Пандемия жағдайында Қазақстанда ішкі туризмге сұраныс артты. Теңіз, тау, жағажай туризмі қарқынды дами бастады. Шипажайлар мен демалыс орындарында, тіпті, орын табу мұңға айналған. Тамызға болмаса, шілдеге көбінде бронь жоқ. Соған орай, бүгінгі материалда Қазақстандағы ішкі туризмнің бес басты демалыс орнындағы бағаны салыстырдық.  

Бурабай

Фото elorda.info сайтынан алынды

Жер шарының ең көрікті жерлерінің бірі саналатын Ақмола облысының аумағында "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы орналасқан. Бурабай Қазақстандағы ең танымал демалыс орындарының бірі. Бұл жер бетінде сирек кездесетін өзіндік орны бар географиялық пункт ретінде кеңінен танымал. Бурабай шатқалының жоғарғы жағы Қазақ ұсақ шоқыларының құрамына кіретін аласа таулы болып келеді. Төңірек биік таулар және қылқан жапырақты орман, айдынды көл және таза ауа. Табиғаттың шипалы қуаты жақсы демалуға және денсаулықты қалпына келтіруге мүмкіндік тудырады. Бурабайдың балшығы мен минералды суы емдік қасиетке бай. 

Booking сайтының мәліметінше, тамыз айының ортасындағы алты түндік тур бағасы 54 мыңнан басталып, 900 мың теңгеге дейін жетеді. Көптеген орынға алдын ала бронь жасалған. Бурабайдың жанындағы пәтер мен қонақ үйлерде баға шамалас. Сондықтан демалысты ертерек жоспарлап, алдын ала жатын орыныңызды келісіп алған жөн.

Баянауыл

Фото veters.kz сайтынан алынды

Баянауыл – Павлодар облысының оңтүстік-шығысында орналасқан Баянауыл ауданының орталығы. Ол – курортты аймақ, 1985 жылы Ұлттық табиғи саябақ мәртебесіне ие болды. Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдері жыл сайын мыңдаған туристі қарсы алады. Бұл үшін көл жағалауларында демалыс үйлері мен пансионаттар көп салынған.

Booking сайты арқылы тамыз айының соңына екі ересек адамға 154 мың теңгеге броньдауға болады. Жоспар өзгеретін болса, броньнан бас тартуға мүмкіндік бар. Ол үшін ешқандай пайыз ұсталмайды. Сондай-ақ, шілденің соңы мен тамыздың басына екі адам үшін қонақ үйде екі түнеуді 22 500-150 мың теңге аралығында сатып алуға болады.

Алакөл

Фото almaty.tv сайтынан алынды

Қазақстандықтар Алакөлге жиі барады. Көлемі жөнінен еліміздегі су айдындары ішінен екінші орынды алатын көлге 15-ке жуық өзен құяды. Суының емдік қасиеті бар. Судың құрамында хлорид-натрий тұзы болғандықтан, ол адам денсаулығына оң әсер етеді. Кей деректер бойынша Алакөлге жылына 250 мыңнан астам демалуға келеді екен.

Көлге қалай жетуге болады? Нұр-Сұлтаннан жолға шықсаңыз, әуелі ұшақпен Алматыға жетіп алып, әрі қарай пойыз немесе автобуспен баруға тура келеді. Ал Алматыдан пойызбен Көктума станциясына дейін жетуге болады. Алматыдан Алакөлге дейінгі ара қашықтық шамамен 650 шақырым.

Қабанбай кентінің қонақ үйлерінде екі ересек адамға алты түнге арналған нөмірлердің құны 96 мың теңгеден 270 мың теңгеге дейін. Бұл тамыз айының ортасындағы Booking сайтындағы баға. Шілде айының ортасында бағалар сәл жоғары, бірақ бос орындар жоқ. 

Балқаш

Фото kazakhstan.travel сайтынан алынды

Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі үшінші орынды алатын Балқаш үш облыстың аумағына созылып жатыр. Оның жағалауында да демалыс орындары көп. Балқаш жағалауында толыққанды демалысқа қажетті барлық жағдай бар. Желкенді спорт, байдарка есу, балық аулау сияқты демалыс түрлері жақсы дамыған. Көл айдынында жиі кездесетін шағын аралдар жүзуден әуесқой жарыстар өткізілетін кезде ақтық мәре ретінде жиі таңдалады.

Көл маңында ауа райы құрғақ. Сол себепті мұндағы жаз қашанда ыстық, жауын-шашын мөлшері аз болады. Демалысын жылы суға шомылып, шуақты күнге қыздырынып өткіземін деушілер үшін таптырмас орын.

Мұнда шілденің соңғы аптасына қонақ үйден екі адамдық орынды бір аптаға 147 мың теңгеге жалдауға болады. Сондай-ақ, өзен жағалауындағы саяжайды бір аптаға жалдау құны  283 500 теңге шамасында.

Каспий

Фото kazakhstan.travel сайтынан алынды

Каспий теңізі жылы суымен, теңіздің хош иісімен өзіне баурап алады. Мұнда шомылу маусымы мамырдан қыркүйекке дейін жалғасады. Каспий теңізінде демалудың басты артықшылығы – емдік шипалы балшығы және табиғи минералды көздер.

Ал Ақтау – Қазақстандағы теңіз жағасында орналасқан жалғыз қала. Сондықтан бұл жерден жатын орын табу қиын емес. Көпшілік пәтер жалдап немесе қонақ үйлерге тоқтайды.

Booking сайты мәліметінше, жағажайдан алыстау орналасқан қонақ үйден екі адам бір аптаға 33 мың теңгеге бөлме жалдай алады. Ал танымал қонақ үйлерде екі адам үшін бір аптаға нөмір жалдау құны 1 млн 200 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл баға шілденің соңында өзекті.

Жағажай демалысына арналған орындардың барлығы адамдар үшін ыңғайлы жабдықталған және демалыс түрінің көптігімен ерекшеленеді. 


ЕСТЕ ҰСТАҢЫЗ: Пандемияға байланысты, көптеген демалыс айматарына кірудің басты критериі – сіздің Ashyq мәртебеңіздің түсі. Сондықтан, демалғыңыз келетін облыстағы эпидемиологиялық ахуалмен алдын ала танысып алғаныңыз дұрыс. Демалыстың жақсы өтуінің кепілі – вакцина паспорты немесе теріс нәтижеге ие ПТР-тест анықтамасы.