Қазақстанда жылына 90 миллиард кВт сағат энергия өндіріледі. Оның 72 пайызын көмірді жағу арқылы, 12,3 пайызын су электр стансаларынан, 10,6 пайызын табиғи газдан, ал 4,9 пайызын мұнайдан алады. Сонда электр қуатының негізгі төрт көзі жалпы еліміздегі электр энергиясының 99,8 пайызын қамтып отыр екен. Ал небәрі 0,2 пайызы баламалы энергия ресурстарының еншісіне тиесілі.

Смарт күн панельдері

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Сауд Арабиясынан келген делегация баламалы энергияны өндіру үшін смарт құрылғы орнатылған күн панельдерін пайдалануды ұсынады. Смарт құрылғы панель бетінің күнмен бірге бұрылуын қадағалайды. KAUST Solar орталығының мамандары күн сәулесін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін айтып отыр.


Мұнаймен байыған Сауд Арабиясы 2030 жылға дейін толығымен баламалы энергия көздеріне өтуді жоспарлап отыр / Фото informburo.kz


Ресми ақпаратқа сай, KAUST зертеу университеттерінің инженерлері смарт күн панельдерінің алғашқы нұсқаларын Сауд Арабиясының оңтүстік-шығыс аймағына орнатуды бастап жіберген. Болашақта Сауд Арабиясының Оман және Йемен елдерімен шектескен территориясында орналасқан қалашықтарды электр энергиясы көзімен қамтамасыз ету үшін күн панельдерінің плантациясы құрылады. Нақтырақ айтар болсақ, әр қаланың өз энергия ресурсы болмақ.

Қазақстанда дәл осы жобаны Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында ұйымдастыруға болады. Себебі екі облыстың да оңтүстігі шөлді аймаққа жатады. Сәйкесінше күн сәулелері мұнда өзге аймақтарға қарағанда көбірек түседі. Сонымен қатар, Қызылордада өндірілген энергияны ОҚО, Жамбыл мен Алматы облыстарына пайдалануға береміз. Ал Маңғыстау баламалы энергиясын БҚО жән Ақтөбе облыстары қажет етеді.

Қайқы желқалақ

Астанада өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2017 территориясында "үздік тәжірибелер аймағы" бар. Аталған аймақта көрмеге келген ең озық 24 жоба қойылған. Солардың бірі әрі бізге тиімдісі – қайқы желқалақ.

Халықаралық көрмеге қойылған отандық жобаны Блок Шайкенов есімді зоолог 12 жыл бойы дамытқан. Инженердің айтуынша, жел трубиналарының дөңес пішіні стандартты трубина желдеткіштерінен 3,5 есе тиімді энергия өндіреді.


Әзірге бұл жобаны жаппай қолданысқа енгізу туралы нақты ақпарат жоқ / Фото informburo.kz


"Қазақстан 2013 жылы жасыл энергия жүйесіне өтуді бастады. Бұл бастаманы ары қарай дамыту керек. Қазіргі таңда әлемге қажет энергия 2/3 бөлігі жылу электр стансаларынан алынады. Оның әсерінен экологияға миллиардтаған тонна көмірсутек таралады", – дейді зоолог-инженер.

Шайкенов мырзаның айтуынша, бұл жобаның әзірге әлемде теңдесі жоқ. Ғалым желқалақты 2012 жылы патенттеп алған екен. Енді бар болғаны жаппай қолданысқа енгізу ғана қалып отыр.

Жел трубиналарын пайдаланушы елдердің тәжірибесіне сүйенсек, Каспий теңізінің жағалауы – "Қайқы желқалақ" жобасына ең тиімді аймақ болуға тиіс. Мысалы, ағылшындар Британ аралдарының шығыс бөлігіндегі Солтүстік теңізіне жел трубиналарының ең көп бөлігін орналастырған. Қазіргі таңда Тұманды Альбион тұрғындарының 32 пайызы жел электр стансалары өндірген электр энергиясын тұтынады.

Қазақстан да Каспийден өндірген электр көзін көрші облыстарға тарата алады. Осылай Ресейден экспорталатын электр энергиясының мөлшерін азайта аламыз. Болашақта мүлде импорт жасамаудың жолын да жасауға болады.

Мини ГЭС

Халықаралық көрмеге Чех Республикасының да қатысып жатқаны белгілі. Аталған ел ЭКСПО-2017 платформасына өздерінің негізгі 10 жобасын алып келген екен. Олардың ішіндегі Қазақстан үшін тиімді жобалардың бірі – гидро электр стансасының кішкентай моделі.

Қазақстанның солтүстік аймақтарында ГЭС құрылымы жақсы дамыған. Мысалы, Екібастұздағы екі станса жалпы елімізде тұтынылатын электр энергиясының 27-40 пайызын өндіреді.


Мини ГЭС құрылымын кез келген көлемдегі су ағынына бейімдеуге болады / Фото informburo.kz


Чехтердің инновациялық жобасын шағын өзендерге орналастыруға болады. ГЭС құрылымындағы микротрубиналардың пішінін судың ағысына қарай бейімдеу мүмкіндігі де бар екен.

Чехия павильоны коммиссарының айтуынша, бұл жобаға қызығушылық танытқандар көп екен. Тіпті Қырғызстан делегациясы жобаның бір моделін сатып алып та үлгерген.

Ресми ақпаратқа орай, осындай мини ГЭС бағасы 34 мың еуро көлемінде. Ең кіші модель сағатына 30 мВт электр энергиясын өндіріп, 40-50 адамға арналған қонақ үйді жарықпен қамтамасыз ете алады.

Қазақстанның таулы аймақтарына электр сымдарын тартуға жұмсалатын қаржыға автономды тәртіпте жұмыс істейтін осындай мини ГЭС орнатқан абзал.

Смарт жылу рекуператоры

Финляндия павильонында смарт үй құрылымына арналған рекуператорлық аппараттармен таныса аласыз. Бұл да электр энергиясын автономды түрде өндіріп, қолданысқа беру мақсатында жасалған. Мысалы, үйіңіздің төбесіне күн панельдерін орналастырдыңыз. Ол сіздің отбасыңызға қажет энергияның 30 пайызын өндірсе, жетеді. Ал қалған 70 пайызы рекуператорлық үдеріспен алынады.

Нақтылап өтсек, үйде тұтынылған ыстық су канализация құбырымен кетеді. Финдер сол құбырға ағынды су рекуператорын орналастырады. Нәтижесінде судың жылуынан энергия алынады. Мұндай үдерісті үйден бу немесе газ рекуператорына, ауаны салқындату құрылғысына, жылу алмастыру кассеталары мен жылу аккумуляторларына қоюға болады.

Суық солтүстікте тұратын финдердің жылу энергиясын мүмкіндігінше тиімді пайдалану жолын біз де игерсек, бірталай энергияны үнемдеген болар едік.

Финдердің жобасын қалалардағы немесе қаланың шет жақтарындағы үлкен үйлерге орналастыруға болады. Немесе студенттер тұратын жатақхана мен қонақ үй кешендеріне бейімдеу де тиімді болары анық.

Көгілдір көмір

Көмір – жасыл энергияның көзі емес. Сондықтан оны электр энергиясын өндіруде пайдалану қоршаған ортаға белгілі бір мөлшерде зиян келтіретіні анық. Еуропада көмірді ең көп экспорттайтын поляктар мұның да шешімін тапқан.

Халықаралық көрмеде Польша елінің делегациясы көмірді газдандыру технологиясын ұсынады. Технологияның алгоритміне тоқталып өтсек, көмірді жандыру кезінде бөлінетін газ арнайы энергия өндіретін трубиналарға бағытталады. Ал қалған қалдықтан "көгілдір көмір" жасау мүмкіндігі бар.


Сол жақтан оңға қарай отын, көмір және көгілдір көмірдің жану процесін көре аласыз. Көгілдір көмір жану кезінде ешқандай газ шығармайды / Фото informburo.kz


Оның қарапайым көмірден айырмашылығы құрамында көмірқышқыл газы болмайды. Жасанды жолмен алынатын көгілдір көмірді пайдаланған кезде ешқандай газ бөлінбейді. Сәйкесінше, экологияға еш зияны жоқ.

Вена мен артерия технологиясы

Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіндегі неміс павильонындағы ең үздік жобалардың бірі – жер қыртысынан жылу энергиясын алу. Бұл адамның денесіндегі қанның тамырлар бойымен оттекті тарату приципіне ұқсас болып келеді.

Немістер 4 түрлі тереңдікке трубамен су жіберіп, оны ыстық күйінде қайта шығару жүйесін жасаған. Технологиясы 120, 300, 500-600 және 1000-6000 метр тереңдікке дейін су тартуға мүмкіндік беретін құрылымы бар.

Қарапайым сөзбен түсіндірсек, арнайы труба арқылы мұздай суды жер қыртысына жібересіз. Ол ядродан таралатын ыстық температурадан ысып, қайта жер бетіне шығарылады. Сосын арнайы орнатылған генераторлардың көмегімен ыстық судан жылу электр энергиясын алуға болады.

Неміс павильонын таныстырушы маманның айтуынша, труба тереңдей түскен сайын судың буға айналу мүмкіндігі артады. Ал будан электр энергиясын алу әлдеқайда тиімді. Сонымен қатар, су қайта жер бетіне шығарылғанға дейін небәрі 3 пайыз ғана жылуын жоғалтады.

Аталған жобаны Қазақстанның солтүстік аймақтарында қолдануға болады. Десе де, бұл неміс технологиясын жүзеге асыру үшін қомақты қаржы қажет. Бірақ, вена мен артерия технологиясы – әзірге баламалы энергияны өндірудің ең тиімді әдістерінің бірі болып отыр.

Жылу үнемдейтін электр лампалары

Ұлыбритания павильонындағы ең негізгі жоба энергияны үнемдеуге бағытталған. Ол элекр лампасынан таралатын жылудың керегінен артық жұмсалмауын қадағалайтын приципке негізделген.


Ағылшындар энергияны барынша үнемдеудің жолдарын ұсынып отыр / Фото informburo.kz

Британдық ғалымдар лампаға ең жеңіл, ең жұқа (қалыңдығы – 1 атом) және ең қатты материал графенді пайдаланған. Графеннің артықшылығы оның молекуласын кез келген материалдың типіне қарай өзгертуге болады. Сол себепті графенді тұзды суды тұщы етуде, ауаны тазартуда қолдана аламыз.

Ал ағылшын ғалымдары графенді вольфрам молекуласына бейімдеп, электр лампасынан шығатын энергияны 10 есе үнемдеудің жолын тапқан.

Сонымен Ұлыбритания павильонында жалпыға бірдей ұсынылған электр лампасы 8 Вт қолданып, 80 Вт энергия жылуын таратады.

Одан бөлек, ағылшын лампаларын қайта өңдеу қиынға соқпайды. Себебі оның құрамында сынап жоқ. Сонымен қатар, бағасы да қолжетімді, небәрі 8 еуроға сатып алуға болады.

Ағылшындардың электр үнемдегіш лампасын Қазақстанға импорттау арқылы күнделікті жарыққа қолданып жүрген энергияны 10 есе үнемдейтін едік. Қазіргі таңда, электр лампаларының коммерциялық нұсқасы Еуропаның бірқатар елдерінде сатылымда бар.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде бұдан бөлек таныстырылған бірталай жобалар бар. Мысалы, бір Беларусь Республикасының өзі 46 инновациялық жобасын алып келген. Ал дамыған елдердің ұсынып отырған инновациялық өнімдері толығымен сынақтан өткен және коммерциялық нұсқасы сатылымда бар. Демек олардың қай қайсысын елге алып келсек те, тиімді болары анық.