"Алты айда педагог болу". Қайта даярлау курсынан өткендер мектепте сабақ береді
Курсқа қатысу үшін ағылшын тілін кем дегенде А2 деңгейінде меңгергенін растайтын сертификат болуы қажет. Ол болмаса университетте тест тапсырады.Елімізде педагогикалық білімі жоқ мамандар мектепте сабақ бере алады. Бұл бастама білім саласындағы маман тапшылығын жою мақсатында қолға алынды. ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бұл бастама мектепке сапалы мұғалімдерді тарту мақсатында жүзеге асырылып жатқанын алға тартады.
"Мысалы, математика мамандығын игерген, бірақ педагогика бойынша диплом алмаған мамандар бар. Енді заңнамаға енгізілген өзгеріске сәйкес, математиктер педагогиканы оқытатын арнайы курстан кейін мектепте мұғалім бола алады. Осы рәсім бойынша мектепке сапалы мұғалімдерді тартамыз. Педагог болуы керек деген міндет жоқ. Басты шарт – математиканы жақсы білу", – деді министр.
Педагогикалық қайта даярлау дегеніміз не?
Педагогикалық қайта даярлау бағдарламасы педагогикалық білімі жоқ, бірақ мектептерде сабақ бергісі келетін адамдарға арналған. Бағдарламаға тиісті мамандық бойынша жоғары білімі бар адамдар жазыла алады. Педагогикалық қайта даярлау курстары бүгінде бірқатар білім ошағында жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі Сулейман Демирель атындағы университет заманауи форматта білім беретін ұстаздарды даярлауға, сапалы білім беруге ден қойған.
"Қазақстанда жаңа мектептер қарқынды түрде салынып жатыр, ал маман тапшылығы әлі де бар. Әсіресе, информатика, физика пәндерінің мұғалімдері сұранысқа ие. Университетіміздегі Біліктілікті арттыру және инновация орталығы осы бағытта жұмыс істейді. Педагогикалық қайта даярлау курстарын өткізу – әлемдік үдеріс. Бұл – Англиядағы PGCE бағдарламасының қазақстандық аналогы болып табылатын зияткерлік өнім. Алты айлық оқыту курсын сәтті аяқтаған тыңдаушыларға мектепте мұғалім болып жұмыс істеуге құқық беретін мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі. Біздің орталықтың басқалардан ерекшелігі – практикаға бағытталған педагогикалық компоненттерді береміз. Сондай-ақ бұл курстарға магистранттар да қатыса алады", – деді СДУ ректоры Давронжон Гаипов.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде жұмыссыз қаламыз деп қорыққан байланыс колледжінің ұстаздары бас көтерді
Осы уақытқа дейін Педагогикалық қайта даярлау курсына 17 маман қатысып, оның тек жетеуі сертификатталған маман атанды. Солардың бірі математик – Қымбат Жүсіпова.
"Мен Қарағанды облысы Сәтпаев қаласында жекеменшік білім беру орталығын аштым. Сонда математикадан сабақ беремін. Біліктілігімді арттыру мақсатында, оған қоса сабақ берудің жаңа әдістемелерін үйрену үшін алты айлық курсқа қатыстым. Маған сабақтар мен емтихандардың онлайн форматта өткені тиімді болды. Әсіресе, математика, XXІ ғасырдағы көшбасшылық, психология сабақтары ерекше ұнады. Көп жылдан бері мектепте жұмыс істеп жүрген ұстаздарға заманауи форматта сабақ беруді үйрену үшін қайта даярлаудан өтуге кеңес беремін", – деді ол.
Бұл бағдарламаға кім қатыса алады?
СДУ ректорының айтуынша, қазіргі таңда курсқа қатысуға ниет білдірушілер көп. Алайда үміткерлер қатаң іріктеуден өтеді. Талапқа сай мамандар ғана сертификат алады.
"Курсқа қатысушы өз бағытын дұрыс таңдауы қажет. Мысалы, IT маманы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін даярлау бағдарламасына қатыса алмайды. Сондай-ақ алты айлық курс барысында ЖОО-ларда төрт жыл оқытатын базалық білімді емес, сабақ берудің заманауи әдістемесін үйрететінімізді атап өткім келеді. Яғни, қатысушының жоғары, не орта білім алғанын растайтын құжаты, мамандығы бойынша базалық білімі болуы қажет. Оған қоса ағылшын тілін кем дегенде А2 деңгейінде меңгеруі керек. Оны растайтын сертификат болмаған жағдайда, өтініш беруші университетте ағылшын тілінен тест тапсырады", – деп түсіндірді Давронжон Гаипов.
Талапкерлер жеті бағыттың бірін таңдауға ерекше назар аударғаны жөн. Айталық, инженер қазақ тілі немесе биология пәні мұғалімдерін даярлау бағдарламасына кіре алмайды. Бағдарлама барысында студенттер негізгі теориямен айналыспайды, басты назар пәннің өзіне және оны оқыту әдістеріне аударылады, яғни, бағдарламаға ену үшін адам биология негіздерін білуі керек.
Оқи отырыңыз: Қай өңір мұғалімдері жоғары жалақы алады?
"Қазір мектепке төрт жыл бакалавриатта оқыған, педагогикалық бағыттағы дипломы бар түлекті ғана жұмысқа алады. Ал елімізде педагогикалық бағыт бойынша университет бітіріп жатқан түлектер мен өсіп жатқан халық саны мүлдем сәйкес келмейді, яғни қазірдің өзінде мұғалімдер тапшы. Ал жалпы болжам бойынша, әсіресе, оңтүстік өңірлерде алдағы бес жылда халық саны қазіргіден де өсіп кетеді. Мектеп жетіспеушілігі, мұғалім жетіспеушілігі туындайды деген сөз. Осы мәселені шешу үшін педагогикалық қайта даярлау бағдарламасы ашылды", – деді Біліктілікті арттыру және инновация орталығының тренері Ақерке Есенбекова.
Оның сөзінше, бакалавр дипломы қайта даярлау бағдарламасында өтейін деп жатқан пәндерге сәйкес болуы керек. Мамандығы сәйкес келмейтін түлектер бұл бағдарламадан өте алмайды.
"Математика пәнін мысалға алсақ, университетте педагогикалық және академиялық математика болып бөлінеді. Педагогикалық математиканы бітіргендер – болашақ математика пәнінің мұғалімдері, ал ғылыми математиканы бітіргендер математиканы ғылыми бағытта дамытып, сол бағытта ғана жұмыс істейді. Ғылыми бағытта бітірген түлектер онсыз да физиканы, информатиканы жақсы біледі. Неге оларға алты айлық педагогикалық қайта даярлау бағдарламасын ұсынып оларға мұғалім болуға мүмкіндік бермеске?" – деді Біліктілікті арттыру және инновация орталығының тренері.
Ал бағдарлама үш бағытқа бөлінеді:
- педагогикалық бағытта педагогикаға тікелей қатысты пәндер болады, яғни, сабақ беру, бағалау, бағдарлама құру процесі түсіндіріледі;
- даярланатын пәнге қатысты пәндер болады;
- үшінші бөлімде мектептен практика өтеді.
"Алты айлық курс ақысы – 450 мың теңге. Дәрістердің бәрін тыңдап, тапсырмаларды орындап, практика өткен белсенді қатысушылар сертификат алып, алты айда педагог болып шығады. СДУ-да бірінші лекте сегіз адам қатысты, оның төретуі сәтті аяқтады. Екінші лекте он бір адамның екеуі кестеге ілесе алмай курсты уақытша тоқтатты. Қалған тоғыз адамның төртеуі сәтті аяқтады. Курс аптасына бес күн кешкі 18.00-ден 22.00-ге дейін өтетіндіктен қатысам деушілер кестесіне мән бергені жөн. Бірінші лекте тек қана математика пәніне қатысты. Екінші лекте химия, физика, қазақ тілі мен әдебиеті қосылды. Онымен қоса ағылшын тілі, биология және информатика пәнінен қайта даярлау курсы бар", – деді Біліктілікті арттыру және инновация орталығының тренері.
Оқу мерзімі – алты ай. Тренинг аралас форматта ұйымдастырылады. Бағдарламаның көп бөлігі онлайн режимде өтеді. Студенттер университетке бағдарламаның басында (1-14 қараша), ал ортасында (10-17 қаңтар), сондай-ақ 28-31 наурызда аттестаттауға келуі керек. Жоғарыда көрсетілгендей, бұл күндер мектеп демалысына сәйкес таңдалған.
Бағдарлама сәтті аяқталғаннан кейін, тыңдаушыларға мектепте мұғалім болып жұмыс істеуге құқық беретін мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі. Курс ақылы болса да сұраныс жоғары. Болашақта мемлекет тарапынан қолдау көрсетілу мүмкін. Қыркүйек айында курстың үшінші легі басталады.
Курстан өткен мамандарға болашақта қандай мүмкіндіктер бар?
Бірінші кезекте, бағдарлама тыңдаушыларға педагогика бойынша білім қорын меңгеруге мүмкіндік береді. Курс барысында тыңдаушылар орта білім беру орындарында тиімді оқытуға мүмкіндік беретін педагогикалық компоненттерге назар аудара алады.
Сонымен қатар, курс тыңдаушыларға орта оқу орындарында тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Бағдарлама аяқталғаннан кейін тыңдаушылар оқыту тәжірибесіне ие болады және теориялық білімдерін іс жүзінде қолдана алады.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: 30 жыл өтілі бар ұстаздарға жеңілдіктер жасалады
Курс тыңдаушылары қызмет саласының өзгертеді. Бағдарлама аяқталғаннан кейін сертификат арқылы мектепке мұғалім ретінде жұмысқа орналаса алады. Осылайша, сабақ бергісі келген және оған мүмкіндіктері жоқ басқа сала мамандары қажетті педагогикалық дағдыларды игереді.
СДУ педагогикалық бағыттағы мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөледі. Жаңадан ашылған "Мектепке дейінгі білім беру", "Бастауыш педагогика және әдістемесі", "Педагогика және психология", "Әлеуметтік педагогика" білім беру бағдарламалары болашақ педагогтерді сыни тұрғыда ойлауға, аналитикалық талдау жасауға, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне сүйене отырып білім беруге үйретеді.