Баламен жыныстық қатынас туралы қай жастан бастап әңгімелесуге болады?
Мұндай әңгіме айтылмаса, бала ақпаратты интернеттен іздей бастайды. Ал онда жалған мәлімет көп.Елімізде жастарға репродуктивті денсаулық пен қарым-қатынас тақырыбында сауатты болуға көмектесетін UyatEmes.kz жыныстық ағарту жобасы бар. Биыл олар Алматы ЮНЕСКО, ЮНЕСКО білім берудегі ақпараттық технологиялар институты және Сорос-Қазақстан қорымен бірлесе отырып, Telegram платформасында Aspan чат-ботын іске қосты.
Осы ретте Informburo.kz тілшісі жобаның негізін қалаушы, тәуелсіз зерттеуші Қарлығаш Қабатовамен сұхбаттасып, балаға жыныстық қатынас туралы айтудың маңызын сұрады.
– Балаға жыныстық қатынас туралы айтудың маңызы қандай?
– Бұл, ең бірінші, балалар мен жастардың қауіпсіздігі үшін қажет. Өйткені, бұл тақырыпта стереотип көп. Жастардың жыныстық сауатын ашу туралы айтқан кезде көбі оны "жыныстық қарым-қатынасқа түсуді үйрету" деп түсінеді. Олай емес. Бұл – балалар мен жастардың жыныстық сауатын арттыру арқылы, оларды физикалық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғану мен гендерлік теңдікке үйрету. Десе де, адамдар гендерлік теңдік дегенді де дұрыс түсіне бермейді. "Бізде бәрі жақсы" деп ойлайды. Ал шынында, бізде бәрі жақсы емес. Қыздар мен әйелдерге зорлық көрсететіндер көп. Себебі, олар өзін қорғауды, "жоқ" деп айтуды білмейді. Ал, ұл балалар олай істеуге болмайтынын түсінбейді. Жыныстық сауат осы мәселенің шешімі бола алады. Балаларға кішкентай кезінен бастап өзінің және басқа адамдардың жеке шекарасын сақтауды, өз тәнін өзі басқаруды, не істеуге болатынын немесе болмайтынын үйрету керек. Бала өзі қаламайынша, ешкім оның денесіне қолын тигізе алмайтынын, өзі де рұқсатсыз ешкімнің денесіне тиіспеуі керек екенін ұғынуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, сыйластық, достық, махаббат дегеннің не екенін білуі қажет.
– Қай жастан бастап айта бастау керек?
– Бізде балаға бұл туралы айтуға әлі ерте деп жатады. "Тек 11-сынып оқушыларына ғана айтуға болады" дейтіндер бар. Бұл кезде жай болып кетеді.
Зерттеу деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жастар жыныстық қатынасқа түсуді орта есеппен 16,5 жасында бастайды. Ал 16-19 жастағы адамдардың 46 пайызы жыныстық жолмен берілетін инфекция жұқтыру мен жасанды түсіктің салдары туралы білмейді.
Бұл зерттеуді Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық пікірді зерттеу орталығы 2018 жылы жүргізген. Яғни, бұл ойдан шығарылған нәрсе емес. "Менің балаларым секс туралы білмейді. Олар әлі кішкентай" дейтін ата-аналар бар. Балаларымыз ештеңе білмейтініне сенгіміз келеді. Бірақ, біз айтпасақ та, бала бәрібір бұл туралы достарынан, сыныптастарынан, ауладағы балалардан естіп-біледі.
Осы тақырыпты зерттегенде бес қаладағы 14-17 жастағы жасөспірімдер мен олардың ата-анасымен жұмыс істедік. Сонда кейбір балалар порнографиялық видеоларды 5-6 жасында көргенін айтты. Кей балаларға достары көрсеткен. Енді бірі сыныптастары үзіліс кезінде көріп отырғанда білген. Бір қыз әкесі порнография көріп отырғанда байқаған. Яғни, балалар жыныстық қатынас туралы бәрібір естиді, көреді. Сосын ол туралы сұрақтары пайда болады. Ал, үлкендерден бұл туралы сұраған кезде көбіне "ұят болады", "мұндай нәрсе сұрама" дейтін жауап алады. Бірақ, қызығушылығы жоғалмайды. Жәй ғана басқа жерлерден іздеп-сұрай бастайды. Сөйтіп порнографияға кез болады. Оны көрген соң, жыныстық қатынас порнографияда көрсетілгендей болады деп ойлайды. Шындығында олай емес қой. Порнографияда актерлер мүшеқап қолданбайды және секспен 40 минуттай айналысуы мүмкін. Шындығында жыныстық қатынастың орташа ұзақтығы – 5 минут. Мұның бәрі баланы жаңылыстырады.
Оқи отырыңыз: Ата-ана баласымен ашылып әңгімелесуге ұялады. Жастардың жыныстық сауатын қалай арттырамыз?
– Сондықтан, баласы порнография видеоларын көретінін байқаған ата-ана не істеуі керек?
– Ұрыспауы керек. Ұрысса, баласы тығылып көре бастайды. Бұл жердегі ең үлкен мәселе мынада: Егер балаға біреу тиісіп жүрсе, бұл туралы ол ата-анасына айтпайды. Себебі, тағы да ұрсады деп қорқатын болады.
Балаларға зорлық көрсететіндердің басты нысаны да – ата-анасынан қорқатын, жыныстық қатынас тақырыбында ештеңе білмейтін балалар. Олар сосын баланы "ата-анаңды өлтіремін", "суретіңді таратып жіберемін" деп, қорқытып, бопсалайды. Ата-анасымен ашық сөйлесе алмайтын бала мұның бәріне көніп жүре береді. Кейде бұл жағдай суицидпен аяқталуы да мүмкін. Яғни, ата-ана баласымен неғұрлым ашық және сенімді қарым-қатынас құра алса, баласын қорғау мүмкіндігі соғұрлым көп болады.
Әрине, біздің қоғамда бұл тақырыпта сөйлесу қиын. "Мәдениетімізге жат" дейміз, "ұят" дейміз. Балалар ата-анасынан ұялады. Бірақ, біз жыныстық сауат туралы жиі-жиі айта бастасақ, ол да қалыпты тақырыпқа айналып, орынсыз ұялу азаяр еді.
– Балаға бұл тақырыпта қалай айту керек?
– Бірден "Бүгін жыныстық қатынас туралы сөйлесеміз" деп бастаудың қажеті жоқ. Мәселен, балаңызбен бірге кино көріп отырғанда сүйісу сахнасы болса, соны түсіндіруден бастауға болады. Жыныстық сауат туралы бір рет айтып, "болды, осы баламның бүкіл өміріне жетеді" деуге болмайды.
Бұл туралы аз-аздан, бірақ үнемі айту арқылы, баламен сенімді қарым-қатынас орнату маңызды.
Егер ата-ана баланың сауалына не деп жауап беретінін білмесе, өтірік айтпай, "Мен қазір бұл туралы білмеймін, бірақ ізденейін. Айтып беремін" деуі керек.
Мысалы, Шымкенттегі зерттеу-тобымызда 6-сынып оқушысы болды. Анасы оған "бала кіндіктен туылады" деп түсіндірген екен. Ал, сыныптастары оған баланың шынында қалай туылатынын айтып берген. Бала шыны қайсы екенін анасынан сұрағанда, "саған бұл туралы айтуға әлі ерте" деген сөз естіген. Осыдан кейін ол анасының өтірік айтқанын түсінеді және келесіде мұндай тақырыптағы нәрселерді анасынан емес, достарынан сұрайтын болады. Ал достары да бұл туралы басқа біреулерден естіп алғандарын айтуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Әрбір үшінші оқушыға әлімжеттік жасалады. Мектеп неге буллинг мекеніне айналды?
– Мектепке жыныстық сауатты енгізу керек деген мәселе бір көтеріліп, басылды. Сіздің ойыңызша, жыныстық сауат туралы пән керек пе?
– Мектепте ұстаздар жыныстық қатынас туралы айтпаса да, балаларға жыныс мүшелерін өз атымен атауды үйретсе болады. Себебі, зерттеулерге сүйенсек, балаларға қарсы жыныстық зорлық жасайтын адамдар жыныс мүшесін нақ атай алатын балаларға көп тиіспейді. Қорқатын және жыныс мүшесі туралы білмейтін балаларды нысанаға алады. Мектепте де бір тақырыпты айналдырып айта бермей, жыл сайын толықтырып отыру керек. Отбасы, достық, физикалық жеке шекара және тағы да басқа тақырыптарды қозғаған жөн.
– Биология пәнінің оқу бағдарламасында жыныс мүшелері туралы тақырып бар. Бірақ, мұғалімдер көбінесе бұл тақырыпты түсіндірмей, үйден оқуға беретінін естіп жатамыз.
– Иә, балалар осы тақырыпты жыл бойы күтетінін айтады. Себебі, сұрақтары бар, білгісі келеді. Ал мұғалім болса, оны үйден оқуға бере салады. Сосын бала оны кімнен сұрайды? Интернетке жүгінеді де, "бірінші жыныстық қатынаста бала көтеру мүмкін емес", "екі мүшеқап пайдалану" дегендерді оқып алады. Ал мұның бәрі – жалған ақпарат.
– Бұл тақырыпта Aspan боты қалай көмектесе алады?
– Aspan – қазақ және орыс тіліндегі чат-бот. Ондағы барлық ақпарат сенімді. Оны дәрігерлер, психологтар, заңгерлер әзірлеген. Бот отбасы, психология, физиология, денсаулық, сексуалдық және қарым-қатынас туралы алты тақырыпқа қатысты сауалдарға жауап бере алады. Сонымен қатар, онда тек теориялар ғана емес, нақты мамандардың, орталықтардың байланыс номерлері, мекен-жайы көрсетілген.
Aspan чат-ботын пайдалану өте оңай: Telegram-ға кіріп, "Іздеу" жолағына @aspanchatbot деп жазсаңыз болды. Онымен қазақ және орыс тілінде сөйлесуге болады. Чат-ботты жастар да, ересектер де пайдалана алады. Әсіресе, балаларымен, іні-қарындастарымен осы тақырыптарда қалай сөйлесуді білмейтіндерге пайдалы болуы мүмкін.