DFC Intelligence мәліметінше, жер бетінде 3,1 миллиард адам видеоойын ойнайды. Бұл Жер бетіндегі халықтың шамамен 40 пайызы. Мұнымен қатар, зерттеу компаниясы 2024 жылға қарай компьютер ойыншыларының шығысы 73 млрд долларды құрайтынын мәлімдеді. Осы орайда, Informburo.kz Қазақстанда жасалған танымал 5 видеоойынды ұсынады.  

"Динаның хикаясы"

Рөлдерді бөліп алып ойнауға болатын ойын графика және эффектілерімен таңғалдырады. Оны мамандар арнайы мектепке дейінгі мекемелер мен бастауыш сынып оқушыларына арнап жасаған. Sanasoft компаниясының құрастырушылары ұлттық тарихты білуге көмектесетін қызықты сюжет жасаған. Ойыншы "Алтын адам", "Самұрық құс" секілді тарихи кейіпкерлерді кездестіреді. Ойын 1 000 диск көлемінде басылып шықты. 

Astana Racer

Дербес компьютерге арналған ойынды 2009 жылы ARTA компаниясы шығарды. Бұл ойынды Қазақстанда жасалған алғашқы жарыс симуляторы деп атауға болады. Ойында астананың пейзажы қолданылған. Онда танымал алаңдарда көлік жарысын ұйымдастырып, қарсыластарды жеңіп шығуға болады.

MadOut

Ойыншы 13 көліктің бірін таңдай алады. Кейін оны жүргізуші қалауына сәйкес жақсартады. Сапалы компьютерлік графика мен заманауи эффектілерімен ерекшеленеді. App Store, Google Play Market және Windows Store дүкендерінен жүктеп алуға болады. Ойынды құрастырушылар ақылы қызметтер енгізбек. 


Оқи отырыңыз: Tez Tap қазақша үстел ойыны қалай танымал интеллектуалды сайысқа айналды?


"Темірлан: Апокалипсис"

Шымкент қаласының студенттері ойынды шутер жанрында жасап шыққан. Желісіне мутанттардың шабуылынан аман қалған Темірлан батырдың ерлігі арқау болып отыр. Жер шарының барлық тұрғыны зомбиге айналғандықтан, батыр балаға біраз тер төгуге тура келеді. 

SuperBaiga

Бұл ойынды көлік жүргізе алатын азаматтар жақсырақ ойнайды. Мұнымен қатар, оны 2, 3 және 4 адам болып отырып ойнауға болады. Сондай-ақ, ойыншылардың пернетақтамен қатар джойстикті қатар қолдану мүмкіндігі бар. Ойын ОС Windows, MAC, Linux сынды бағдарламаларға сай келеді.