Қазір қоғамда "бақсы", "балгер", "тәуіп", "көріпкел" деген сөздер ешкімге таңсық емес. Баласына көз тисе, суық тиіп, құнды затын жоғалтса, емші-құмалақшыны жағалап кететіндер әлі көп. Өкініштісі, көп ретте бұл қайғылы жағдайға әкелетіні бар. Таяуда ғана Жаңаөзенде болған оқиға бұл сөзімізге дәлел. Еске салайық, 20 маусым күні 9 жасар Ақбан Абдуллаһтың қолына ампутация жасалды. Велосипед теуіп жүріп құлап, қолы сынған баланы туыстары ауруханаға емес, сынықшыға апарған. Нәтижесінде жарақат гангренаға ұласып, баланың оң қолының жартысын кестіруге мәжбүр болған. Мұндай мысалдар өте көп. 

Заңгер Нұра Танысқызы Қазақстанда емшілердің екі тобы барын айтады. Олардың: 

  • Бірінші топқа жататындар – Қазақстан Республикасының заңнамасының негізінде медициналық білімі жоқ, бірақ лицензия негізінде дәстүрлі медицинамен айналысатын адамдар. Оларға лицензияны медицина саласындағы уәкілетті орган береді. Бұл дәстүрлі медицина болғанымен, "медицина" деген сөздің болуы шарт.
  • Екінші топқа жататындар – халық медицинасын қолданбай, құран сүрелері не қамшымен және басқа жолдармен емдейтіндер. Олардың қызметі заң жүзінде реттелмеген. 

Жауапты кім? Емшіге барған адам ба, әлде біліксіз емші ме?

Нұра Танысқызының айтуынша, бұған біріншіден емшіге барған азаматтардың өздері кінәлі. Медициналық білімі жоқ адамға жүгінгеннің мойнына да жауапкершілік артылады. Себебі, адамдар емделуге барарда қауіпті, барлық тәуекелді біліп-ескеруі керек. 

Екіншіден, медициналық білімі жоқ адам заңсыз медициналық, яғни лицензиясыз іс-әрекет жасайтын болса, ол Қылмыстық кодексінің 322-бабымен жазаланады:

"Медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен осы қызмет түрiне сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ адамның айналысуы, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соқса, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады".

Бұл баптың бірнеше бөлімі бар:

  1. Бірінші бөлімі: орташа зияны келсе, онда осындай қызметпен айналысуға екі жылға дейін мерзімде шеттету  немесе 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 200 сағат түзеу жұмыстары бар, сонымен қатар, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру мүмкін.
  2. Екінші бөлімі: Адам абайсызда, немесе сол әрекет ауыр зиян келтірген жағдайда 3 000 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру мәселесі қарастырылады.
  3. Үшінші бөлімі: адам өліміне әкеліп соқса, оған да шара қолданылады. Оның барлығымен құқық қорғау органдары мен сот айналысады.

Заңгер Нұра Танысқызының айтуынша, бұл жерде басты мән беретін нәрсе – дәстүрлі медицина бойынша емдеп жатқан емшінің лицензиясының болуы. 


Оқи отырыңыз: Тамыр ұстағанның бәрі емші емес. Қазақ емі мен халық емшілігін шатастырмаңыз


 

Заңды күшейту қажет

Заңгер бізде бақсы, көріпкел, емшілер қызметін реттейтін заң жоғын айтады.

"Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының да халық медицинасына қатысты үлкен стратегиясы бар. Бірақ, бұл жерде нақты бір табан тірейтін заң жоқ. Адамдар қандай да бір заңсыз әрекет жасайтын болса немесе лицензия болмаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады", – дейді заңгер. 

Айтуынша, егер алаяқтық іс-әрекеттерді анықтаған жағдайда оны құқық қорғау органдары қарастырады. Алаяқтық – Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекс аясында қарастырылатын қылмыс түрі.


Оқи отырыңыз: Қояншық ауруы (Эпилепсия) дегеніміз не? Аяқ астынан ұстамасы ұстаған адамға қалай көмектесу керек?


 

Емшіге бару медицинаға сенімсіздіктің белгісі ме?

"Медицина дамыған заманда көпшіліктің дәстүрлі медицинаға бет бұрып, емші жағалап кетуі – қазіргі медицинаға сенімсіздіктің белгісі деп ойлаймын. Өйткені соңғы кездерде, медицина қызметкерлерінің өз ісіне немқұрайлы қарауы, денсаулығына зиян келтіруі, адамдардың өлуі сияқты оқиғалар көбейіп кетті. Ондай шағыммен келетіндер көп. Мәселен, баланы ауыстыру, жалған ақпарат беру, балаларды сату сияқты проблема әлі күнге дейін бар. Яғни, медицина саласының осындай кем-кетік тұстары – көпшіліктің бақсы-балгерді жағалауының себебі", – дейді Нұра Танысқызы. 

Оның айтуынша, емшілерден зардап шегіп жатқан отбасылардың бірі де сотқа шағымданып, оларды жауапқа тартып жатқан жоқ.  Оған адамдар өз қателігін мойындап, өз жауапкершілігінен қашуы себеп. 


Оқи отырыңыз: Көз ауруын байқамай, асқындырудың соңы – су қараңғы соқырлық. Алдын ала сақтанамын десеңіз? Дәрігердің кеңесі