Жаздың жартысына жеттік, көкөніс неге қымбат?

"Қазір нарықта көкөніс пен жеміс-жидек қаптап тұр. Сондықтан да баға түсуі керек". Үкімет басшысы А.Мамин осылай деп, аймақтағы әкімдерге азық-түлік бағасын ауыздықтауды тапсырды.

Премьер-министр инфляцияның бекітілген дәліз көлеміне сәйкестігіне (4-6%) қарамастан өңірлерде тамақ бағасының шарықтап кеткенін айтты. Шенеуніктерге әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру қатаң тапсырылды.

2030 жылға қарай әлемнің әрбір ересек тұрғынына интернет қолжетімді болуы керек

Біріккен ұлттар ұйымы осылай деп мәлімдеме жасады. БҰҰ мәліметінше, соңғы он жылда әлемде интернеттің игілігін пайдаланушылар саны үш есеге артқан. "2018 жылы жер шарындағы тұрғындардың 45,3%-ы интернетке қосылған. Соған қарамастан әлемдік желі көптеген елдер үшін әлі де қымбат, қолжетімсіз болып отыр" делінген ұйымның таратқан хабарламасында. Айта кету керек, Қазақстан кең жолақты интернет желісіне қосылған елдер рейтингінде 45-ші орында.

Астана мен Алматыда митингке шыққан 500 адам ұсталды

9-10 маусымда екі қалада заңсыз митингке қатысқан 550-дей адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 400 адамға айыппұл салынды. Кейбіреулері қамауға алынды. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Н.Ораз хабарлады.

Министрліктің өкілі "митингті Қазақстанда тиым салынған ҚДТ (ДВК) қозғалысының өкілдері сайлау кезінде қоғамды дүрліктіру үшін ұйымдастырды" деген ақпарат таратты.

Полиция Ринат Зайытовтың ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады

Мәлімдемеге сүйенсек, 10 маусым күні сағат 18.00-ден шамамен түнгі 2.00-ге дейін Алматыда бір топ адам қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Аталған құқық бұзуға қатысы бар адамдар ұсталған. Халық арасында алып-қашпа әңгіме таралмас үшін министрлік бірнеше ақпарат таратты. Оған сүйенсек, яғни 10 маусым күні "Алатау" театрының алдында сағат 18.00 шамасында Ринат Зайытовтың шақыруымен бір топ адам рұқсат етілмеген митингке жиналған. Олар тараңдар деген талапты тыңдамаған. Ал қарсылық көрсеткендерді полиция ұстап әкеткен.

Полиция ұсталған Ринат Зайытовты құқықтық түсіндіру жұмыстарынан кейін босатқан. Тап осы кезде, оны қолдаушы бір топ азамат Полиция департаментінің маңына (Целинный кинотеатры) жиналған. Ринат Зайытов үйнінен оқиға орнына келіп, азаматтардың тарқауын сұраған. Жиналғандар бірнеше топқа бөлініп, кейбірі қала көшелерін бөгеп тастаған. Полиция оларды "машинаның дыбыстық сигналдарын қосып, айқайлап, көшеде апатты жағдай туғызып, жат қылық көрсетті" деп айыптап отыр. Қысқасы, құқық бұзғандар ұсталып, заңсыздық тоқтатылған. Полиция қазір Алматы қаласында жағдай тұрақты екенін мәлімдеді.

Дәрігерлердің жалақысын көтеруге қатысты жедел желі жұмыс істей бастады

Денсаулық сақтау министрлігі Facebook-тегі парақшасында осылай деп хабарлады. Хабарламада жедел желінің жұмыс күндері сағат 9.00-ден кешкі 18.00-гей дейін жұмыс істейтіні жазылған. Сұрақтар 8 (7172) 74-32-17 телефон нөмірі бойынша қабылданады. Жалақыға қатысты мәселелермен сондай-ақ саланың кәсіподақ ұйымына (Мереке Бутина – 8 701 722 91 53, 8(7172) 25-49-30, 8 702 999 4040, Senim: 8 (7172) 20-23-72) жүгінуге болатыны айтылған.

Ұлттық банк төрағасы теңге бағамына қатысты не дейді?

Е.Досаев теңгенің бес күнде 0,3%-ға нығайғанын мәлімдеді. Доллардың шарықтауына нарықтағы мұнай бағасы әсер етіп отыр деді ол.

Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ долларының бағамы орта есеппен 383,75 теңгеге тұрақтады. Бір тәулікте доллар тағы 0,71 теңгеге қымбаттады. Еліміздің ақша айырбастау бекеттері долларды 384 теңгеге сатып алып, 386 – 386,5 теңгеге сатып жатыр.

Доллар сатып алуға жанталаспаңыз

Қазақстан қор биржасының вице-президенті Андрей Цалюк қазіргі бағаммен АҚШ валютасын сатып алуды ақымақтық дейді. Айтуынша, қазір валюта саудасының көлемі артқан, алайда рекордтық деңгейге жетпеген. "Доллар қымбаттайтыны туралы алып-қашпа әңгімелер сайлаудан кейін басылады, сәйкесінше валюта саудасының көлемі де төмендейді" дейді ол.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Ең арзан жанар-жағармай қай өңірде сатылады. 5 маусымдағы жағдай бойынша, Аи-92 маркалы бензиннің орташа бағасы: бір литріне - 148,7 теңге, ал маусымаралық дизель отынының бағасы - 192 теңге. Сонымен қатар, Aи-92 маркалы бензин бағасының төмендегені байқалады. Мәселен, Аи-92 маркалы бензинге ең төменгі баға Батыс Қазақстан облысында - 139 теңге болса, дизель отынға ең төменгі баға Түркістан облысында - 175 теңге.

Sputniknews.kz: Ұлттық банк депозиттің жаңа түрін енгізеді. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев депозиттерге қатысты өзгерісті жариялады. Шетел валютасын ел ішінде ұстап отыру мақсатында екінші деңгейлі банктер үшін депозиттің жаңа түрі енгізіледі. Оны ұлттық банктің өзінде ашуға болады.

–Валюталық активтерді ел ішінде сақтауды ынталандыру үшін жаңа құрал ретінде 1 шілдеден бастап банктердің ұлттық банктегі валюталық депозиттері енгізіледі. Мұндай депозиттердің мерзімі – бір ай. Ал жылдық мөлшерлемесі 0,5 процентке дейін болады,, – деді Досаев үкіметтің бүгінгі отырысында. Айтуынша, кепілдік беру қоры ұсынған қазақстандық депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлеме өзгеріп отыр.