы тағы 4 вакцина тіркелген. Олар:
- Санофи-Пастер (Франция) өндірген "Ваксигрип Тетра";
- Инфлювак (Нидерландтар);
- Синовак Биотек (Қытай).
Тұмауға қарсы вакцина мен коронавирусқа қарсы вакцинасының аралығы қанша болуы керек? Екі вакцинаны қатар алуға болмайды. Тұмауға қарсы вакцина мен коронавирусқа қарсы вакцинаны қабылдау аралығы 2-4 апта болу керек.
Есте ұстаңыз: Тұмауға қарсы вакцина тек тұмау вирусынан қорғайды!
"ЖРВИ тудыратын 400-ден астам түрлі вирус айналымда болады және мұндай вирустарға қарсы вакциналарды жасау мүмкін емес және экономикалық тұрғыдан негізсіз. Бірақ, тұмауға қарсы вакцинация кейбір антигендердің ұқсастығына байланысты әртүрлі вирустық инфекциялардың ауыр ағымынан қорғайды және асқынулардың даму мүмкіндігін азайтады" делінген Денсаулық сақтау министрлігінің ресми жауапхатында.
Есте ұстаңыз: Коронавирус жұқтырып, кейін емделіп жазылғандар екпені сауыққаннан соң 2 аптадан соң, яғни қалпына келгеннен кейін ғана дәрігердің рұқсатымен тұмауға қарсы екпе алады.
Қарсы көрсеткіштер:
- Тауық ақуызына аллергия. Өйткені, ол вакцинаның құрамында өте аз мөлшерде болуы мүмкін.
- Бронх демікпесі, неврологиялық ауру және тері дерматитінің болуы. Созылмалы аурулардың өршуі кезінде аллергиялық реакция беруі ықтимал.
- Алдыңғы егуге төзбеушіліктің айқын жеке реакциясы.
- Вирустық, бактериялық ауру, "суық тию" кезеңінде және аурудан кейінгі 2 апта қалпына келу кезеңі.
Вакцинаның кері әсерлері
Вакцинациядан соң дене қызуы шамамен 0,5 градусқа жоғарылап, тамағы қызаруы мүмкін. Бастапқыда вирустық инфекцияның симптомдары байқалады, бірақ бірнеше күн ішінде бұл белгілердің бәрі жойылады. Тұмау мен жедел-респираторлық вирустық инфекцияның алдын алудың жолдары – масканы дұрыс тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, қолды үнемі жуу.