Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында көне Сарайшық қаласын сақтау және оны туристік нысанға айналдыру мәселесіне тоқталды.

Сенатордың сөзінше, 1996-2006 жылдары белгілі археолог Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен жүргізілген қазбалардан кейін ХІV ғасырда салынған 40 шақты бөлмеден тұратын кешенді сарай ғимараты ашылған. Алайда оны музейге айналдыру жұмысы әлі күнге дейін жүргізілмегенін. Қала үстінде мұсылман зираты және Ескі Сарайшық ауылының жеке меншіктегі жерлері бар үйлер орналасқан.

"Тарихи ескерткіштің негізгі сұлбасын сақтап, халық игілігіне айналдыру кезек күттірмейтін мәселе. Себебі Сарайшық қаласының орнын сақтау мүмкіндігі жылдан жылға азая береді. Ортағасырлық шаһардағы қазба жұмыстарына бүгінге дейін Атырау облысының әкімдігі қаржы бөліп келді. Ендігі жерде республикалық мекеме жұмысына республикалық бюджеттен жоспарлы түрде қаржы бөлу қажет. Сарайшықты сақтап қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және оны туристік аймаққа айналдыру үшін арнайы бағдарлама дайындауды ұсынамыз", – деді Ғұмар Дүйсембаев.