"Айтыстың мазмұны жасарып келе жатыр". Ақын Жүрсін Ерманмен сұхбат
Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында өткен "Алтайдай жер қайда?!" атты халықаралық айтысты Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жүргізді.
– Қатонқарағайда тау бөктерінде халықаралық деңгейде айтыс өтті. Ғимаратта өткізгеннен бұл айтыстың ерекшелігі бар ма?
– Ерекшелігі көп. Айтысты халыққа жақындатамыз деп әртүрлі амалын жасап жатырмыз. Алтайдың төрінде таудың өзін фон қылдық. Емін-еркін жайғасқан халықты көрдіңіздер. Ашық аспан астында, тау бөктерінде айтыс өткізу тамаша идея болды. Табиғат аясына келгеннен кейін ақындардың да арқасы қозады. Тұмса табиғат ақындарға зор шабыт сыйлайды.
– Соңғы жылдары Айтыстың саясиланып кеткені бар. Бұл өнердің болашағы қандай деп ойлайсыз?
– Айтысқа араласып жүргеніме 50 жылға жуықтап қалды. Соңғы 30 жылдың төңірегінде теледидар арқылы көрсетіледі. Ол айтыс пен бұл айтыстың арасы алшақтап кетті. Қазір айтыс жасарып жатыр. Біз алғаш бастағанда Манап Көкенов, Көкен Шәкеев, Көпбай Омаров, Қалихан Алтынбаев сияқты қазақтың ескі дәстүрін сақтаған, көненің көзін көрген үлкен ақындар бар еді. Енді қатарға айтыстың төртінші-бесінші легі қосылды. Мен сонау сексенінші жылдары айтыс XXI ғасырға бармайтын шығар деп бал ашып едім. Неге десеңіз, бетіміз бұрылып, орысша сөйлеп кеткен, өз салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыпымызды ұмыта бастаған кез еді. Бірақ, менің бұл сәуегейлігімді айтыс жоққа шығарды. XXI ғасырға еркін аттап кіріп, тіпті айтыс тәуелсіздігін бекемдеді деуге болады. Халықтың рухын көтеріп, бойындағы тәуелсіз рухты оятты.
Оқи отырыңыз: "Қазақтан бұрын домбыра болған". Домбыраның тарихын білесіз бе?
Қазір, әсіресе, кейінгі жылдары күтпеген жерлерден жас ақындар келіп жатыр. Мысалы, былтыр Павлодардан қобызбен қосылып жыр төгетін Бөкен Жігер деген ақынды тауып алдым. Бірден менің буыныма түсті. Айтысқа шығарып едік, сонау бір сақ не ғұн заманынан бабаларымыздың рухы сөйлеп отырғандай әсер қалдырды. Қарағандыда Абзал Мақашев деген 16-17 жастағы баланы бәйгеге қостық. Қазір ол айтыстың негізгі саптағы сарбаздарының біріне айналды. Арқаның айтыс дәстүрін жақсы меңгерген. Сөзді ойната да, тыңдай да білетін өте мәдениетті жақсы ақын өсіп келе жатыр. Осындай ақындар көп-ақ.
"Алтайдай жер қайда?!" айтысына Моңғолиядан келген, қазір Қазақстанда институт бітіргелі жатқан Серуен Әзім қатысты. Ол да үлкен ақындармен иық тіресіп айтыса алатын шебер ақын. Осындай жастар көбейіп келеді. Сондықтан айтыс жасарып кетті деуге негіз бар.
Қазір айтыстың деңгейі әлдеқайда жоғары. Айтыстың мазмұны да жасарып келе жатыр. Олардың көбі – студенттер, магистранттар, ғылым кандидаттары мен докторлары, яғни ғылым бағытында жүр. Олар интеллектуал, интернеттің тілін меңгреген. Бүкіл әлемнің тамырын басқандай қабылдап жатқан ақпаратты өлеңге қосқан кезде жаңаша айтыс туады. Бүгінгі жастардың да айтысқа бетбұрысы ерекше. Сондықтан, айтыстың болашағы зор.
Оқи отырыңыз: Мақал-мәтелдердің қазақ өміріндегі орны. Оларды қалай айыруға болады
– Пандемия кезінде айтыс та көрерменсіз қалғаны бар. Айтысқа деген көременнің ықыласы өзгермеп пе?
– Өлеңнің техникасы да, технологиясы өзгерді. Мысалы, 80-90 жылдары қарапайым қазақы қара өлеңмен айтысатын, халық бір ауыз сөзге мәз болатын. Қазір қарарсақ, көрерменнің де деңгейі өскен. Олар жаңа өлең талап етеді, осы күнгі жазба поэзиямен теңесіп қалған айтысты көргісі келеді. Соған сай айтыс та көп өтетін болды. Пандемия кезінде де тоқтаған жоқпыз. Онлайн айтысты да, көрерменсіз айтысты да өткіздік. Биыл дерттен құтылғаннан кейін үлкен-үлкен айтыстар жоспарлап отырмыз.
Қатонқарағайдағы айтыс соның бірі болса, қыркүйек айының басында Торғайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған айтыс өтеді. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қазан не қараша айына қарай Ұлытау төрінде айтыс жасайық деп ұсынды. Жылда дәстүрлі түрде өтетін "Алтын домбыра" деген айтысымыз бар. Мәдениет және спорт министрлігі биыл да қолдап, өтіп жатқан айтыстардың жеңімпаздарының басын қосып, алтын домбыраны сарапқа салады. "Айтыс қазір тоқтап тұр" деген бос әңгіме.
– Халықаралық деңгейдегі айтысқа Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолиядан атйыскерлер келіп жатыр. Бұл олардың бір-бірін түсінуіне қиындық келтірмей ме?
– Қалай қиындық келтіреді? Қайдан келсе де, бұлардың бәрі – қазақтың ақындары. Моңғолиядан келсе де, Қытайдан келсе де, Өзбекстан не Ресейден келсе де, бәрі қазақтар ғой. Айтыс деген қазақтың маңдайына біткен, қазақтың қанында бар өнер. Қырғыздардың сөзін түсінбеу мүмкін емес, олар өзімізбен бауырлас халық. Сондықтан еш қиындығы жоқ.
Оқи отырыңыз: Құнын жоғалтпаған қазақтың киіз үйі шетелде де сұранысқа ие
– Қатонқарағайдың табиғаты ұнады ма?
– Қатонқарағайға бұрыннан келіп жүрмін. Рахман қайнарында да болғанмын. Осыдан жиырма жыл бұрын Оралхан Бөкейдің алпыс жылдығына арнап Қатонқарағайда, осы маңдағы мәдениет үйінде айтыс өткізгенбіз. Бұл – жердің төресі, Қазақстанның шығыс қақпасы. Әрине, Қатаонқарағайдан елдің көшіп жатқаны, жер төресі, тау төресі, шығыс қақпамыздың босап жатқаны жанға батады. Қатонқарағай аудан болмай қалды деп айтыста да қайта-қайта айтылып жатыр. Бұл айтыстың мақсаты да осы еді, яғни Қатонқарағайға елдің, қауымның назарын аудару. Осында ірі кәсіпкерлер келіп, кәсіп ашып, қазақтың бренд өнімдерін шығарып, халықты жұмыспен қамтып, ағайынды оралтса деген тілек.
Швейцарияға көп бардым, ғажап жер. Қатонқарағайдың табиғаты Швейцариядан кем түспейді. Бірақ, оларда инфрақұрылым дамып кеткен. Барлық жерде демалушыға жағдай жасап қойған. Бізде осы жағы кемшін болып тұр. Ол да орнына келетін шығар деп ойлаймын. Жаңа Қазақстан құрып жатырмыз. Мынадай жерді бос қалдыру мүмкін емес.
"Алтайдай жер қайда?!" халықаралық айтысына Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген атақты айтыскерлер қатысты. Айтыстың жалпы жүлде қоры – 20 млн теңге.
Айтыста бас жүлдені Ардабек Ақбаба алды. Бірінші орынды қызылордалық ақын Мұхтар Ниязов қанжығаласа, екінші орынды Еркебұлан Қайназаров пен Рүстем Қайыртайұлы бөлісті. Қазірет Бердіхан мен өзбекстандық ақын Талғат Орынбеков үшінші орын алды.
Айтысқа, сонымен қатар, Әсем Ереже, Шұғайып Сезімхан, Қалижан Ділдашев, Жарқын Жұпархан және басқа да танымал от ауызды, орақ тілді айтыскерлер қатысты.