Димаштың дүние жүзіндегі #dears-тарымен сұқбат
Концерттен кейін (2 шілде) "Шетелде жүргендегі "Қазақстанға, келiңiздер!" деген шақыруымды қабыл алған қонақтарға шын жүректен ризашылығымды айтқым келеді! Елiмiздiң керегесі мықты болып, барша әлемде бейбітшілік әуенi шырқалсын!" деп ақжарма разылығын білдіріп еді инстаграм парақшасында (@kudaibergenov.dimash).
27 ән орындалған осынау ғажайып ән кешіне қазақстандық көрермендермен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Мексика, Канада, Малайзия, Сингапур, Австралия, Швейцария, Израиль, Марокко және басқа да әлемнің 64 елінен 10 мыңға жуық көрермен куә болды.
Бүгін біз сөз еткелі отырған тақырып Димаштың #dears-тары – шетелдік жанкүйерлері жайлы. Олардың Димашқа көзқарасы, қабылдауы әрі қалай бағалайтынын білмекке белсенді деген бірнеше шетелдік жанкүйерлерімен байланысқан едік, пікір-жауаптарын аударып назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Кеш барысында бұрынғы репертуардан бөлек "Give me your love", "Screaming", "Autumn strong", "Lay down", "If I never breathe again" сияқты 5 әнмен репертуары толыққан Димаш "Ең алдымен "Халқым аман болсын" деп тілеймін. Бүгінгі "Арнау" деп аталатын концертімді өзімнің туған жеріме, бауырларыма және әлемдегі барлық тыңдармандарыма арнаймын" деп ағынан жарылып, ризашылық лебізін білдірді.
Шетелдік #dears-фан өкілдеріне жолданған арнайы сауалдар:
- Димаш есімін қайдан есітіп-білдіңіз? Димаш феноменімен қашаннан бері таныссыз?
- Сіздіңше Димаштың дүниені ізгілік әлдиі мен махаббат бесігіне бөлеген таңғажайып үнінің сыр-құпиясы неде?
- Оның нақты қай әндері жаныңызға ерекше жақын?
- Димаш болмысын қалай сипаттаушы едіңіз,"көмейіне бұлбұл ұялаған ханзадаға" қандай мінездеме бересіз?
- Димаштың қандайда бір ән кешін көре алдыңыз ба? Ғарыштық үн иесінің жеке концертіне бару ойыңызда бар ма?
46 жастағы испаниялық Наталия, үй шаруасындағы 2 балалы ана:
"Мен ол туралы бірінші рет құрбымның әлеуметтік желіге жүктеген " S.O.S d'un terrien en détresse" трегіне сілтемесінен білдім. Мен оның орындаушылық шеберлігінен қатты әсерлендім, таңданысымды тілмен жеткізе алмаймын.
Наталия |
Сол бойда ол жайында Google арқылы барша ақпаратпен жіті таныстым, ақтара зерттедім. Мен үшін Димаш даусының сыры – әуелі Құдайдың сыйы, – тамаша талантын сыналап дамытуға құштарлығында әрі оның табиғатынан еңбекқорлығында, меніңше. Маған оның әрбір шығармасы ұнайды, әсіресе "S.O.S d'un terrien en détresse" орындауы жанымды сан мың нота толқынымен баурап алатын иірімі ерекше тартымды. |
Мен Димашты өте қарапайым, аяғы тиген жерге өзін жақын сезінетін байсалды, тәп-тәтті әрі мейірбан жүрек иесі деп танимын. Ол өте еңбекқор, перфекционист, музыкаға зор дайындықпен, терең оймен қарым-қатынаста бола білетін сиректердің қатарында. Және бір артықшылығы, адам баласын өз дауысымен-ақ өте нәзік әрі қуатты эмоцияларын жеткізе алатын тылсым қабілетімен арбап алады.
Дүниеге мәшһүр Димаштай жанның концертіне бару кімнің болса да зор қуанышы болса керек-ті. Өз басымда әлі ондай мүмкіндік туа қойған жоқ. Жақын арада Испанияда жаңа концертін берер деген үміттемін, сонда міндетті түрде қатысатын боламын".
54 жастағы перулік Эфрени Рамирес, 2 балалы ана, әлеуметтанушы әрі журналист:
"Мен ол туралы кездейсоқ білдім. Уoutube арнасынан украйн әнін іздеп отырып, Димашқа тап болдым. Алғаш "Sinful Passion"-ды орындауынан есімнен айырылғандай таңданып ұзақ отырғаным есімде. Осы кезден бастап вокалдық диапазонымен таң қалдырып, қанша адамның жанын тебіренткен Димаш жайлы әлеуметтік желілердегі пікірлерді үнемі бақылап, жаңалықтарды қалт жібермеуге тырысамын.
Меніңше мұнда құпия ештеңе жоқ, бұл – шынайы әртістікке жеткізетін күш, талант пен геннің жемісі. Бірақ маңыздысы, биіктікке жетелер ізденіс пен еңбек екенін естен шығармаған ләзім. Кейде талант аздық етеді, егер профессионалдық тұрғыда дамуға ұмтылмасаңыз онда бәрі бекер.
Оның барлық әні мен үшін жауһарға тең. Менің ойымша, көрерменге "мендік үнін" жеткізудегі сапа интерпретациясының ерекшелігі соншалық, оның әрбір әні бірін-бірі қайталамайтын швейцарлық қол-сағаттардай бірегей. Мен сүйіп тыңдайдын Димаштың репертуарындағы әндер: "SOS", "Sinful Passion", "Unfortegable day", "Daididau", "Screaming".
Менің ойымша, Димаш – өте қарапайым тұлға, әрі отбасы мен ұлттық дәстүрін жанына жақын тұтатын жан. Ең бастысы, гуманды өмір философиясына, адамгершіліктің қанат жаюына мүдделі адам. Оның әрекеттері мен сөздері мені осы ойға жетеледі. Димаштың адамгершілік аурасы мені баурап, бақықа бөлейді. Осындай қырғи-қабақ, қарбалас әлемде мойындалған шынайы өнер адамының бейбіт өмірге үндеуі адамзат тұтастығына қосқан зор үлесі деп білем.
Мен әзірге Димаштың бірде-бір life концертінің көрермені бола алғаным жоқ. Бірақ күндердің бір күні сондай тамша ән кешінің куәгері болу мүмкіндігі туса, зор шаттыққа бөленуші едім".
Рози татуға домбыраны салдырыпты
Француз қызы. Жасы 36-да. Жеке клиникада медициналық хатшы. Димаш пен оның отаны Қазақстанға қатысты элементтері бар тату жасатуды өз пікірін білдірудің бір жолы деп біледі.
"Димаш феноменімен алғаш таныстырған жігітіме алғыс айтам әуелі. Сондай-ақ "Les années bonheurs" франциялық шоу ұйымдастырушыларына да арнайы Димашты "SOS D'un terrien en détresse" шығармасын шырқауға шақыртғандары үшін өз ризашылығымды білдіргім келеді.
Рози өз кумирімен |
Кешкілік жұмыстан шаршап үйге келгенімде жолдасым "Саған мына дауысты тынып отырып тыңдауға тура келеді. Бұл фантастикалық әнші" деген соң Димаштың құдіретімен таныстым. Содан бастап Youtube-тан оның әрбір қадамын қалт жібермеймін, әр күнімді соның әнімен атырып-батырамын" дейді ол. |
Димаштың ғажайып даусының құпиясы – өзіне баурап, құштарлығыңды оятуында. Музыка оны, ал Димаш музыканы толықтырып тұрады. Олар – біртұтас болмыс. Димаштың еңбекқорлығы өз алдына бір бөлек, жауаптылығы әрі табандылығы оның перфекционист ретіндегі мінсіз қасиетін танытады. Қолға алған ісін мінсіз алып шығады, әрбір қойылымы, орындаушылық шеберлігі уақыт өткен сайын жетіліп даму үстінде. Бұл – біз үшін ғажайып әрі фантастикалық құбылыс! Оның дауысы ерекше, адамзаттың вокалдық мүмкіндіктерінің ең жоғары шегін таныта алды.
Бәрі. Мен үшін таңдау жасау қиын. Сонда да айтайын, әлемге мәшһүр "Ogni pietra", "Sinful Passion" туындылары мен "Give me your love" шығармасы мені сөзбен жеткізгісіз ғаламат сезімге бөлейді. Мен үшін оның әрбір туындысы – шедевр.
Димашты ма?.. Ол – қайталанбас дәуір феномені! Оның жүрегі музыка үшін жаралған. Димаш қасыңызда болса, оның айналасынан жағымды энергия мен махаббат лебі есіп тұрғанын сезіне аласыз. Мен Димашты қалай бар, солай ұнатамын: дауысын, музыкасын, болмысын, отбасын достарымен бірге. Мені үнемі мазалайтын, айтып жүретінім – әлемге, өмірге Димаштың ақыл-ойы деңгейінде қарайтын жандар көбейсе, дүние жақсара, ізгілікке байи түсуші еді.
Мен Димаштың концертіне 2018 жылдың қараша айында Лондонда бірінші рет бардым, содан бері оған толықтай тәуелдімін. Сондықтан Кремльдегі концертн көрдім, қазір Қазақстанда жүрмін.
Алғаш Димашпен бетпе-бет Парижде 2017 жылы, қазан айында кездестім. Бұл – орындалған арман болды. Екінші рет 2018 жылдың мамыр айында Канн фестивалінде жолықтырдым. Мен Димашпен осында, Қазақстанда қайта жүздескім келеді, бірақ концерт аяқталғаннан соң одан көз жазып қалдық".
60 жастағы филиппиндік Китт Молина да Димаштың жанкүйері
Ол – кәсіби тренер-практик, "Бейбітшілік қорғаушысы" ұйымының тренері, әнші.
"Мен Димаш есімін "Әлем аруы – 2018" байқауына арнайы шақырылған әнші ретінде таныдым" дейді Китт.
Димаш дауысының құпиясы деймісіз? Оның тамылжыған тамаша әуезді үні жаратылыстан берілген, ұзақ уақыт жаттыққан, әбден піскен, тәртіппен ширыққан, шешімге негізделген жақсы вокалдық құрылымы толықтырушы жиынтық элементтер қызметін атқарады.
Мишель Бергердің авторлығымен дүниеге келген "S.O.S d'un terrien en détresse" шығармасы Димаштың орындауында әлем өнерсүйер қауымын елітіп, ән ғұмырын тағы да ұзартты.
Бұл әнді Димаштың нұсқасында алғаш құлақ түріп тыңдағанымда оның қуатты вокалдық диапазоны мен төменгі бас дауыстан жоғары тонға (сопрано) тосыннан ауысу шеберлігіне тәнті болғаным сонша, денем түршігіп, өн бойым балқып кеткен еді. Қатты толқыдым. Мен де әншімін, хорда классикалық және заманауи бағыттарда дайындығым, орным бар. Деңгейлерді араластыра шырқауды түсінем, бірақ Димаштың өте тар қалтарыстағы бұрылыс техникасына, кең ауқымды диапазонына таңғалмау мүмкін емес. Мен өзіме мұны "сый, табиғат тартуы" деймін. Кім оны тыңдаса, оған еріксіз тартыла түседі. "Любовь уставших лебедей", ориг композициялық үлгідегі заманауи "Screaming" әні, "Ogni Pietra" ("Olympic") – ТОР қатарында.
Мен youtube-тен көрген материалда Димаш Қытайдағы әншілермен бірге еді. Оның IG және FB жанкүйерлер парақшасында басқа да ағылшын тілде субтитрлерімен берілген сұқбат-бейнероликтерін көп қарадым. Димашты ақылды, парасатты деп санаймын. Өз отбасын, халқын, елін шынайы сүйетіні жанарынан, ісінен байқалып тұрады. Мен оның ұлтшылдық сезіміне, ана тіліне деген сүйіспеншілігіне және әлеммен өзара байланыс үшін басқа тілді үйренуге деген ашықтығына таңданамын, ризашылық танытамын. Құдайбергенов тұлғасы ерекше қызығушылық тудырып, Қазақстан және оның тарихы жайлы интернеттен серфил және деректі фильмдер көрдім. Жылқылар туралысын айтсаңшы, "WOW!" дегім келеді!
Димаш адамдарға, өз жанкүйерлеріне жұмсақтықтың қайырымдылық пен қарапайымдылықтың үлгісін көрсетеді. Оған тәкаппарлық, астамсу, терісіне сыймай масаттану дегендер жат, мәңгілікке қас, мәңгіге... Бастысы осыншалық танымалдылығына қарамастан өзін-өзі ұстауындағы қарапайымдылығынан айнымауы маған, бізге ұнайды. Мұның аты – адамгершілік! Ол бүкіл әлем үшін әлі көптеп ән жазады деп үміттенемін.
Әзірге жоқ. Мен Димаштың бірде-бір концертінің көрермені болып үлгермедім. Тек интернет арқылы тамашалаймыз, сүйсінеміз, тілеулестік білдіреміз. Иә, мен онымен кездескім келеді.
18 жастағы филиппиндік Алексис те Димаштың өнерін жанындай сүйеді
"Мен Димашты YouTube хостингінен "Опера 2" шығармасын орындауы арқылы таныдым. Осы туындыдан кейін Димаш шығармашылығына әуестігім басталды, оған қатысты барлық материалдармен танысып отырамын" дейді филиппиндік әуесқой әнші-композитор Алексис Лора.
Димаш дауысының құпиясы – оның өнерге жан-тәнімен берілгендігі мен әнге әрі көрерменге адалдығы.
Алексис |
Оның орындауындағы әрбір туынды таңдаулы, асқан биік талғамға мысал бола алады. Барлық әндерін сүйіп тыңдаймын. Менің бөлмемде "Unforgettable day", "Love is like a dream", "Sinful рassion", "Give me your love" және "Любовь уставших лебедей" шығармалары жиі қосулы тұрады. |
Өзім оны қарапайым, жүрегі нәзік өнер адамы ретінде қабылдағанмын. Джентльмен, мейірбан, ісіне шын берілген, сүйкімді әрі арманға бай адам деп сипаттасам орынды болар.
Шынымды айтсам, әлі күнге дейін концертіне тікелей барып көрермен бола алғаным жоқ. Қаражаттың тапшылығынан емес. Бірақ, бетпе-бет кездесіп, танысып, қолтаңбасын алуды кім қаламайды дейсіз?!"
Жаныма бәрі жағады
"Мен Димашты "Мен әншімін – 2017" бағдарламасынан танимын. Бұл бағдарламаны бала кезімнен үзбей көріп келемін. Сол жолғы маусымның бірінші кезеңінде Димашқа аса мән беріп, аңғара қойғам жоқ, қайталап көргенде ғана білдім. Менің әсерленгенім соншалық, оның жанкүйері болуды, үнемі бақылауды әдетке айналдырдым" дейді 18 жастағы Сингапур тұрғыны Мисс Трейси.
"Еңбекқорлық, жанкештілік, талант және өз ісіне деген махаббат.
Оны осы тұсқа дейін алып келген күш оның музыка мен өнерге көзсіз ғашықтығы мен риясыз адалдығы. Димаш болмысындағы шынайылық пен мөлдір эмоциясын алдындағы аудиториясынан байқауға болады. Осы артықшылық мені өзіне жіпсіз байлайды, бәлкім осы қасиет оның көбірек тыңдалуына әсер ететін болар, кім білсін. |
Мисс Трейси |
Жаныма бәрі жағады. Бөліп жаратыны жоқ. Әсіресе, "Love is like a dream", "Любовь уставших лебедей" және "Оgni pietra" шығармалары жаннат бақшаларында сейілдегендей тәтті сезім сыйлайды.
Димаш – музыкасын, әнін, өз отбасы, елін, достары мен жанкүйерлерін сүйетін,оларға мейлінше көңіл бөле білетін өте ақжүрек, мейірімді адам. Сонымен қатар ол – еңбекқор, өз саласына жанымен берілген үлгі тұтарлық тұлға. Ол өмірге рақаттана қарайды, көп жақсылықты көре біледі және көпке қуаныш сыйлай алатын жаны жомарт.
Мен Димаштың Лондондағы концертінің көрермені бола алғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Ал, енді тағы да қайта кездессем деген арманымның барын жасырғым келмейді".
Құдайдан берілген сый дегеннен басқа айтарым жоқ
"1,5 жылдай бұрын менің YouTube аккаунтымның ұсынылым қатарында "Әлемнің үздік дауысы" лозунгімен айшықталып тұрған Витастың "Оpera 2" әнін тыңдау арқылы алғаш Димашпен таныстым. Қытайлық "Мен әншімін" байқауының барлық кезеңдерін қарап шыққанмын" дейді 32 жастағы индонезиялық Амадея Диан.
"Құдайдан берілген сый дегеннен басқа айтарым жоқ. Соңғы екі онжылдықтағы практиканың нәтижесі деуге де болады.
Маған бәрі ұнайды. Ішіндегі кейбір шоқтығы биік, сүйікті әндерім ретінде "Дайдидау", "Ұмытылмас күн" және "Көркемім"... Қазақ тілінде болса да бұрыннан білетіндей тым жақын, өте ұғынықты...
Ол – өте сауатты-білімді адам, отбасы мен Отанына деген зор махаббатқа толы адал перзент. Димаш – үлкендерді құрметтейтін ізетшіл, кішіге ілтипатшыл, сыйлы азамат. Жүрегі ізгілікке толы джентельмен.
Өкінішке қарай "Арнау" концертіне бара алмадым. Алдағы уақытта кезекті концертін қалай жариялайды, солай билет алған бойда әлемдік тұлғаның Отанына – Қазақстанға ұшатын боламын".
Материалды әзірлеу соңында қазақтың әлемдік ақыл-ой деңгейіндегі ақыны, һакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ел ішінде кеңінен қолдау тапқан #Abai175 автор жырларын жатқа оқу челлендж-эстафетасында Димаш "Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы" лирикалық өлеңді оқып, тізгінді Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин мен РФ-ның өнер қайраткері Игорь Крутойға, әлемдегі барша #dears-тарына жолдаған болатын. Көп кешікпей, сол күні-ақ орыс Халық әртісі И.Крутой орыс тіліндегі аударма нұсқасын, италиялық әрі испаниялық фандары ақын жырларын қазақ тілінде оқуды бастап кетті.