"Әдебиет көшірмемен өспейді". "Тармақтар" әдеби жобасының жетекшісімен сұхбат
Instagram әлеуметтік желісінде қазақ поэзиясынан тармақтар жариялап отыратын "Тармақтар" деген парақша бар. Жарты жылда 26,6 мың оқырман жинады. Олар өздерін "Қазақ әдебиетінің эстетикасы", "Жан тыныштығы министрлігі" деп атайды.
Informburo.kz тілшісі "Тармақтар" әдеби жобасының жетекшісі, филолог Рысгүл Досжановамен әдеби жоба мен қазіргі жастардың әдеби сұранысы туралы әңгімелесті.
– "Тармақтар" парақшасы ашылған соң аз уақыт ішінде 26 мыңнан астам оқырман жинады. Парақшаның жетістігі немен байланысты? Дизайн мен тұрақты SMM құралдардың көмегі ме, әлде оқырмандар расымен әдбиетке шөлдеп жүр ме?
– Парақшаның ашылғанына жарты жылдан енді асыпты. Жеті ай. Жалпы, әлеуметтік желіде түрлі-түсті парақша көп. Бірақ, соның ішінде әдеби, әрі қазақ поэзиясын сауатты түрде насихаттайтын парақша өте аз. Мақсатым сол олқылықтың орнын толтыру болды. Парақшаның жетістігі дизайнына, тұрақты SMM құралдарына және оқырмандарға тікелей байланысты.
Өйткені, біз поэзияның стандартты дизайн шекарасын бұзып, минимализмге бағыттадық.
SMM құралдарын да сауатты пайдаландық. "Жазбаны бөліс" деп ешкімнің мазасын алмадық. "ГИВ ойнатамын" деп арзан тәсілге аяқ баспадық, ақыл айтып, мотиватор болмадық. Жалпы, осындай жауыр болған дүниенің бәрінен бойымызды алыс ұстау арқылы оқырманның жүрегіне жақындаған сияқтымыз.
Сондай-ақ, оқырмандардың да дәл осындай әдеби парақшаға шөліркеп жүргені өте маңызды. Қалай айтсам екен, бұл парақшаның оқырмандары тек әдебиетке жақын адамдар ғана емес және бұл мен үшін маңызды. Себебі, әдебиетке жақын адамның кез келген әдеби дүниеге бүйрегі бұрып тұрады. Жақсы, жаман, орта деңгейде болса да, қолдайды. Ал әдебиеттен алыстау, мүлде басқа салада жүрген адамдар біздің парақшаға жазылып, қазақ поэзиясының эстетикасын сезіне алса, оқып, бөлісіп жатса, мен үшін қуаныш.
Оқи отырыңыз: Ақберен Елгезек: Қазақ тіліндегі кітаптар дүкен бұрыштарында жетімсіреп тұрады
– Жазбаларға талдау жасайсыздар ма? Оқырман талғамы қандай?
– Жазбаларға үнемі талдау жасап отырамын. Оқырмандар да өзіне ұнаған өлең тармақтарын ұсына алады. Бұрын біз "Қазақ әдебиеті" газетіне немесе әдеби порталдарға өлеңіміз шықса, ерекше қуанатынбыз. Себебі, ол газет, порталдарға кез келген адам шыға бермейтін. Міндетті түрде қатаң редактурадан өтеді. "Тармақтар" парақшасының да дәл солай – туындысы шыққан адам қуанатын парақша болғанын қаладым. Халтура дүниелердің шығуына жол бермей, өлеңнің көркемдігіне, ойдың, идеяның ерекшелігіне өте қатты мән бердім. Бұл жерде "анау дос", "мынау дұшпан" деген алалау жоқ. Айтары бар, жазған дүниесі жақсы, тармақтары көркем кез келген авторға есігіміз ашық.
Кейбір өлеңдер бар, тармақтары ғана әдемі. Кейбір өлеңдер бар, сондай керемет, бірақ тармақтарын бөліп-жарып ала алмайсың. Кейбір ақындарды осы себеппен де жариялай алмай жатамыз.
Кейде осындай жобаларды көргенде, артында үлкен бір команда тұр деп ойлаймыз. Әдетте солай болып та жатады. Біздің парақшаны да солай ойлайтындар бар шығар. Алайда, бізде ондай команда жоқ. Кейде тармақтарды жолдасым ұсынады, кейде мен онымен ақылдасамын. Дизайн, парақшаны жүргізу, жазба жариялап отыру, оқырманмен байланыста болу – бәрі өзімнің мойнымда. Кейде шығармашылық тоқырауға түскен сәттерде команданың жоқтығынан қиналамын.
– Бұл парақша қалай ашылған еді?
– Парақшаның ашылу тарихында елең еткізер оқиға жоқ. Әдебиеттің оқырманы ретінде, әдеби ортада жүрген адам ретінде "Неге осы біздің қазақ поэзиясы дұрыс насихатталмайды?" деп ойлайтынмын. Бұл туралы үлкен жазушы аға-әпкелерге үнемі айтып жүрдім. Бір күні "Неге осы жұртқа ақыл айтуға әуес екенмін?" деп ойладым. Әлеуметтік желіде парақша ашқым келді. Қазір ойласам, сондай парақша ашу және оның дизайны мен құрылымының қандай болатыны бейсанамда ылғи болған екен. Сөйтіп минимализм бағытында жұмыс істей бастадым. Бір айдың ішінде 800 оқырман келді. Екі айда 5 мыңға жеттік. Сондай мені таңырқатқан оқиғалар көп болды. Бір қызығы, "Тармақтарды" TikTok желісіне де салып көрдім. Ол жақта да өте көп сұранысқа ие болды. Кейде қалжыңдап: "Туғанынан несібелі болатын балалар болады ғой, тура сол сияқты "Тармақтар" да қай отқа салсаң да, содан аман шығады" деп айтып жүремін.
Біздің қазақ әдебиетінде қолдаушыларға қарағанда, сын айтушылар көп.
"Тармақтар" үнемі махаббатқа бөленіп келеді десем, қате болатын шығар. Кейде үлкен топтарға барған кезде "Бұл әдебиет кімге керек?", "Тегін жұмыс болса, не үшін жасап жүрсің?", "Әдебиеттің қазіргі насихаты мынау болса, жетер межесі қандай?" дейтіндер немесе дизайны туралы "қарабайыр, жаттанды" деп айтқандар да болды. Мұндай сын осы уақытқа дейін де болған, бола беретініне сенімдімін. Кейде сондай сынның әсерінен керемет идеялар өліп кетіп жатады. Біздің әдеби ортада да небір тың идеялар көп айтылады, бірақ тағы да сол қолдауынан сыны басым түсіп, іске аспай қалады. Әдебиетте бәрі айта алады, бірақ істей алатын адамдар аз. Сондықтан, істейтін адамдар көп болса екен деп ойлаймын.
Қазір әлеуметтік желілерде "Тармақтарға" еліктейтін жиырмаға жуық парақша бар. Үнемі қарап отырамын, идея күтемін. "Тармақтардан" асып түсетін керемет жобалар болса деп армандаймын. Өйткені, менің де оқығым келеді, менің де қызыққым келеді.
Ал әдебиет көшірме жасау арқылы өспейді.
Оқи отырыңыз: "Болашақ" бағдарламасы аясында әдебиетші мамандарды оқыту үлесі артады
– Өзіңіз де, жолдасыңыз да әдеби ортада жүрсіздер. Қазақ әдебиетінде қандай үрдіс қалыптасқанын қалар едіңіз? Поэзия қандай қасиеттерін сақтап, қандай жаңашылдыққа мойын бұруы керек?
– Әдеби агенттіктердің көбейгенін қалар едім. Өйткені, бізде кітабы шыққан авторға қолдау таныту, кітабын жарнамалау ісі ақсап тұр. Мысалы, елімізде психолог-коучтар пайда болып, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап кеткенде оған дейін психология мүлде айтылмағандай, шығарған кітаптары бестселлер болып, үш-төрт рет басылып шығып жатқанын көзіміз көрді. Тіпті кітап дүкендеріндегі қазақ әдебиеті сөрелерінде тек солардың кітаптары тұрды. Құдды оған дейін қазақ әдебиеті болмағандай... Неге олай болды? Ол кітаптардың сұранысы неге жоғары болды? Себебі, жарнамасы, әлеуметтік желіде жарнамасын жасап отырған парақшасы жақсы еді. Тіпті сондай коучтар бір-бірін қолдап, ауызбіршілік танытып жатты. Ал біздің әдебиеттегі ақын-жазушылардың арасында дәл сондай қолдау, жарнама жетіспейтін сияқты.
Сосын біз әлеуметтік желінің арқасында блогерлердің не істеп, не тындырып жүргенін біліп отырамыз. Ал ақын-жазушылардың не істеп жатқанын, қандай шығарма оқып немесе жазып жатқанын көпшілік біле бермейді. Көбінің аккаунты өлі.
Сондықтан блогер болып, хайп қуып кетпесе де, ақындардың сондай жаңашылдық жолында жүргенін қалар едім. Себебі қазір оқырманға да, кітапқа да, авторға да жарнама керек.
– Сізді қандай тақырыптар қызықтырады, не толғандырады?
– Мен орыс әдебиетін, Мәскеудегі әдеби орталарды жиі бақылаймын. Оларда ақылы поэзия кештері жиі өтетінін байқадым. Мысалы Анна Егоян деген ақын, көркемсөз оқушы бар. Әлемді аралап, поэзия кешін өткізеді. Ал біздегі солай поэзия оқитындарға деген көзқарас маған ұнамайды. Оларға қиял әлемінде жүретін адам ретінде қарайтыны жаныма батады. Дәл сондай ақылы кештер біздің елде неге өте сирек болады? Болса, барар адам табылар еді. Бірақ мәселе тағы да сол жарнамаға келіп тіреледі.
Өзімнің де осы "Тармақтардың" кешін жасағым келеді. Қазір әлеуметтік желіде поэзия түндерін ұйымдастырып тұрамыз. Өлең оқығысы келіп, тікелей эфирге қосылатын адамдар саны жүзден асады. Ал көретін көрермені әр эфир сайын артып келеді, қазір 3-4 мың адам көреді. Осыған қуаныштымын. Ал оны офлайнға ауыстыруға әлі де өзімнің ішкі дайындығым жетпей, ішкі сынымнан өтпей жатқандай. Әйтпесе, "Тармақтар" парақшасы жаңалық болып келді ме, әлі де жаңалық аша түсуі керек ойлаймын.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты: Әлем әдебиетін орыс тілінен аудару көркем шығарманың сапасын көтермейді
– "Даралық" атты жобаңыз бар. Құндылықтар араласып, шекаралар кеңейген шақта даралығымызды қалай сақтап қаламыз?
– "Даралық" жобасы – менің хоббиім. Шынымды айтсам, оған "Тармақтарға" бөлгендей уақытым мен махаббатымды бөлмедім. Кейде күн сайын жаңартуға креативім жетпей қалып жатады. Соған қарамастан, "Даралық" бір-екі айдың ішінде он мың оқырман жинады. Өйткені, "Даралық" қазақша психология аккаунты болғанымен, ешкімге ақыл айтпайды. Оқырман көзбен көреді, ойланады, жымияды, ары қарай қорытынды шығарады. Бәлкім сонысымен оқырмандарды бірден өзіне тартқан болар.
Ал адам өзінің даралығын сақтау үшін әлеуметтік желіде өзінің даралығын жоғалтып алмаса екен дер едім. Өйткені, қазір еліктейтін дүние көп. Өзіңді қалай барсың, сол қалпыңда жақсы көріп, ары қарай дамуға күш салу керек. Жалпы, осы психологияға келгенде мен даралықты сақтау жолдарын айта алмаймын, тек көрсете аламын.