"Дәрігерлер салғырттығы үшін жауапқа тартылуы тиіс". Күдебаевтар әулетінің адвокаты істі сотқа жеткізуге бекініп отыр
Алматы қаласы полиция департаменті басшысы Серік Күдебаевтың ұлының өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Бүгін қорғаушы Айман Омарова мәлімдеме жасады. Ол қайғылы оқиғаға медицина қызметкерлерін кінәлап отыр. Айтуынша, марқұм Нұрсұлтан Күдебаевқа операцияны Қанат Тезекбаевтың өзі жасаған.
"Күдебаевтың ұлы қайтыс болғанда, қоғам екіге бөлінді. Бірі дәрігерлер жауапқа тартылуы керек десе, екіншілері полиция қызметкерінің ұлы болғаны үшін марқұмға тіл тигізіп жатты. Иә, көптеген полицейлер қызметін дұрыс атқармайды. Істі дұрыс жүргізбейді, созады, тағы басқа кемшіліктері бар. Бірақ, бұл дәрігерлерді ақтамайды. Қайтыс болған адам полиция басшысының баласы болғаны үшін, жұмысына салғырт қараған дәрігерлер жазасыз қалуы керек пе? Олар да қателігі үшін жауап беруі тиіс. Мұнда медицина қызметкерлерінің қателігі бары анық. Тезекбаевтың жары Дина Тезекбаеваның Президентке жазған хаты жалған. Онда Нұрсұлтан Күдебаев Германияда қайтыс болды дейді, бірақ ол осында өлді" – деді Айман Омарова.
Жәбірленуші тарап дәрігерлер науқасты анестезия мен отаға тиісті дайындамады дейді. Соның салдарынан операция кезінде Нұрсұлтанның жүрегі тоқтаған, кейіннен миы өлген деп ашынып отыр.
Нұрсұлтан Күдебаевтың ауруханаға түскен кезде жағдайы орташа деңгейде болған. Ол тіпті өз аяғымен келген. Алайда сәтсіз жасалған отадан соң, ес жимай жансақтау бөлімінде ұзақ жатқан көрінеді. Жәбірленуші тарап оған дәлел ретінде Нұрсұлтан Күдебаевтың қолы таңулы күйде ауруханаға кіргенін және №7 қалалық клиникалық ауруханадан №4 ауруханаға ауыстырылған кездегі есіктен шығып бара жатқан видеосын көрсетті.
"Нұрсұлтан ауруханаға түскеннен бастап қасында болдым. Ол сауығып кетеді деп сеніп едік, өкінішке орай арты осылай болды. Хатта Нұрсұлтанды туыстарының қолқа салуымен Германияға апарып, ота жасатты деп жазған. Алайда операцияны 1 тамызда №4 қалалық ауруханада жасады. Ол жерде 21 тамызға шейін жансақтау бөлімінде жатты. Германияда ота жасалмады, өйткені інімнің миы осы жақта жатқанында өлген екен. Оның үстіне Германияға баруымызға дәрігерлердің өздері кеңес берді. Қанат Тезекбаев науқасты ұшақ бортына дейін шығарып салды", – деп мәлімдеді марқұмның туысы, жәбірленуші Бахтияр Абдраимов.
Қалалық №4 аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев 20 қыркүйекте қамалған. Ол Қылмыстық Кодекстің 317-бабы, 3-бөлігі: "Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеліп соғу" бойынша күдікке ілінді. Сондай-ақ дәл осындай күдікпен аурухана анестезиологы Асқар Тұңғышбаев та қамалған болатын. Қос дәрігер Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаев қайтыс болғаннан кейін тергеуге алынды.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, Қанат Тезекбаевқа 22 қыркүйекте Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен екі айға қамау туралы бұлтартпау шарасы берілген. Ал анестезиолог Асқар Тұңғышбаев 2 қыркүйекте қамауға алынған.
Қанат Тезекбаев қамауға алынғаннан кейін әріптестері араша түсті. Дәрігерлердің талабымен әлеуметтік желілерде медициналық құқық бұзушылықты жойып, дәрігерлерді қудалауды тоқтату туралы петиция жарияланды.
"Полиция тергеу жүргізіп жатқанда хирург пен дәрігер қоғамға қандай қауіп-қатер төндіруі мүмкін? Дәрігерлерге осындай шара қолданылып жатқанда бізде жұмыс істеуге кім қалады? Сұранысқа ие мамандар кетсе, зардап шегетін бәріміз! Біздің білікті дәрігерлерді тіпті көрші елдер қуана қызметке алады! Ол жерде пәтер, жоғары жалақы береді. Ал біз мұнда қалай өмір сүреміз?" – деді Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин.
Ал Қанаттың жары Дина Тезекбаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Ашық хат жолдап, іске араласуын сұрады. Ол өтінішінде күйеуінің Нұрсұлтан Күдебаев қайтыс болған соң жұмысынан босатылып, қамалғанын жазған. Сондай-ақ оның кепілмен босатылу құқығынсыз қамауға алынғанын және еш себебі түсіндірілмегенін айтады.
"2019 жылдың шілде айында жол-көлік апатынан соң Нұрсұлтан Күдебаев қалалық №7 ауруханаға түсті. Содан кейін науқастың денсаулығында асқынулар болды. Тасымалдау кезіндегі қауіп туралы ескертуге қарамастан үшінші тараптың сұрауымен науқас №4 ауруханаға жеткізілді. Күдебаевқа ота жасау кезінде Қанат Тезекбаев тек ассистент болды. Ол отаның жүргізілуі мен оның нәтижесіне тікелей жауапты емес. Тергеу дәрігердің кінәлі екеніне еш дәлел ұсынған жоқ" – деді Дина Тезекбаева.
Атышулы оқиғадан кейін Тоқаев бірден жауап қатты. АҚШ-та іс-сапармен жүрген мемлекет басшысы Алматыдағы қамалған дәрігерлердің ісін анықтауды тапсырды.
"Нью-Йоркте сапармен жүріп, Алматыдағы 4-ші қалалық аурухананың бас дәрігері және анестезиологының тұтқындалуы жөніндегі медицина қауымының өтініш-тілектерін оқыдым. Германия ауруханасында жасалған отадан соң қайтыс болған науқастың өлімін заңға сәйкес тексеруді тапсырдым. Бұл мәселе Президент Әкімшілігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Алматы қаласы әкімінің бақылауында", – деп жазды Президент Twitter-дегі парақшасында.
Іске Тоқаев араласқан соң іле-шала аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандыққа жіберілді. Артынша айға жуық тергеу изоляторында жатқан анастезиолог Асқар Тұңғышбаев та қолхатпен босатылды.
Қазір қылмыстық істі Қаржы министрлігі тергеп жатыр. Адвокат Омарованың айтуынша, марқұмның әкесі Полиция департаментінің басшысы болғандықтан, қалалық прокуратура істі экономикалық қылмыстарды қарайтын органға берген. Дәрігерлердің кінәсі дәлелденсе, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Нұрсұлтан Күдебаев 1990 жылы туған. Алматы қаласы Алатау ауданы прокурорының орынбасары қызметін атқарған. Ол 27 тамызда Германияда қайтыс болды. Марқұмның артында 3 баласы қалды.